жабылды. Мұндай көріністер интернационализм мен ұлттар достығының белгісі деп
бағаланды. 1946 жылы республикада Ғылым академиясы құрылып, оның президенттігіне
көрнекті ғалым, академик Қ. И. Сәтбаев сайланды. Осы жылдарда Ақтөбе, Гурьев,
Қарағанды, Қостанай, Петропавл, Шымкент екi жылдық мұғалімдер институттары жоғары
бiлiм беретiн педагогикалық институттар болып қайта құрылды.Жалпыға бірдей
жетіжылдық білім беру туралы Заң одан әрі жүзеге асырылды. 1952 жылдың аяғында
Қазақстанда жалпыға білім беретін 9 мыңдай мектеп, 125 техникум мен арнаулы оқу орны
жұмыс істеді, бұларда 1,5 млн. адам оқыды. Алайда, мектептердiң материалдық жағдайы
онша болған жоқ. Олардың көпшiлігiнiң ғимараты болмады. Сондықтан оларға ғимарат
салу, мектептердің ескірген, тозған үйлерін жөндеуге халықтың, село мен қала
еңбекшілерінің тарапынан үлкен көмек көрсетілді. Сонымен бірге олар клуб,
кітапханаларға да жәрдемдесті. Кітап қорларын толықтыру үшін кітап, радиоқабылдағыш,
т.б. мәдени құралдарды жинап берді. Бұл кезде Орталықта «Ленинградтық іс»,
«Дәрігерлердің ісі» қолдан жасалып жатқан кезде Қазақстанда «Бекмахановтың ісі»
ұйымдастырылды. Ол іс бойынша Е. Бекмахановтың 1947 жылы шыққан «XIX ғасырдың
20-40 жж. Қазақстан» деген монографиясында буржуазияшыл-ұлтшыл концепциялар
дамытылған және оның саяси-идеалық зияны бар деп табылды. 1950 ж. «Правда» газеті
«Қазақстан тарихының мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан жазу үшін» деген
мақаласында оның кітабын айыптады. Осыдан кейін тарих ғылымдарының докторы Е.
Бекмаханов Ғылым академисынан шығарылды, ал 1952 ж. 4 желтоқсанда Қазақ ССР
Жоғары сотының алқасы оны 25 жылға соттады. Тек Сталин өлгеннен кейін ғана
Е.Бекмахановты айыптау жөніндегі іс қайта қаралып, қылмыс құрамы жоқ болғандықтан
жабылып, 1954 жылы түрмеден босап шықты.
1940 жылдардың аяғы-1950 жылдардың басында «Бекмахановтың ісі» жалғыз болмады.
Республиканың көрнекті қоғамтану ғалымдары А. Жұбанов, Х. Жұмалиев, Б. Сүлейменов,
Е. Смаилов және т. б. нақақтан тағылған саяси айыптармен жазаланды. Ә. Әбішев, Қ.
Аманжолов, Қ. Бекқожин, С. Бегалин және басқа белгілі ғалымдар мен жазушылар саяси
және буржуазиялық ұлтшылдық қателіктер жіберді деп дәлелсіз айыпталды. Сөйтіп,
соғыстан кейінгі жылдарда Қазақстанда пісіп-жетіліп келе жатқан қоғамдағы жаңа
өзгерістер әміршіл-әкімшіл жұйенің қудалауымен тұншықтырылып тасталды.
Достарыңызбен бөлісу: