Орта көлемді эпикалық түрге повесть, поэманы жатқызады. (Орта көлемді эпикалық шығармаларға поэма, повесть, дастан жатады.)
Повесть ғасырлар бойы бірде әңгіме деген ұғым берсе, бірде роман деген ұғым берген. В. Шкловский: «Ежелгі орыс шежіресінде, одан келе «Игорь полкі туралы сөзде» повесть деген атау бар, екеуінде де бұл термин «болған оқиға жайлы әңгіме» деген ұғымда қолданылған, ал ХҮІІІ ғ. елуінші жылдарында Тредиаковский бұл сөзге бұрынғыдан гөрі анығырақ жанрлық сипат беріп, французша «роман» - орысша «повесть» деп түсіндірген». В. Сорокин: «Повесть – үлкен әңгіме немесе кішкене роман».Ф.Головченко:«Пушкиннің «Капитан қызы» повесі Лермонтовтың «Біздің заманымыздың геройы» романын үлкен... Повестің жанрлық ерекшелігі көлемінде емес, мазмұн тереңінде жатыр». Гоголь повестің аса құнды қасиеттерін – мазмұны мөлдір шындықтан туатынын, оқиғасы адам мінезін ашуға ғана қызмет ететінін, идеясы жалаңаш емес, тереңде жататынын, көркемдік дәрежесі биік болатынын саралап айтқан.
Персонаждардың ішкі-сыртқы бітім бейнелері бедерлі, ара қатынастары арналы, әжептәуір өріле, өрістетіле, қалыптасу, даму үстінде көрсетіледі. Повесть мазмұнындағы ең өзекті шындық – бас қаһарманның өмірі. Поэма (грекше poiema- туынды) – орта көлемді эпос түрі, өлеңді повесть, өмірде болған, не болуға тиіс күрделі құбылыстар мен келелі оқиғаларды, алуан адам тағдыры мен заман шындығын көлемді, желілі, эпикалық не лирикалық сипаттағы өлеңмен суреттеу. Сюжетті, сюжетсіз поэмалар болады. Поэмаларда жасалатын адам образдары әр алуан: эпикалық, лирикалық, романтикалық, реалистік. Поэма өзінің туу, даму тарихының әр кезеңінде әр сипатта болды.