206
келіп, қазақ халқын той жарысы емес, білім жарысына шақырады. «...Осындай жұртқа
пайдалы, үлгі аларлық жақсы істі жұрттың құлағына салып, біздің
айтайын деп отырғанымыз
мынау: білім жарысын істеу әр жұрттың қолынан келетін іс. Істейін десе, қазақтың қолынан
да келеді. Еуропадай зор істеуге болмаса, бойымызға шағындап, «сабасына қарай піспегі,
мұртына қарай іскегі» дегендей етіп істеуге болады»-деп, халықты білуге, ғылым мен
әдебиетке бет бұруға үндейді [2, 225 б]. «Оқыту жайынан» атты мақаласында «жастардың оқу-
тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді» деген пікір білдіреді. «Бұл күнде қазақша оқуда
кемшілік көп. Әуелі, оқу - құралы, кітаптар жоқ. Екінші, қазақ мектебіне түзелген
бағдарлама
жоқ, онсыз оқу бір жөннен шықпайды. Үшінші, бала оқыту ғылымынан хабардар мұғалімдер
аз» деп, ұлттық білім беру жүйесіндегі басты мәселелерді атап көрсеткен.
Оқуға қажет құралдардың маңыздылығын айта келіп, оқу кітаптары сайлы болмаса,
оқудың, білімнің де оңды болмайтынын ескертеді. «Шеберге аспап серік, мұғалімге құрал
серік. Аспапсыз шебер ештене істей алмайды, құралсыз мұғалімдер бала оқыта алмайды»
деген ой білдіреді. Аталған мәселенің шешімі ретінде оқу
құралдарын жазу ісін қолға
алатынына және ноғай кітаптарымен оқытпасқа шара жоқ екеніне ерекше тоқталады. «Ноғай
кітаптарымен оқытқан соң, олардың пыроғырамаларын алмасқа шара жоқ» деп, ноғай
кітаптарымен оқытсақ, қазаққа лайықтап жасау керек екенін атап көрсеткен.
Оқу құралдары мен бағдарламаларын жөнге келтіргеннен кейін, оларды меңгерте
алатын мұғалімдерге үлкен талап қойған. «Мұғалім нашар болса, сайлы мектепте отырып
сабақ бере алмайды. Тәртіппен жасалған оқу құралдарымен оқытуға тәртіппен оқыта білетін
мұғалім керек... Жақсы
мұғалім мектепке жан кіргізеді, басқа кемшілігі болса, мұғалімнің
жақсылығы жабады, біліндірмейді» дей келе, жақсы және жаман мұғалімнің ара жігін
ажыратып бергендей ой білдіреді. Сонымен қатар «оқыта білмейтін мұғалімдер оқу
жұмысының салмағын балаларға ғана артып, өзі «Әй, оқыңдар!» деп, тыныш отырады. Ондай
оқу мұғалімге тыныш екені рас, оқудағы мақсатты нәрсе
мұғалімнің тыныштығы емес,
балалардың білім үйренуі ғой» деп, білім берудегі басты мақсат – балаларға сапалы білім беру
идеясын нақтылай түседі. Аталған мақаласында педагог-ғалым ұлттық білім беру жүйесіндегі
мәселелердің шешімін келтіріп, оқыту амалдары мен тәсілдеріне де толық тоқталады. Оқытуда
дыбыстарды жаттықтырғаннан кейін, қаріптерді меңгерту ең қолайлы тәсіл деп көрсеткен [2,
229 б].
А.Байтұрсынұлы – қазақ тілін оқыту әдістемесі мен қазақ тілінде дыбыс негізінде оқыту
әдісінің негізгі іргетасын қалаушы. Ғалым бұл салада 1910 жылдардан бастап 1927-
1928 жылдарға дейін бірнеше материалдар жариялаған. Жазу таңбаларын (әріптерді)
түсіндіретін «Баяншы» атты кітапшасы 1912 жылдан бастап жарық көрген. Бұл методикалық
құрал тұңғыш әліппемен («Оқу құралымен») қатар жазылғанын автордың өзі білдіреді. Мұны
дәлелдейтін және бір факт – осы «Баяншының» 1920 жылы Қазанда шыққан басылымында
автор бұл құралды 14 жыл бойы бала оқытқан тәжірибесінен шығарып жазғандығын айтады,
ал оның бала оқытқан кезі – 1895-1909 жылдар болатын. Демек, «Баяншыны» ол 1910-
1912 жылдары ұсынған. Бұл көлемі жағынан өте шағын (небары 15 беттік кітапша), бірақ
нағыз методикалық құрал [3].
А.Байтұрсынов оқыту әдістемесін сөз еткен «Қай әдіс жақсы?» мақаласында: «Әдіс-
керекшіліктен шығатын нәрсе. Әдістің жақсы-жаман болмағы жұмсалатын орнының керек
қылуына қарай. Мәселен, сауаттану әдісін алсақ, бір жұрттың сауаттау ісіне қолайлы болған
әдіс екінші жұрттың да сауаттау ісіне қолайлы, оларға тиіс деп айтуға болмайды, екеуінің
тілінің заңы, емлесінің жүйесі бірдей болса, біріне қолайлы болған әдіс екіншісіне де қолайлы
болуы мүмкін. Егер де тілінің заңы, емлесі немесе әрпінің жүйесі басқа болса,
онда біріне
жақсы болған сауаттау әдісі екіншісіне де жақсы болады деп ешкім айта алмайды»,-дей келіп,
дыбыс әдісі мен тұтас сөзді әдістің қайсысы қазақ тіліне көбірек керек деген мәселені
мысалдар келтіре отырып береді де, осы екеуінің біріншісі (дыбыс әдісі) жақсы деп қорытады.
Бұл әдістің ерекшеліктерін қазақ тіліндегі таңбаларды қытай, орыс, француз тілдерінің
таңбаларымен салыстыра түсіндіреді. Аталған мақаласынан ғалымның фонетика саласын
207
оқыту жайын жан-жақты зерттегенін аңғаруға болады [4]. Сонымен бірге ғалымның
«Жалқылау әдіс», «Жалқылаулы - жалпылау әдіс», «Дыбыстарды жіктеу туралы» мақалалары
оқыту әдістемесінде баға жетпес еңбектер болып табылады.
Ахмет Байтұрсыновтың публицистикалық еңбектерінде баяндалған педагогикалық
көзқарастары, методика мәселелері қазіргі білім беру саласында да өз маңызын жоғалтқан жоқ.
Қазақ халқы үшін қызмет етуді өмірлік мұрат тұтқан аяулы
азаматтың артында қалған
мұралары қазіргі егемен еліміздің жас ұрпағына қоғамдық тәрбие беруде айрықша мән-
маңызға ие екені сөзсіз. Оның қазақ мектептері үшін жазған оқулықтары, Жүсіпбек
Аймауытовтың ұлттық тәрбие туралы құнды психологиялық пікірлері, Мағжан Жұмабаевтың
педагогикадан тұңғыш ұлттық оқулық жазуы — мұның барлығы мектеп, мұғалім, тәрбие мен
оқу мәселелерінің қазақ халқының өмірінде ерекше орын алатындығын, оның еш уақытта мәні
мен маңызын жоймайтын қоғамдық проблема екенін дәлелдейді.
Достарыңызбен бөлісу: