жасақтары да әзір болды. Сөйтіп қысқа мерзімнің ішінде көтерілісшілерге қарсы 1000-нан
астам адам шоғырландырылды.
Шиеленістің қан майданда шешілетін уақыты таяп келді. 1837 жылғы 15 қарашада
Тастөбе деген жерде көтерілісшілер мен жазалаушы отрядтар арасында кескілескен қанды
шайқас болып өтті. Көк сүңгіні шебер пайдалана білудің, жарамды жақсы аттарды тандап
мінудің, шайқас өткен жер жағдайымен бес саусақтай жақсы таныс болуының
нәтижесінде көтерілісшілер ұрыстың алғашқы жартысында басымдық танытып, едәуір
жеңіске жетті. Алайда көтерілісшілерді жазалаушылар зеңбірекпен толассыз атқылай
бастады. Көтерілісшілер бұған шыдай алмай, кейін шегінуге мәжбүр болды. Олардың
соңынан бірнеше шақырымға дейін қуғын жасалды. Ондаған адам қаза тапты. Қуғын
кезінде көтерілісшілердің біраз малы жау қолында қалды.
Жазалаушы отрядтың әскери-техникалық тұрғыдан басымдығы бірден байқалды. 1838
жылғы 2 шілде күні Қиыл және Ақбұлақ өзендерінің бойында көтерілісшілер мен
жазалаушылар арасында шешуші шайқас өтті. Оның барысында көтерілістің басшысы
Исатай Тайманұлы қаза тапты. Көтерілісшілердің қалған тобы кейін шегініп, дала
қойнауына сіңіп кетті. Жазалаушы әскер олардың соңынан қуғын ұйымдастырды.
Шайқаста көтерілісшілерден 80-ге жуық адам қаза тапты.
Исатай Тайманұлының қазасынан кейін көтеріліс бәсең тарта бастады. Жекелеген
жасақтар Төменгі Жайық шекара шебіне таяу жерлерде, Ойыл өзенінің бойында ғана іс-
қимыл көрсетіп жүрді.
Махамбет Өтемісұлы біраз уақыт бой тасалап, жасырынып жүруге мәжбүр болды.
Кейінірек қазақтарды Жәңгір ханға және патша үкіметіне қарсы көтерілуге үгіттеді. 1845
жылы билеуші-сүлтан Баймағамбет Айшуақұлының адамдарымен қақтығыс кезінде
қапылыста қазаға ұшырады. Көтеріліс басып-жаншылғаннан кейін оған қатысқандарды
қуғындау басталды. Көптеген адамдарға өлімші етіп дүре соғылды. Көтерілісшілердің
бірқатары каторгаға айдалды, мал-мүлкі тәркіленді. Көтеріліске неғұрлым белсене
қатысқандар Шығыс Сібірге біржолата жер аударылды.
Көтерілістің жеңіліске ұшырауының негізгі себептері мынада еді: ең алдымен, қозғалыс
алдын ала мұқият ұйымдастырылмады, оның айқын бағдарламасы болмады, көтеріліс
жергілікті шашыраңқы сипат алды. Көтерілістің басшылары Кенесары Қасымұлы мен
Жоламан Тіленшіұлы бастаған жасақтарымен байланыс жасай алмады. Патша үкіметінің
әскерлері мылтық, зеңбіректермен жарақтандырылған еді. Кейде зеңбіректен үсті-үстіне
бірнеше оқ атудың өзі көтерілісшілерді кейін шегінуге мәжбүр етті. Қазақтардың қолында
ондай қару болған жоқ. Көтерілістің жеңіліп қалуының басты себептерінің бірі бұл жолы
да, Сырым Датұлының жасақтары сияқты, екі бағытта — әрі патша үкіметіне, әрі хан
билігіне қарсы күрес жүргізілді. Мұның өзі көтеріліске қатысушылардың жағдайын әлде-
қайда қиындата түсті. Оның үстіне, көтерілісшілерді казак жасақтары мен тұрақты орыс
армиясы бөлімшелері жан-жағынан түгелдей дерлік қоршауда ұстады. Кіші жүздің
далалық бөлігіндегі қазақтардан көмек күту де мүмкін болмады. Өйткені Жайықтың сырт
жағындағы қандастармен байланыс жасауға шекара шебіндегі орыс әскерлері жол берген
жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: