А. Қ. Құсайынов атындағы еуразия гуманитарлық институты қазақ және орыс филологиясы кафедрасы


М.Қалтайұлының мысал өлеңдерін талдаңыз



бет3/36
Дата08.06.2023
өлшемі115,63 Kb.
#99703
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   36
М.Қалтайұлының мысал өлеңдерін талдаңыз



Мақыш Қалтайұлы 1910 жылы Қазан қаласында басылған «Біраз ғибрат сөз...» мысал өлеңдері топтасытырылған кітабының өлеңмен жазылған беташарында мысал жазудағы басты мұраты, негізгі бағытын былай аңдатып өтеді: Риуайатын рауиннің баяндаймын, Білмегеннен ерініп аянбаймын. Қанша ғажиз болсам да әр ісімде, Бір Алладан басқаға таянбаймын, «Риуайатын» (аңыз, әңгіме Ә. Ә.) рауиннің (әңгімешінің) баяндаймын» деп өзі аңғартып отырғандай, ақын мысал жанрының ортақ сюжет, тақырыпқа жазыла беретін қалыптасқан дәстүрін сақтай отырып, жазған мысалдарына жаңа идеялық сипат беріп, өзіндік ақындық қуатымен дамытады. Соның бірі «Аз үміт көп зарар берер» деп аталатын мысалы. Мысал сюжеті әлем әдебиетіне кең тараған: шығыс жәуһарларының ішінде «Кәлила мен Димнада» бар, ежелгі грек мысалшысы Эзопта осы оқиғаға мысал арнаған. Эзоп мысалын Әлихан Бөкейханов қазақ тіліне тәржімалапты. Бұлардың барлығында оқиға желісі негізінен қара сөзбен, проза үлгісінде баяндалады. Осы ыңғайда назар аударарлық бір жай бұл оқиға негізінде поэзия үлгісімен қазақ тілінде жазылған мысалдың екі нұсқасы ғана бар. Біріншісібіз сөз қылып отырған Мақыш Қалтайұлынікі болса, екіншісін жазған Сәбит Дөнентаев. Сәбиттің мысалы «Көзі тоймайтын ит» деген атпен 1915 жылы Уфада шыққан «Уақ-түйек» кітабында басылды. Ал, Мақыш мысалы жоғарыда айтып өткеніміздей 1910 жылы тасқа басылған болатын. Демек, қазақ мысалшыларынан бұл оқиғаға бірінші болып қалам тартқан адам – Мақыш Қалтайұлы. Енді мысалдың өзіне келетін болсақ, оған «Кәлила мен Димнаның» «Дәрігер Барзуя» тарауындағы мына бір әңгіме негіз болған: «Алайда дүние қызығынан баз кешкен тақуалардың тіршілігіне төзе алмаспын деп қорықтым, өйткені жасымнан бойыма сіңген дарқан дағдым кесірін тигізер деп ойладым, дүние қуып талаптанудан безсем, онда ана бір кезде пайдалы екеніне көзім жетіп арындай ұмтылған игілі әрекетімді, үйренген әдетімді тастап кетермін деп қауіптендім. Аузына сүйек тістеп өзеннен өтіп бара жатқан ит сияқты болғым келмеді. Өйткені әлгі ит судың ішінен өз көлеңкесін көріп, бөгде ит деп ұғады да, оның сүйегін тартып алмақ болып суға сүңгиді, сонда ит іздеген етіне де жете алмайды, өзінің тістеген сүйегінен де айырылып қалады». Осындағы ит туралы оқиғаның негізгі фабуласын сақтай отырып Мақыш иттің қомағайлық іс-әрекетін өлең жолдарымен былай жеткізеді: Бір ит бір күні аузына тістеп етті, Бір көпірдің үстінен жүріп өтті. Өзінің көлеңкесін суда көріп, Басқа ит деп көлеңкесін хиял етті. Сол иттің аузындағы етті алам деп, Аузымен суды қапты секіріп кеп. Аузына тістеген ет суға түсіп, Аш қалды екі арада кересін жеп. Мысалды жоғарыда атап өткен нұсқалармен салыстырар болсақ, сюжеттік құрылымында ешқандай өзгешелік жоқ. Оқиға желісі бәрінде бірдей өрбиді. Айтпақ ой, көздеген мұрат, тақырып та бір. Ол қанағатшылық. Эзоп «Басня направлена против человека жадного» деп түйіндесе, Әлихан аудармасында оқиға ғана баяндалып, қорытынды пікір айтылмайды. Сәбит Дөнентаев мысалының түйін пікірін: Әрқайда «ашкөздінің» олжасы осы, Байқасаң іс түбіне көзің салып, – деп қысқа да нұсқа қайырса, Мақыш мысалының соңында:
Бұл қиссада пайда көп ғибрат алсаң, Барына қанағат қыл тілге нансаң. Біреудің мал-бақытына көзің салсаң, Сол иттей боларың хақ әуре-сарсаң, – деген ғибрат айтады, қанағатшыл болуға үндейді. Мысал астарында «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар» –деген халық нақылы жатыр. Айта кететін енді бір жағдай: Эзоп мысалында, Әлихан аудармасында және Мақыш тәмсілінде иттің аузына тістегені ет болса, Сәбит мысалында сүйек. С. Талжанов қазақшалаған «Кәлила мен Димнада» оқиға: «... сонда ит іздеген етке де жете алмайды, өзінің тістеген сүйегінен де айырылып қалады», – деп аяқталады. Яғни иттің аузындағы сүйек судағы көлеңкесінде ет болып көрінеді. Ал, араб тіліндегі түпнұсқада иттің судан тістеп өткені «дылғун», бұл сөз «сүйек» (анат. термин ретінде қабырға) мағынасында да «ет» (туралған, жаншылған) мағынасында да қолданыла береді. Негізінен жалпы атау ретінде араб тілінде ет ләхм, сүйек ғазм деп аталады. Сөз болып отырған нұсқаларда иттің аузындағы «заттың» әр түрлі аталу себебі де араб сөздерінің осындай көп мағыналы қолданылысында болса керек. Мәселе бұл сияқты ауыс-түйісте жатқан жоқ, мұның бәрін тәпіштеп айтып отырғандағы мақсатымыз мысал әлем әдебиеті мен фольклорында қалыптасқан заңдылық ретінде қабылданатын ортақ сюжет, тақырып тұрғысынан, типологиялық ұқсастығы жағынан көне де бай дәстүрі бар жанр екенін айтып өту. Мақыштың енді бір мысалдарының түп негізі Эзоп мысалдарында жатыр. Атап айтқанда «Есектің ойнауы», «Фақырлық, байлық» атты мысалдарын Эзоптың қысқа да ықшам ойлы қарасөзбен жазылған «Собака и хозяйн», «Мышь городская и мышь полевая» (орыс тіліндегі нұсқалары Ә. Ә.) деп аталатын мысалдарының негізгі сюжет, идеясын сақтай отырып он бір, он екі буынды қара өлең үлгісімен жеткізеді. Айта кететін бір жайт бұл екі мысал орыс мысалшысы И. А. Крыловтан да, сондай-ақ мысал жанрына қалам тартқан қазақ мысалшыларының ешқайсысынан кездестірмедік. Мақыштың «Есектің ойнауы» мысалында Жаратушы әркімге тиесілі өнер берген, бұл пешенеге жазылған тағдыр. Бойыңдағы өнеріңді шамаңа қарай жарата біл, өз хал-қадіріңше өмір сүр. Оған қанағат қылмасаң түбіңе жетіп, қатерге ұрындырады деген ой айтады. Осыны ескермеген есек ит сияқты қожасына еркелеп, секіріп ойнаймын деп ақыры ауыр жұмысқа жегіліп, зорығып өледі. Мысалда қанағат ұғымы тағдыр, жазмыш сияқты діни-пәлсапалық категориялармен астасып жатыр. Екі мысалшының да мысал соңындағы қорытынды түйін-пікірлерінің астары осыны аңғартады. Эзоп мысалының соңында: «Басня показывает, что от природы не всем дается одинаковый удел», деген мораль айтса, Мақыш мысалы: Бұл қиссада ғибрат бар тыңдағанға, Өлшеулі өнер берген әрбір жанға. Сол өзіне берілген өнерлерін, Өзгерткенмен пайда жоқ аңдағанға. Лайықтап әр махлұққа берген өнер, Сол берген өнерменен пайда көрер. Еліктей алмаған соң солықтайды, Өзінде жоқты қылып не нәрсе өнер, – деп түйіндеп ғибраттайды. Мақыштың жұртқа үлгі-өнеге беру, ақыл айту ниетімен жазған мысалының бірі «Қой, сиыр, ешкі, арыстан» деп басталатын «қиссасы». Онда қой, сиыр, ешкі, арыстан төртеуі аңға шығып, әрқайсысы жеке-жеке тұзақ құрады. Кімнің тұзағына аң ілінсе, тең ғып төртке бөліп жейік деп кеңес құрып уағдаласады. Қой құрған тұзаққа бір киік түсіп, оны арыстанға барып жеткізеді. Арыстан уәде бойынша түскен олжаны төртке бөліп, Соңынан былай депті шер арыстан: Хайуанатта менен жоқ қуатты жан Перуай үлес алуға маған лайық, Қалай лайық болмасын болған соң хан. Менің атым арыстан мағлұм сізге, Күш-қуатта үстеммін бәріңізге. Зорлықпен жәбір қылып екіншіні, Алсам да лайық болар бізге. Осылайша арыстан үшінші үлесті де, айбат шегіп «достарын» қорқытып төртінші бөлікті де өзіне қалдырады. Сөйтіп: Киікті арыстанның өзі алыпты, Үш бейшара мақрұм боп бос қалыпты. Бір киіктен бір асым ет бұйырмай, Не қыларын біле алмай сандалыпты. Мұнда күштінің әлсізге жасаған қиянаты, зорлығы әшкереленеді. Мысалда арыстан тек қара күштің ғана иесі емес, сонымен қатар өз құлқыны үшін достарына берген уәдеден айнып, ант бұзып, серттен тайған опасыз. Мақыш шығармашылығының басты сарыны оқу-өнерге, имандылыққа, адамгершілікке үндеу сияқты заман талабына сай үгіт-насихат болды. Ол ойларының барлығы дінмен астасып жатыр. Көтерген мәселелерінің барлығын діни өлшеммен саралайды: адам бойындағы ізгі қасиеттердің бәрін-имандылық, жаман мінездерді дінсіздік деп санайды. Сондықтан да ақын мысал өлеңдерінде де діни имандылық арқылы адамгершілік табиғатын ашуға талпынады.
Мысал соңында ақын айтар ойын: Бұл қиссаның пайдасын жақсы тыңда, Ынсап берсін бір Алла күшті құлға. Күшті болып, ынсапсыз болғандардың, Алдына ақыл болса қарсы тұрма Ынсапсыз зордан Алла аман қылсын, «Жеңер, жаншар ерген соң нәпсі сұмға», деп тұжырымдайды, адамзат өміріндегі қауіпті дерт нәпсіқұмарлық, ашкөздіктен сақтандырады. Ақылы жоқ тек қара күшіне ғана сенген ынсапсыздардан аулақ жүр дейді. Ақын мұнда адамның адамдық қасиетінің негізгі белгілерінің бірі ынсап категориясына тоқталады. Сөз боп отырған мысал Эзоптың «Лев и дикий осел», И. А. Крыловтың «Лев на ловле» мысалдарымен мазмұндас, идеялас. Эзоп мысалында персонаждар арыстан мен жабайы есек болса, И. А. Крыловта арыстан, ит, түлкі, қасқыр яғни иттен басқасының бәрі түз тағылары. Сондай-ақ мысал сюжетінің желісін қазақ фольклорынан да көреміз. «Арыстан, қасқыр, түлкі» – деп аталатын хайуанаттар туралы ертегінің оқиғасы сәл басқаша өрбігенімен идеясы жоғарыдағы мысалдармен өзектес. Барлығының мақсаты бір арыстанның жағымсыз іс-әрекеті арқылы адамдар бойында кездесетін ұнамсыз мінез-хұлықты ашып көрсету.
Қорыта айтқанда Мақыш мысалдарының сюжеттері Эзоп, И. А. Крылов мысалдарымен, кейбіреулері классикалық Шығыс әдебиеті үлгілерімен, енді біреулері әлемдік фольклормен астасып, тоқайласып жатса да, ақын оны өзінше дамытады. Оның мысалдарының сыры көтерген тақырып, қозғаған мәселелерінен көрінеді. Негізінен адамгершілік тақырыбына, әділетсіздікті, мінез-құлықты түзетуге арналғандықтан, ақын мысалдарында өткір сатирадан гөрі өнеге айту, ғибраттау сияқты дидактикалық ой басым. Мұның барлығы құр риторикалық ақыл айтумен емес, персонаждардың іс-әрекеті, қимылы арқылы көрсете отырып, пікірді тұспалдап жеткізеді, соңында ғибрат айтады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   36




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет