3 І тарау қазақ халқының отбасы және некелесу дәСТҮрі


ІІ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ НЕКЕЛЕСУ ТҮРІ



бет6/9
Дата13.10.2022
өлшемі77,31 Kb.
#42968
1   2   3   4   5   6   7   8   9
ІІ ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ НЕКЕЛЕСУ ТҮРІ


2.1 Бірұлтты және ұлтаралас некелер

Қазақстанның кең байтақ жерін мекендеген қазақ халқының төңкеріске дейінгі некелесу және үйлену тойын өткізу дәстүрі жайында мол деректер бар. Қазақстанның әр өңіріне жолы түскен саяхатшылар, белгілі ғалымдар, қызмет бабымен келген жергілікті қызметкерлер түрлі ру-ұлыстар арасынан сан алуан құнды деректер жинап, баспа жүзін көрсетсе, кейбірі архив қоймаларынан орын алған. Кезінде ешбір зерттеушінің, көзіне түсіп, құлағына шалынбай ұмытылғаны да болған.Дегенмен ел арасында қазірге дейін сақталып келе жатқан дәстүрлер жайында осы деректерге, қариялардың айтқандарына, ауыз әдебиетінің мұраларына сүйеніп белгілі бір тұжырымдар жасауға болады.


Қазақ арасында жастай некелестіру ертеден келе жатқан дәстүр. Кей уақытта қыздарды 13—14 жасында ұзатса, ер балаларды 15—16 жасында балиғатқа толды деп үйлендіре берген. Бұл дәстүр халық арасында ашық көрініс тапқан. Қазақ жырларындағы батыр кейіпкерлер өзінің атын 15 жастан шығарады. Оның үстіне: «Ораздының баласы он бесінде баспын дейді, есі кеткеннің баласы жиырма бесінде жаспын дейді»,— деген халық мәтелі де бар.
Халық түсінігі бойынша неғұрлым жастарды ерте үйлендірсе, олар әрбір жағымсыз қылықтардан аулақ болып, ұрпақтары көп, мықты болады деген сенімде болған.
Неке құрудың негізгі жолы — құда түсіп, қалыңмал төлеп үйлену, жасаумен тұрмысқа шығу. Ал, малы тапшы шаруаларға әсіресе, кедейлерге 27, 17 бас мал төлеп келін түсіру оңайға түспейтін. Сондықтан кедей балаларының ішінде 30—40 жасқа дейін үйлене алмай, жүретіндері жиі кездесетін. Тіпті тақыр кедей балалары әуелі өздері бірнеше жыл жалға жүріп, қалыңға беретін мал жиятын, немесе оңтүстікте қалыңдық үшін қыз әкесіне қызмет ету әдеті де болған. Әке-шешеден жастай айырылып, кедей туысының қолына қараған қыздар мен жесір қалған кедей әйелінің қыздарына кұда түсіп, азын-аулақ малын беріп, күйеу әкесі қалыңдықты 9—10 жасқа толысымен өз қолына алып бағатын да әдет болған. Мұны қазақ «қол бала» етіп алу дейді. Қол бала болып жүрген қыз бала болашақ күйеуімен бірге өскенмен, балиғатқа толғанша ерлі-зайыптылық ғұрыпты құрғызбайтын.
Қыздарын 12—13 жасқа толысымен күйеуге беру әрине, кедей-жарлылардың ісі. Өйткені көп баланы асырап бағу оларға оңайға түспейтін, оның үстіне құдасы ауқаттырақ болса калыңмалын төлесімен қызды жас болса да өз қолына алып, үй шаруасына үйретіп, қолқанат ету жағын қарастыратын. Қалыңмалын алып қойған жарлының қызын бермеске амалы болмайтын. Бұдан тек әлді шаруалар, байлар ғана аулақ болған. Олар қыздарын 17—18-ге келмей ұзатпаған. Осы уақытта бай қыздары әбден бой жетіп, оң-солын айырып, болашақ өмірге дайындалатын. Барлық әдет-ғұрыптарын айтарлықтай етіп өткізіп, ырғап-жырғап ұзатуға байлар бір-бірімен бәсекелес болатын. Әсіресе еркек-шора болып өскен жалғыз қызды, немесе көп ағаның ортасында өскен кенже қызды өте әлпештеп кемеліне келгенше ұзатпай, оң жақта ойнап-күлсін деп, күйеу таңдауға да ерік беретін [64]. Елден асқан сұлу, өнерлі қыздар әрқашан күйеу таңдап, көп уақыт оң жақта (әкесінің үйінде) отыра беретін.
Қазақ әдетінде қыз бен күйеудің жас шамаластығына көбінесе қарамайтын. Өйткені барлыққа мастанған егде тартқан байлар жоқшылықтың зардабынан қысылған жарлылардың жас қызын төсек жаңғырту ниетімен әйел үстіне, немесе әйелі өлгеннен соң малға жығып алатын. Мұндай жағдайда 13—15 жасар қыздарды 50—60 жасар шалдар айттырып алатын әділетсіздіктер жиі кездесіп тұратын. Осындай қыршын қыздар тағдырының тіпті әкесінен үлкен, озбыр қарттарға душар болуының негізгі себебі, қыз әкесінің сирағы шыққан кедейлігі, өгейлігі не жетім қыздың жалғыздығы екендігін көптеген архив деректері де дәлелдейді [32].
Айттыру арқылы қосылған ерлі-зайыптылардың жас ерекшелігі, кейде керісінше болады, яғни әйел ерінен әжептеуір үлкен болады. Мұндай жағдай көбіне әмеңгерлік әдетпен үйлендіру тәртібіне байланысты болатын.
Әрине ерлі-зайыпты адамдардың жас ерекшеліктері тым алшақтығын көпшілік халық қолдай бермейтін. Байлықпен жас қыз айттырып алған шалға да, балалықпен өзінен көп үлкен келіншекке сырттан иемденіп жүрген жасқа да көлденең адам күле қарап, мысқылдайтын. Құр мысқылдан басқа әділетсіз некеден жапа шегіп жүрген жас келіншектерге қалыңмалы толық берілген соң, бақырдың өзінен басқа ешбір ара түсуші болмайды. Сондықтан жалпы халық ұғымы бойынша қыз айттыру кезіндегі куйеу мен қалыңдықтың жасы көбінесе тең, ең болмағанда күйеуі 5—10 жасқа дейін үлкен болуын ұнататын [33].
Құда түсіп қыз алысудағы бүкіл қазақ қауымына ортақ тәртіптің бірі туыстық жақындығы жеті атаға толмай, қыз алыспау. Мұндай тәртіпті этнография ғылымында экзогамия дейді. Қазақ халқындағы экзогамиялық тәртіптің мән-жайы туралы көптеген авторлардың еңбегінен деректер келтіруге болады. Мәселен, А. Левшин экзогамиялық тәртіптің қазақ арасында қатал сақталғандығы сондай, кей уақытта туыстық жақындығы тым әріге кететіндер арасында ғана некелесуге болатындығын айта келіп, тіпті бір рудың адамдары бір-бірімен қосылмайтындығына мысал ретінде жағалбайлы руына жататын жігіттің қалыңдықты өз ішінен емес, басқа рулардан, ең болмағанда жеті рудың басқа руларынан іздейтіндігін келтірген [34].
Ы. Алтынсариннің айтуынша Қазақстанның солтүстік-батысын мекендейтін қазақ жұртшылығының арасында XIX ғасырдың екінші жартысында 8 атаға толғанша қыз алыспаған. М. Е. Маковецкийдің айтуынша, Қазақстанның солтүстік-шығысында бұрын 7 атаға дейін қыз алыспайтын болса, өткен ғасырдың 80-жылдарында үш атаға толысымен қыз алысқан. Ел арасынан жинаған деректерге қарағанда, П. Маковецкийдің үш ата арасындағы қыз алысу тәртібі жалпы қазақтар арасындағы қалыптасқан әдет емес, тек төрелер мен қожалар арасындағы қатынас екендігін дәлелдейді.
Сырдария облысын мекендейтін қазақтар арасында 7 атаға толғанша қыз алыспау тәртібі негізінен XIX ғ. соңына дейін сақталғанымен, 3—4 атадан да қыз алыса беру әдетінің орын алғандығын көптеген авторлар өз еңбектерінде көрсеткен болатын []. XX ғ. басында өзіне дейінгі әдеби мұраны зерттей келіп, қазақ арасында 7 атаға толмай қыз алыспау тәртібінің мықты сақталуымен бірге, 3—4 атадан қыз алысатындардың кездесетіндігін Н. Малышев та атап көрсеткен. Ал XIXғ. соңында Жетісу өңірінен көптеген құнды этнографиялық деректер жинаған Н. Изразцов Жетісу қазақтарында 8—9 атаға толғанның өзінде қыз алысу өте сирек кездесетінін, кездесе қалса, төрелер арасында ғана — немере туыстардың қосыла беретінін айтқан [35].
Сөйтіп жоғарыда келтірілген деректердің негізінен, дұрыстығын ел арасынан жинақтаған деректер де растай түседі. Ол деректер бойынша жалпы қазақтың жеті атаға толмай қыз алыспағаны дұрыс әдет. Дегенмен, кейбір себептерге байланысты 4—5 атаданақ қыз алысу тәртібі сирек болса да қазақ арасында орын алған. Экзогамияның күшті сақталған жері әсіресе Жетісу өлкесі, Жетісудағы Жалайыр тайпасына кіретін 12 ата ұрпағының әрқайсысы және Албан тайпасына кіретін Сары тұқымы 12—13 атаға толғанмен, қазірге дейін өзді-өзінен қыз алыспайды. Бұл деректер жоғарыдағы Изразцов деректерімен толық үйлеседі.
Жеті атаға толмай қыз алыспау себебін халық өзінше топшылайды. Біріншіден, қандастық жақындық некелескен уақытта ұрпақтың болмауына, яки аз болуына, тіпті оның азып тәуір қасиеттерден жұрдай болуына да әсерін тигізетіндігін ескертсе, екіншіден, қандас туыстар арасында жыныстық қатынастарға байланысты әдепсіздіктердің көбейетіндігінен сескенетін; үшіншіден, жеті-атадан бергі ұрпақтардың өзара туыстық қатынастары созыла берсе, жеті атадан асқан аталастармен қыз алысу арқылы жақындасып, құдандалық қарым-қатынас бірлікті ұлғайта береді деп қарайды. Шынында да халық түсінігінде жаңсақтық жоқ. Өйткені алғашқы адамдардың табындық топтарында ретсіз жыныстық қатынастардың нәтижесінде болатын қанараласуының биологиялық зияндылығын жүз мыңдаған жылдар ішіндегі тәжірибе негізінде, әсіресе бір тотемдік адамдар табының екінші төтемдік адамдар табынымен кездейсоқ болған жыныстық қатынастарының нәтижесінде туған ұрпақтың биологиялық артықшылығын байқағандықтан өз тобының, кейініректе руының ішінде жыныстық қатынасқа тыйым салынып рулық экзогамия тәртібі сонау көне замандарда-ақ қалыптасқан. Бұдан былай алғашқы адамдар арасындағы жыныстық қатынас топты неке негізінде жүрді. Экзогамиялық тәртіпті сақтау ісіне де өте қатаң қаралғаны сондай оны бұзушыларды әрдайым өлім жазасына бұйыратын [36].
Неке мәселесі жөнінде шариғат қағидасы бойынша қандастық жақындығы болмаса да баласының енесіне әкесі үйленуге болмайды. Өгей шешеге, сондай-ақ өгей шешесінің артынан еріп келген қызға, яғни тумаған қарындасына үйленуге қақысы жоқ. Бірге туған апалы-сіңлілі қыздар, бірге туған ағалы-інілі адамдарға тұрмысқа шығуға болмайтындығын бірнеше авторлар келтірген. Ал, ел арасынан жинаған деректерге қарағанда соңғы айтылған тиымға халық арасында тым қатаң қарамаған сияқты. Өйткені, апалы-сіңлілі, абысынды-ажынды болып тұрмысқа шықса, күйеулерінің арасындағы туыстық байланысты үзбей, қайта біріктіре түсуге көмектеседі. Апалы-сіңлілерді ағалы-інілілердің алғандығына мысалды қазақ ауыз әдебиетінен келтіруге болады. Айталық «Ер Төстік» ертегісіндегі Ерназар байдың 9 ұлына екінші бір байдың 9 қызын айттырып алып берген.
Туған балдызына әйелінің тірі кезінде үйленуге болмағанымен, әйелі өлсе үйленуге болады. Ал, туған қайынбикесіне еш уақытта үйленуге болмайды. Күйеу өліп жесір қалған әйел қайын атасына не туған қайнысының балаларына тұрмысқа шығуға болмайды. Ал, қайын атасының інісіне, қайнағаларына, олардың балаларына шығуға қақы бар [37].




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет