Ресейдің отаршылдық саясаты (XVІІІ ғ.ортасы- XIX ғасыр). XVIII ғасырдың 50-60 жылдары патшалық Ресей үкіметі Қазақстанды тәуелді ете түсу үшін әртүрлі шараларды іске асыруға тырысты. Ертіс, Есіл және Жайық бойындағы ғасырлар бойы көшпенді малшаруашылығының өрісі болған өңірлерге казактардың көз алартуы орыс-қазақ байланысын шиеленістіре түсті. Ресейдің билеуші топтарының көздеген мақсаты шұрайлы, суы мол жерлерден қазақтарды ығыстырып, біртіндеп казактарды осы аудандарға орналастыру еді.Петербург билеуші топтарының арнайы нұсқауларында патша үкіметінің отарлау саясаты ашық жарияланды. 1756 жылы қыргүйек айында қабылданған шешімде Жайық жағасына жақын жерде қазақтарға мал жаюға алғаш рет ресми шек қойылды. Ал 1757 жылы желтоқсан айының аяғында Кіші жүз ханы Нұралыға тапсырылған орыс үкіметінің шешімімен қазақтарға Жайық өзенінен мал айдап өтуге тыйым салынды. Ертіс пен Жайық жағасына мал жаю үшін қазақ феодалдарына орыс әкімшілігіне аманат тапсыру міндеттелді.
Қазақ феодалдары ғасырлар бойғы жайылымдарын пайдалану құқығынан айырылды. Осындай ауыр жағдайға жол ашқан тағы бір себеп ресейлік отаршыл әкімшіліктің жекелеген қазақ ақсүйектері арасындағы алауыздықты пайдаланып, керек болған жағдайда ахуалды өршітіп отыруы болды. Кіші жүз ханы Нұралы мен Батыр сұлтан арасындағы алауыздықты пайдаланған Петербург билеушілері Каспий теңізі мен Жайық өңіріндегі шұрайлы жерлерді казактарға оп-оңай тартып әперді. Ең құнарлы жер орыс помещиктері Юсупов пен Безбородконың қолында қалды. Жайық казактары Еділ мен Жайықтың аралығындағы жерде қазақтардың бұрынғыдай көшіп-қонуына мейлінше қарсылық білдірді. Олар қазақтардың малы Жайықтан Еділге қарай өткенде шепті басып, жайпап кетеді дегенді сылтау етті. Патша әкімшілігінің Орынбор өлкесіндегі өкілдері де қазақтардың өз жерін еркінше пайдалануына жасанды шек қойылып отырғанын мойындады.
Алайда 1757-1758 жылдары Орынбор өлкесін басқарған П.И. Рычков пен А.И. Тевкелев Жайық бойында қазақтарға мал жаюға шек қойған үкімет талабын іске асырудың орынсыз екенін түсінді және аманат алу арқылы қазақтарға Жайықтың оң жағасына өтуге рұқсат берді. Далалық және құмды аудандарға ығыстырылған қазақтардың жағдайы ауырлап кетті, жұт пен қыстың суық айлары Кіші жүз қазақтарының шаруашылығы мен күнделікті өміріне бақытсыздық әкелді. Қазақстанның солтүстік-шығыс аудандарындағы қазақтардың жағдайы да ауырлады. Ертістің оң жағасындағы шұрайлы жерді Сібір губерниялық басқармасының қолдауымен өздеріне қаратып алған бекініс коменданттары әртүрлі айламен Орта жүз феодалдарын бір-біріне қарсы қойып, құнарлы, суы мол жерлерге қазақтардың мал жаюына қарсылық білдіріп отырды. Ресей бекіністерінен алғашында 10 шақырым, кейіннен 50 шақырым жерге дейін қазақтарға мал жаюға тыйым салған патша үкіметі жергілікті халықтың иелігін өз қалауынша пайдалануға тырысты.Патша үкіметі орыс казактарының санын көбейту үшін осы өңірге Ресейдің әр түкпірінен қылмыскерлерді, жерсіз шаруаларды, тіпті алыстағы Доннан, Башқұрт жерінен 1760 жылы казактарды әкеліп қоныстандырды. Тек 1799 жылы қараша айында император I Павелдің жарлығына сай Орта жүз қазақтарына, 45 000 отбасыға өз иеліктеріне, яғни Ертістің оң жағасына қайтадан қоныстануға және мал жаюға рұқсат етілді.
Сонымен XVIII ғасырдың орта шеніндегі Қазақстанның саяси-экономикалық дамуында бірқатар жаңа өзгерістер қалыптасты. Патша үкіметінің отарлау саясатына қарамастан қазақ-орыс сауда байланыстары дамыды. Қазақстанның шетелдермен қатынастары өзара тиімді жағдайда өркендеді. Алайда патша үкіметінің қазақтардың өз жерін пайдалануына шек қоюы және бұл жерлерге орыс-казак шаруаларын қоныстандыра бастауы қазақ жерін басып алу шараларының бастамасы болатын.Ресей үкіметі ХVІІІ-ХХ ғасырларда Қазақстанда классикалық үлгідегі отарлау саясатын жүргізді. Патша үкіметінің отарлауда қолданған әдістері – әскери, экономикалық, саяси, демографиялық, мәдени бағыттарда жүргізілді. Осыған сәйкес отарлау саясатының зардаптары барлық салаға әсерін тигізді.