Кіші жүз қазақтарының қозғалысы үш кезеңге бөлінеді: 1) Пугачев үндеулері Кіші жүзде жиі тарап, қазақтардың көтеріліске стихиялық бағытта тартылуы (1773 ж. қыркүйек – 1774ж. наурыз). 2) Көтерілістің кең таралуы (1774 ж. наурыз – 1774 ж. күз). 3) Қозғалыстың басылуы (1775 ж. қыркүйек – 1776 ж. ақпан).Орта жүз қазақтары қозғалысы үш кезеңге бөлінді: 1) Пугачев шабармандарының Орта жүзді аралап, көтеріліске шақыруы (1773 ж. қыркүйек – 1774 ж. сəуір). 2) Орта жүз жасақтарының жоғарғы Жайық жəне Ой бекіністері төңірегінде Пугачев күштерін қолдауы (1774 ж.сəуір- маусым) 3)Орта жүз қазақтарының Ертіс жəне Оңтүстік Сібірдегі əскери шептерге қауіп төндіруі (1774ж. жазы – 1776 ж.).1774-1775 жылдары Сібір шегінде орналасқан патша əскері 3500 болса, 1775 жылы қосымша 626 адам, кейін 409 солдат әкелінді. 1775 жылы Жайық бойындағы шаруалар соғысы əлсіреді. А.В.Суворов бастаған күш Пугачев көтерілісінің басты орталықтарын талқандады.1773-1775 жылдардағы шаруалар соғысына қазақ халқының белсене қатысуы орыс-қазақ байланысындағы маңызды оқиға.
Сонымен, «Көктемір атанған ару кім?» дегенге тоқталсақ, бұл адам 1753 жылы дүние есігін ашқан.Көрнекті қаламгер, марқұм Әнес Сарайдың пайымдауынша, Сапура он жеті жасында тұрмысқа шыққанымен, күйеуін 1771 жылғы ауа көшкен Еділ қалмақтары өлтіріп кетеді. Сөйтіп, жесір Сапура әмеңгерлік жолымен қайнысы Жанбалтаға қосылады.Қазақтың көрнекті жазушысы, марқұм Әнес Сарай «Қазақстан әйелдері» журналының 1997 жылғы ақпан айындағы санында жарияланған мақаласында батыр қыздың Ақтөбе облысының Қобда жерінде дүниеге келгенін мәлімдейді. Бұл деректі қадірлі қаламгер Әбіш Кекілбаевтың да мақұлдағаны мәлім.
1775 жылы Е.Пугачев бүлігі жанышталған соң, көтерлісшілерге көмек көрсетті деген желеумен патша жасағы Кіші орда қазақтарын жазалауды қолға алады. Бұл отрядты атақты қолбасшы Суворов өзі басқарады. Осы жылдың күзінде Елек, Қобда сағасында отырған қазақтар жазалаушыларға қарсы шығады. Бұл қозғалыс тарихта «Көктемір көтерілісі» деген атқа ие болады. Осы көтерілістің басында жүрген Сапура Мәтенқызы 1776 жылдың көктемінен бастап өз бетінше әрекетке кірісті. Сөйтіп, аңызға бергісіз алапат оқиғалар басталады. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына жолдаған ресми хатында: «Сапура (Сапар) Мәтенқызы 1775-1776 жылдары Пугачев көтерілісінен кейін Елек –Қобда өзендерінің бойында қарулы қарсылықтарды жалғастырған тарихи тұлға. Архивтік деректерге қарағанда, ол Пугачев көтерілісінен кейін халықты қайтадан патшаға қарсы күреске шақырып, орыс шебіне бірнеше жорықтар жасалуына ұйтқы болған. Ел ішіндегі әңгімелер мен сол замандағы куәгерлердің көрсетуінше Сапура Мәтенқызы белгілі бір тылсым қасиеттерге де ие болған. «Көрінбес Көктемір» атанған сырт күштермен байланысқа түсіп, халыққа оның үндеулерін жеткізіп отырған. Оның қасында 1500 адамдық қарулы жасақ та жиналған» деп мәлімдепті.Ал біз өз қолымыздағы дерекке үңілсек, Сапура көтерілісін белгілі батыр-сұлтандар Досалы, Сейдалы т.б. қолдаған. 1775 жылдың күзінде Сейдалы сұлтан, Қалыбай, Қадыр, Садыр, Тотай т.б. батырлар бастаған 400 адамдық жасақ башқұрттарға, одан әрі орыс шебіне дейін бірнеше жорық ұйымдастырған.
Орынбор әкімшілігі Сапура Мәтенқызы туралы нақты мағлұматтар алу үшін қазақ ауылдарына тыңшыларын жіберген. Олардан бөлек ол жөнінде ақпарлар Нұралы ханның хатында, сотник Дерковский рапортында, Мәметей есімді башқұрт биінің мәліметтерінде кездеседі. Ал Кеңестік дәуірде «Көрінбес» қозғалысын тарихшылар А.Ф. Рязанов пен Н.Е.Бекмаханова зерттеп, біраз деректерін жарыққа шығарған. Тарихшы Ермұқан Бекмахановтың қызы Нәйла Бекмаханова өзінің Пугачев көтерілісіне қатысты көлемді зерттеу еңбектерінің бір тарауын «Легенда о Невидимке» деп атаған. Нақ осы еңбек 1983 жылы «Көктемір туралы аңыз» деген атпен қазақшаға аударылса, ақын Ізтай Мәмбетовтің кезінде «Көктемір» деген поэма жазғаны әдебиетсүйер қауымға бұрыннан белгілі.
Сол сияқты, белгілі жазушы Жақау Дәуренбековтің «Көктемір» атты роман-хикаясы батыр қыздың көркем әдебиеттегі бейнесін айқын көрсеткен толымды туындылардың бірі. Қаламгер тарихта «Көктемір», «Көрінбейтін адам» есімімен мәлім болған Сапура Мәтенқызының күрес жолын өзінің көлемді еңбегіне арқау еткен. Бұл туындыда Сапура тарихи тұлғадан көркем образ дәрежесіне көтерілген. Жазушы Сапураның ұлт-азаттық қозғалыстың үлкен бір күшіне айналуын саралап суреттейді. Нұралы ханның тапсырмасымен келген інісі Ералының алдында Сапура хан қаһарынан қорықпайтынын білдіріп, айылын да жимай, сұлтанмен тең дәрежеде сөйлесіп, орып-орып сөйлеп, тайсалмай жауап береді. Алған бетінен таймайтынын, жолынан қайтпайтынын білдіреді. Міне, бұл – Сапураның нағыз бейнесі.