Х.К.Андерсенертегілері, Андерсен Ханс Кристиан (02.04.1805, Оденсе қ. — 1.8.1875, Копенгаген) — дат жазушысы. Әлемге әйгілі балалар және ересектерге арналған ертегілер авторы.“Импровизатор” (1835), “Тек скрипкашы” (1837), “Қос баронесса” (1-3, 1849) романдары, “Мулат” пьесасы, “Ақын базары” (1842) жолжазба очерктер кітабы, “Менің өмірімнің ертегісі” өмірбаяндық кітабы т.б. шығармалары әлем оқырмандарына жақсы таныс. Негізінен, әдеби ертегі, повестерімен даңқы шыққан. “Балаларға айтылған ертегілер” (1-3 кіт., 1835—37), “Жаңа ертегілер” (1845 — 48), “Оқиғалар” (1852 — 53) деген жинақтары жарық көрді. “Қайыспас қалайы солдат” (1838), “Шошқа бағушы” (1841), “Бұлбұл” (1843), “Сүйкімсіз балапан” (1843), “Қаршақыз” (1844), “Көлеңке” (1847), “Ана” (1848) т.б. танымал ертегі кітаптарында жазушы ар тазалығы мен жан жомарттығын, әділет, жақсылық сезімдерін ашып көрсеткен.
Андерсен ертегілері тек балаларға арналмаған. Әлеуметтік-психологиялық астар, ащы сарказм Андерсен ертегілерінің көпшілігіне тән (мысалы, “Корольдың жаңа киімі” ертегісі). Андерсен атында халықаралық әдеби сыйлық бар. Қазақ жазушысы М.Қабанбаев “Пысық болдым, мінеки” повесінде ұлттық мінездің ерекшелігін ашып көрсеткені Халықаралық Х.К. Андерсен атындағы Үлкен Грамотасын алған (1989). Андерсеннің “Ертегілер” (1948, 1951, 1960), “Перизат” (1968), “Сандық самолет” (1970), “Сүйкімсіз балапан” (1981), “Таңдамалы ертегілер” (1984) кітаптары қазақ тілінде жарық көрген.
Ж.Верн («Капитан Гранттың балалры», «Он бес жасар капитан», «Сырлы арал» т.б.) Жюль Верн – француз жазушысы, ғылыми фантастикалықроман жанрының негізін қалаушылардың бірі. Ол ФранцияныңНант қаласында 1828 ж. 8 ақпанда туған. Мамандығы заң қызметкері. Театр директорының хатшысы (1851 – 54), қаржы-қаражат агенті (1856 – 64) қызметтерін атқарған. Әдеби қызметін шағын пьесалар (1849) жазудан бастаған. 1863 ж. «Әуе шарында өткен бес апта» атты тұңғыш романы жарық көрді. Верн 65 роман, повесть, әңгіме және география тарихы туралы зерттеулер жазды. Жазушының «Капитан Гранттың балалары» (1867), «Сырлы арал» (1875), «Он бес жасар капитан» (1878), т.б. шығармаларында суреттелетін табиғат пен теңіз асты әлемінде кездесетін әр түрлі жағдайларды дәл бейнелеуі ғылым жетістіктерімен үндесіп жатыр. 1905 ж. 24 наурызда жазушы Жюль Верн Амьенде дүние салды. Оның шығармалары көптеген әлем халықтары тілдеріне, оның ішінде қазақ тіліне де аударылды, фильмдер түсірілді. Айдың арғы бетіндегі кратер Верн есімімен аталады.