Бақылау сұрақтары
Топырақ температурасының өсiмдiктерге әсерi
Топырақтың жылу қасиеттерi
Топырақтың қатуы, еруi және оларға әсер ететiн факторлар
Топырақтың температуралық режимiн реттеу жолдары
Топырақтың температурасын өлшеу: қабаттар, аспаптар
Топырақтың қататын тереңдiгiн өлшеу
Әдебиеттер
Негізгі:
1. Атақұлов Т.А., Ержанова К.М. Агрометеорология практикумы, Оқу құралы. Алматы, 2007 ж.
2. Атақұлов Т.А., Ержанова К.М. Агрометеорология, Оқулық (электрондық). Алматы, 2007 ж.
3. Чирков В.И. Агрометеорология, Учебник М. 1976
Қосымша:
1. Атақұлов Т.А., Дәндібаев Б.Д. Агрометеорология курсы бойынша оқу әдістемелік құрал. Алматы, 1998.-34 б.
2. Атақұлов Т.А., Герасименко Г.Д. Влияние микроклимата на фенологию яровой пшеницы при различном режиме орошения. Труды КазНИметеорологического института. М., Гидрометеоиздат, 1981.-60 с.
3. Агроклиматические ресурсы. Справочники по областям и республикам. Л., Гидрометеоиздат.
8-9 дәріс Ауа температурасы
Мақсаты: Ауа температурасының ауылшаруашылық дақылдарына тигізетін әсерін дұрыс бағалай бiлу.
Міндеті: Ауа температурасына бақылау жасауды және ауа температурасын анықтайтын аспаптарды шаруашылықта дұрыс қолдануды үйрету.
Түйінді сөздер: Ауа, температура, инверсия, амплитуда, вегетация.
Дәріс жоспары:
1. Ауаның температуралық режимi
2. Температуралық инверсия
3. Ауа температурасының тәулiктiк және жылдық жүргiсi (режимi)
4. Температуралық режимнiң ауылшаруашылығына әсерi
Жылу. Өсiмдiктердiң өсiп-дамуына белгiлi мөлшерде жылу керек. Маңызды физиологиялық процестер фотосинтез, тыныс алу, транспирацияның қарқынды жүруi өсiмдiк пен қоршаған ауаның температурасына байланысты. Температураның белгiлi мөлшерге дейiн жоғарылауы аталған процестердiң жүру пәрмендiлiгiн арттырады, бiрақ одан әрi көбейгенде өсiмдiктiң әдеттегi тiршiлiгi бұзылады: синтез әлсiрейдi, тыныстану күшейедi, берiк емес қоспалар ыдырайды. Ал температура одан әрi жоғарыласа, зат алмасуының орнына келмейтiн бұзылу процестерi күшейiп, нәтижесiнде өсiмдiктiң опат болуына әкелiп соғады. Көпшiлiк дақылдардың өсiп-дамуының оңтайлы температурасы 25-300С. Бұл процестiң тежелуi температура 300С асқанда байқала бастайды да, ол 50-520С жеткенде, өсiмдiк өз тiршiлiгiн тоқтатады.
Ауаның (атмосфераның) төменгi қабатының (жердiң бетiнен 1,5-2, әрi кеткенде 3м) температуралық режимiнiң мәнi өте зор, өйткенi негiзгi ауылшаруашылық дақылдарының өнiп-өсуi және тiрi организмдердiң өмiр сүру үрдiсi ауаның төменгi қабатында өтедi.
Ауаның төменгi қабатының температуралық режимi мына көрсеткiштермен анықталады:
1. Орташа тәулiктiк температура;
2. Орташа декадалық (онкүндiк) температура;
3. Орташа айлық;
4. Орташа жылдық;
5. Ең жоғарғы;
6. Ең төменгi;
7. Амплитуда.
Ауаның температурасының өзгеруiне жер бетi қатты әсерiн тигiзедi. Мысалы: орман, дала, батпақ, шөлейт, топырақ (құм, қара топырақ), өйткенi жер бетiндегi аталынған табиғат заттары жылулықты әр түрлi мөлшерде сiңiредi де, әр түрлi мөлшерде жылу бөлiп шығарады.
Жер бетiндегi өсiмдiк жамылғысы өздерiне тән фитоклимат құрайды. Бұл жерде температураның таралуы күн радиациясына, ылғалдылыққа және желге байланысты болады. Өсiмдiгi сирек жерлерде ең жоғарғы температура күндiз топырақ бетiнде, ал өсiмдiк қалың болып өскен сайын жоғарғы температура өсiмдiктердiң ең жоғарғы қабатында болады.
Достарыңызбен бөлісу: |