25. Сөйлеу қабілеті бұзылған балалардың психологиялық-педагогикалық мінездемесі. Сөйлеудің бұзылуы және оны арнаулы оқыту мен тәрбиелеу нәтижесінде анықтау, түзету және алдын алу әдістері туралы ғылым логопедия деп аталады.
Сөйлеу қабілеті бұзылған балаларда, әдетте, орталық жүйке жүйесінің функционалдық немесе органикалық ауытқушылықтары байқалады. Мидың органикалық зақымдануының болуы олардың ыстықты, қапырықты көтере алмауынан, транспортта, әткеншекте ұзақ отыра алмауынан байқалады. Олар жиі бас ауруларына, бас айналуына, жүрек көтерілуіне шағымданады. Олардың көбінде түрлі қимылдық кемістіктер: тепе-теңдіктің, қимыл коорди- нациясының бұзылуы, саусақ қимылдарының сәйкессіздігі, т.б. байқалады. Сырқат балалар тез шаршайды. Оларға тез ашуланғыштық, бір орында ұзақ отыра алмау, аяқ-қолын үнемі қимылдатып отыру сияқты симптомдар тән. Көңіл күйлері тез ауысып, агрессияға, мазасыздыққа ұласып отырады. Мидың органикалық зақымдануынан зардап шегетін балалардың денсаулығы, әсіресе кешке қарай, аптаның соңына таман сыр бере бастайды. Шаршау бас ауруының жиілеуімен, ұйқының бұзылуымен, енжарлық немесе, керісінше, іс-қимылдың жоғары белсенділігімен айқындалады. Мұндай балаларға бүкіл сабақ бойы зейін белсенділігін сақтау қиынға соғады да, олардың жұмыс жасау қабілеті төмендейді.
Бұл диагноздағы балалардың есте сақтау қабілеті төмен болады, нәтижеде танымдық қызметі бұзылады. Бұл белгілердің бәрі сөйлеу қабілеті бұзылған балалардың орталық жүйке жүйесінің ерекше жағдайынан ақпарат береді.
26. Сөйлеудің дамуы және оны тәрбиелеу жолдары. Жаңа туған балада дыбысқа ұқсас реакциялар (жылау, іңгәлау) байқалғанымен, оларда әлі де дыбыстық сипат болмайды. Балада түрлі дыбыстар 2-3 айдан кейін байқалады. Мұны оның уілдеуінен жақсы көруге болады. Оларда әуелі былдырлар пайда болады. Бұлар баланың естіген сөздерге, дыбыстарға қайтарған реакциясы. Мысалы, «мә», «ға», «ге» секілді жеке буындарды 5-6 айда «ма-ма», «п-па» деген екі буыннан келетін жеке сөздерді айтатын күйге жетеді. 8 айлық бала сөздің интонациясын, дауыс ырғағын ажырата алады. Бірақ сөздердің айырмашылығын, олардың мән- мағынасын әлі толық ұға алмайды. Оның алғашқы сөздері «ата», «әке», «әже», «аға» болады. Бірақ олар үш-төрт буыннан тұратын сөздерді айтуға шамасы келмейді. Бала алдымен дауысты дыбыстарды, кейінірек оның қатаң, ұяң түрлерін меңгереді. Балаға ызың дауыссыздар мен ысылдап шығатын дауыссыздарды (ж, ш) ұғыну қиынырақ болады, сондықтан кейбір бала «р, л» дыбыстарын 4-5 жасқа дейін дұрыс айта алмайды. Отбасында ата-ана тарапынан жеткілікті тәрбие алған жас жарымдағы балада 10-15 сөз, екіге келгенде 300, үш жаста мың жарымдай сөзді игереді. Кейде жеткізе алмай жатқан сөздерін ым-ишарамен жеткізеді. Балада сөз нақтылы заттың сигналы ретінде көрініп, ылғи да белгілі нәрсеге деген әрекеті мен нақтылы қажетін өтеуге байланысты туып отырады. Баланың бұл кездегі сөзінде зат есімдер көп болады, олар оның айналадағы заттармен, адамдармен қарым- қатынастарында елеулі рөл атқарады. Кейін уақыт келе сөздік қоры етістік, есімдік, тағы басқа сөз таптарымен толығады.
Мектепке дейінгі кезеңде бала тілінің қалыптасуына ересектердің дұрыс және мағыналы сөйлеуі үлкен әсер етеді. Өйткені балалар оларға үнемі еліктеп, өз бетімен сөз шығаруға талпына бастайды. Ол басқа балалардың, тіпті үлкендердің сөздерінде байқалған қателіктерді көргіш келеді, яғни балалардың «тіл сезімі» күшті болады.
Жанұяда баланың сөйлеу әрекетінің дұрыс қалыптасуына жеткілікті көңіл бөлінсе, ол мектепке келгенде қиналмай жақсы үлгеріп кетеді. Осындай балалардың ана тіліндегі сөздік қоры 4500-ге дейін жетіп отырады. Біз балалардың дұрыс, анык, дәл сөйлей алуына ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Мектепке дейінгі балаларды сөйлеуге тәрбиелеу - ата-аналар мен тәрбиешілердің ерекше көңіл бөлетін мәселесі. Мектепке дейінгі баланың сөйлеуі, негізінен, тек қарым-қатынас қызметін атқаратын болса, ал мектепте білім жүйелерін меңгерудің құралы бола бастайды. Мектеп бала тілінің жүйелі түрде дамуына өте қолайлы жағдай туғызады. Сауат ашу, оқып, жаза алуға үйрену, мектепке дейінгі стихиялы түрде жүргізілсе, енді бала ана тілін арнаулы пән ретінде (фонетикалық, лексикалық, грамматикалық тұрғыдан) оқып-үйренеді. Бұл оның тілінің дамуына бұрын-соңды болып көрмеген үлкен өзгерістер енгізеді. Ана тілін жақсы меңгеру арқылы балада тек сөйлеу ерекшеліктері ғана емес, бүкіл жеке басының қасиеттері де жетіліп дами түседі.