Зәрдің құрамы. Құс зәрі құрамы мен қасиеттері жағынан сүт қоректілер зәрінен өзгешелеу. Зәрдің орташа тығыздығы тауықтарда - 1,005, үйректерде - 1,0018, қаздарда – 1,004. Зәрдің әрекетшіл ортасы (рН) бейтарап, әлсіз қышқыл немесе әлсіз сілтілік болуы мүмкін. Құстар ашыққанда зәрі сілтілік реакциялы, ал етпен қоректенгенде – қышқыл реакциялы болады.
Зәрдің түсі қиын еритін тұздардың концентрациясына, пигменттер мен органикалық заттардың мөлшеріне байланысты болады. Егер құс суды көп мөлшерде қабылдаса, бүйректегі және зәрағардағы зәр қоймалжың әрі мөлдір болады. Зәрді тұндырған кезде тұнба пайда болады. Саңғуырдағы зәр қою консистенциялы болады. Дән қоректі құстарда зәр нәжістің бетінде қабық іспеттес ақ дақ қалыптастырады. Бұл дақ негізінен зәр қышқылынан тұрады. Жыртқыш құстардың зәрі нәжіспен араласып, оған күлгін түс береді.
Зәрдің мөлшері мен құрамы құс қабылдаған азықтың мөлшері мен сипатына байланысты қалыптасады. Зәрдің тәуліктік мөлшері мекиенде – 277 мл, ал әтеште – 120 мл. Үйректің 100 мл зәрінде 0,81 г органикалық және 0,12 г бейорганикалық заттар болады, ал тауықтарда бұл көрсеткіш тиісінше 20,9 г және 0,39 г құрайды. Үйрек зәрінің құрғақ затының 12,75 %, ал тауық зәрінің 15,90 % күл құрайды. Зәрдегі күлдің тәуліктік мөлшері үйректерде 0,268 г, тауықтарда - 0,355 г жетеді.
Зәрдің бейорганикалық құрамында кальций, магний, калий, натрий, фосфор, хлор, күкірт болады. Күкірттің көп мөлшері сульфат түрінде, ал аз мөлшері байланысқан күкірт қышқылы түрінде кездеседі.
Зәрдің органикалық құрамы зәр қышқылынан, несепнәрден (мочевинадан), креатиннен, кретиненнен, аммиактан, амин қышқылдарынан, гуанидиннен, орнитур қышқылынан тұрады. Құс зәрінің сүт қоректілер зәрінен айырмашылығы азотты өнімдердің мочевина емес, зәр қышқылы түрінде бөлінуінде. Бұл өнімнің азотты заттар құрамындағы массалық мөлшері үйректе 77,88 %, ал тауықта – 85,86 %.
Зәр қышқылы бүйректе түзіледі және ол белок алмасуының соңғы өнімі болып табылады. Зәр қышқылы еріген күйде де, тұнба күйінде де кездеседі. Зәр қышқылы зәрдің сұйық бөлігіне қарағанда тұнбада көбірек болады. Зәрге микроскопиялық зерттеу жүргізгенде зәр қышқылы «зәр шарлары» («мочевые шарики») түрінде көрінеді. Олар бір – бірімен кілегейлі массамен байланысып, нәжістің сыртында өзіне тән күлгін – ақ түсті қабық түзеді.
Зат алмасу бұзылғанда зәр қышқылы көп түзілетіні соншалық, ол бүйректің үстіңгі қабатында, бауырда, жүректе жиналып, зәрағарды бітеп тастауы мүмкін. Бұл жайт өлімге соқтырады.
Несепнәрдің, креатиннің, креатининнің мөлшері құстың зәрінде онша мардымды болмайды. Олардың концентрациясы зат алмасу бұзылғанда, В тобының дәрмендәрілері жетіспегенде жоғарлайды. Зәрдегі гуаниннің мөлшері құсты балықпен қоректендіргенде байқалады. Құс зәрінің телімді өнімі – орнитур қышқылы болып табылады. Ол бензой қышқылының туындысы. Ал жануарларда бензой қышқылынан гиппур қышқылы түзіледі.
Жоғарыда аталған өнімдермен қатар зәр құрамында құс организмінен ферменттер (трипсин, пепсин), гормондар және кейбір дәрмендәрілер бөлінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |