43 Қасым хан тұсында хандық аумағының ұлғаюы. Шайбанидтердің Қазақ хандығына қарсы жорығы.
Бұрындық хан Самарқанға кетуге мәжбүр болып, жат елде қаза болған соң, Қасым хан билікті өз қолына алды. 1511 жылы Қасым хан билікке қол жеткізгеннен кейін, Қазақ хандығы Қасым хандығы деп атала бастады. Қасым хан тұсында Қазақ хандығы саяси ықпалын күшейтіп, ірі және қуатты хандыққа айналды. Қасым хандығының аумағы батыста Сырдарияның оңтүстік жағалауларына дейін, оңтүстік-батысында Түркістан қалаларына дейін, оңтүстік-шығысында Жетісудың солтүстік бөлігінің таулары мен таулы бөктерлеріне дейін созылып жатты. Кейбір мәліметтер бойынша, Қасым хан тұсында Қазақ хандығының шекарасы солтүстік-шығыста Ұлытау қыраттары мен Балқаш өзенінің жағалауына дейін, ал солтүстік-батыста Жайық өзеніне дейін жететін. Қасым тұсында Қазақ хандығы халқының саны бір миллионнан асты.1505-1509 жылдар аралығында Мұхаммед Шайбани Қазақ хандығына қарсы үш рет жорық ұйымдастырды. Бұл үш жорық Шайбани хан үшін біршама табысты аяқталды. Сыр өңіріндегі қазақ сұлтандарының ұлыстары талқандалып мыңдаған мал мен жан олжаға түсіріледі. Талқандалған ұлыстардың бәрі Жәнібек хан ұлдарының ұлыстары болатын. 1509 жылдың қысында болған үшінші жорық кезінде Бұрындық хан жау шабуылын біле тұра, Жәнібек хан ұлдарына ешқандай көмек бермейді. Керісінше, өз басын аман сақтап, ұлысымен шегініп кетеді. Ханның бұл әрекеті бүкіл қазақ қоғамында оның беделін қатты төмендетеді. Осы кезден бастап барлық күштер Қасым ханның төңірегінде топтаса бастайды.
1510 жылғы төртінші жорықты Шайбани Қасымның ұлысына бағыттайды. Қасым өзі әскербасы болған, өзінің қуатты жауынгерлерімен жауды еш қиындықсыз тойтарып, Сыр бойынан қуып шығады.
Қасым хан бұл шайқасқа алдын ала әзірленеді. Ол алдымен өз Ордасын ішкері қарай, Ұлытау маңына қондырады. Ол Ордада аз ғана әскерді қалдырып, негізгі күшін кейін шегіндіреді. Оңай жеңіске масаттанған жау қаннен-қаперсіз бірнеше күн бойы Ордада тойлайды. Осы тұста Қасым хан батырларын қарсы шабуылға шығарады. Қазақ әскерінен мұндай қарсы әрекетті күтпеген жау әскері ешқандай қарсылық көрсете алмай, бас сауғалап қашуға мәжбүр болады. Қазақтар жауын Ұлытаудан Сыр өңіріне дейін қуып, Сығанақ түбінде тас-талқан етеді. Осы тұста Қасым ханның соғысу тактикасын айта кету керек. Қасым хан жау әскері қазақ жеріне енгеннен бастап олардың әрбір қимылын хабаршылар арқылы біліп отырды. Бұл оның әскери барлау мен хабар жеткізу ісін жақсы ұйымдастыра білгенін көрсетеді. Сондай-ақ, аз әскермен қарасы мол жауды жеңу үшін дұрыс тактиканы қолдануы. Уақытша шегіну арқылы ол өз ұлысын жау қолына берсе де, оларды сырттай бақылап, жау әскерінің бейқамдығын туғызады. Барлаушы мәліметі жау әскерінің бейқам болғандығы сондай, күзет қоюды қаперіне алмағанын баяндайды. Қасым хан қарсылас арасында үрей туғызу әдісін қолдану арқылы жау әскерінің соғысқа дайындалуына мүмкіндік бергізбейді және де қазақтар орасан көп әскермен таяп қалды деген жалған ақпарат тарату арқылы мауереннахрлықтар арасында бей-берекетсіздік туғызады. Қасым хан өзінің негізгі күшін тосқауылға қойып, қашқан жаудың қақ маңдайынан соққы береді. Мұндай соққыны күтпеген жау әскерінің қарсылық көрсетуге шамасы жетпей, аман қалғандарының қашуға ғана дәрмені жетеді. Бүкіл соғыс барысындағы шешуші ұрыс Мұхаммед Шайбани хан басқарған топпен өтеді. Алғашқы ұрыстардан соң әбден үрейленіп, берекесі қашқан жау әскерінің қалдықтары Шайбани ханға келіп қосылады. Бірақ жалпы үрей басылмай жатып-ақ Қасым ханның өзі басшылық еткен қазақ әскерлері Сыр бойында келесі соққыны береді. Нәтижесінде Абдаллах Балхидың жазғанындай, Мұхаммед Шайбани хан ірі жеңіліске ұшырайды. Осылайша, қазақ жерін жаулауға келген қарсылас жақтың әскеріне Қасым хан қолданған шебер әскери стратегия мен тактиканың, керемет қолбасшылық өнердің арқасында тойтарыс беріп қана қоймай, оларды тас-талқан етіп жеңеді.
Достарыңызбен бөлісу: |