29. Көру қабілеті бұзылған балаларды оқыту мен тәрбиелеудің педагогикалық жүйесі. Тифлопедагогика - көру қабілеті бұзылған балаларды оқыту мен тәрбиелеу.
Көру қабілеті бұзылған балалардың ата-аналары мамандардың (тифлопедагог, психолог, офтальмолог) консультациялық көмегіне үнемі сүйеніп отыруы тиіс.
Соқыр немесе нашар көретін балалардың ата-аналары баланың жас кезінен бастап оның қоршаған ортаны қабылдауына мүмкіншіліктер жасауы тиіс. Баламен қарым-қатынаста оған ақпаратты ауызша үзбей бере отырып «есту арқылы көруге» қалыптастыру қажет. Анализаторлардың компенсаторлық қайта құрылуы көбіне отбасы тәрбиесіне байланысты. Көре алмауы баланың әлеуметтенуінде де өз ізін қалдырады. Соқыр балаларға арналған мектепке дейінгі мекемелерде 2-3-тен - 7 жасқа дейінгі көрмейтін, нашар көретін және қыли балалар оқытылып тәрбиеленеді.
Бұл мекемелердің мақсаты - балалардың бұзылған көру функциясын емдеу, мүмкін болса қалпына келтіру, оларды мектепте оқуға дайындау. Сондай-ақ көрудің қалған мүмкіндіктерін пайдалану, танымдық, тұлғалық тұрғыдан дамыту, кеңістікте бағыт ұстау мен өзін-өзі күту дағдыларын қалыптастыру бағытында коррекциялық жұмыстар жүргізіледі.
Соқырлар мен нашар көретін балаларды мектепте оқытудың өзіндік принциптері мен міндеттері бар, яғни бұзылған көру функцияларын қайта қалпына келтіру, коррекция және компенсация. Ал тифлопедагогиканың ең басты мақсаты - ол дамуында ауытқушылықтары бар балалардың тұлға ретіндегі жан-жақты толысуы, дамуы. Осыған байланысты оларға арналған мектептердің атқаруға тиіс функциялары бар. Олар - оқыту-тәрбиелеу; коррекциялық-дамытушылық; санитарлық-гигиеналық; емдеу-қалпына келтіру; әлеуметтік бейімделу және кәсіби бағыттандырылу функциялары.
Көрмейтін және нашар көретін балаларға арналған мектептердің ерекшеліктері:
• Балалар дамуының жалпы және жеке ерекшеліктерін ескеру;
• Оқу жоспарлары мен бағдарламаларын жаңартып отыру; мерзімін ұзарту және оқу материалдарын ыңғайлап қайта құру;
• Сыныптар мен тәрбие топтарындағы бала санын азайту, жіктеу; жұмыстың арнайы әдістері мен түрлерін қолдану; көрнекі құралдар мен қызықты кітаптарды және жаңа тифлотехниканы қолдану;
Көру қабілеті бұзылған балаларды орта мектепте оқыту үш кезеңге бөлінеді: бастауыш, негізгі және орта мектеп. Барлық деңгейде де оқыту арнаулы бағдарламалар және оқу жоспарлары арқылы іске асырылады.Бастауыш мектепте оқыту - есту, иіс сезу, сөйлеу және мүмкіндігінше көру қабілеттерін дамытуға бағытталады. Сондай-ақ емдеу дене мәдениеті, ритмика, әлеуметтік-тұрмыстық бағыттағы сабақтар жүреді. Көруі нашар немесе мүлде көрмейтін балалар бастауыш мектепте оқу іс-әрекетінің дағдыларын - оқу, жазу, санауды меңгереді; көрнекі-бейнелік және теориялық ойлауға, жеке гигиена негіздеріне, кеңістікте бағыт ұстауға үйренеді. Толық емес орта немесе негізгі мектепте жалпы білім мен еңбекке дайындықтың негізі салынады. Білім беру мазмұны баланың ғылыми көзқарасын қалыптастыруға, әлеуметтік орнын анықтауына бағытталған. Мектептегі білім берудің III-ші деңгейінде жалпы орта білім беру және дифференциация негізіндегі кәсіби оқыту аяқталады. Орта мектептің соңғы кезеңінде балалардың қызығушылығы, әлеуметтік-психологиялық бейімделуі есепке алына отырып, оның еңбек ете алатын саласы анықталады. Осы мақсатта оқу жоспарына түрлі бағыттағы факультативтік сабақтар енгізілген.