Жоңғарияның қазақ жеріне шапқыншылығы. Жоңғар билеушілері қазақ даласына үздіксіз
жортуылдар ұйымдастырып, адамдарын тұтқындап, малдарын айдап кетіп отырды. Осы
түста Еділ бойындағы қалмақтар да қарап жатпай, Жайық казактарымен және
башқұрттармен бірге қазақ даласына оқтын-оқтын шабуылдар жасаумен болды.
XVII ғасырдың 80-жылдарынан бастап жоңғарлар Жетісудағы Шу және Талас өзендерінің
маңындағы қазақ жерлерін басып алды. Көп кешікпей-ақ қазақтар қарсы шабуылдар
ұйымдастырып, жоңғарларға күшті соққы берді. Қазақ жасақтары Еділ қалмақтарына
қарсы да сәтті ұрыстар жүргізді.
1708 жылдан бастап жоңғарлардың қазақ жеріне жаңа шабуылдары басталды. Бұл
соғыстарда екі жақ алма-кезек жеңіске жетіп отырды. Қазақ жерін басып алу
жоңғарлардың басты мақсатына айнала бастады.
Жоңғар шапқыншылығының демографиялық жағдай мен көші-қон процестеріне әсері.
Жоңғар шапқыншылығы Орталық Азиядағы халықаралық қатынастардың түп-тамырымен
өзгеруіне әсерін тигізді. Қазақтардың оңтүстікте өзбек хандықтарына, ал батыста Еділ
қалмақтары иелігіне жақындауы көршілес мемлекеттермен қарым-қатынасты біршама
күрделендірді. Жайық бойындағы іргелес казактар, оңтүстіктен қарақалпақтар мен
өзбектер қазақ ауылдарына шабуылдап, жағдайды одан әрі ушықтырды.Қалмақтардың
шапқыншылығы кезінде қатты ойрандалғаны — Жетісу өңірі болды. Әрине, жаудың
шабуылын бірінші болып қабылдаған шығыс өңірінің ахуалы да тым аянышты еді.
Жоңғарлардың күтпеген жерден бірнеше бағытта ұйымдастырған шапқыншылығының
зардабы бейқам жатқан қазақ ауылдары үшін өте ауыр болды. Мал-мүлкін, тігулі үйін
тастап, бас сауғалауға мәжбүрлеген қайғылы жағдай қазақ жерінде моңғол
шапқыншылығынан бері қайталанбаған еді.
Достарыңызбен бөлісу: