Химиялық жылу реттеу немесе жылу өндіру организмдегі зат алмасу процесін күшейту немесе бәсеңдету арқылы атқарылады. Жылу түзетін реакциялар барлық органдар мен ұлпаларда жүреді және оның қарқыны зат алмасу процесінің деңгейіне байланысты. Жылу әрекеті күшті органдарда - ет ұлпаларында, бауырда, мида, бүйректе, ішкі секреция бездерінде, жүректе көбірек, ал дәнекер ұлпаларда, сүйектерде, сіңірлерде аз түзіледі. Тыныштық жағдайында организмде түзілетін жылудың 25 пайызы етте, 20 пайызы бауырда, 13 пайызы мида, 11 пайызы жүректе, 7 пайызы бүйректе, 5 пайызы теріде, ал қалған 19 пайызы басқа органдарда өндіріледі. Дене жұмысы кезінде жылудың 70-75 пайызы етте түзіледі.
Жылудың түзілуіне әсер ететін негізгі факторлардың бірі - қоршаған ортаның температурасы. Орта температурасы жоғарыласа, жылу түзу азайып, төмендесе – артып отырады. Суық ауа әсерімен еттер еріктен тыс жиырылып, дене дірілдей бастайды. Осыған байланысты еттегі зат алмасу процесі күшейіп, жылу өндіру артады. Қазіргі кезде жылу түзуде өкпенің маңызды рөл атқаратыны анықталған. Өкпе гистиоциттері қан құрамынан сүзіп алған майлар оттегінің қатысуымен осы жерде тотығып, ыдырайды. Осының нәтижесінде түзілген жылу бір жағынан өкпеге келген ауаны жылытады, екіншіден қан арқылы бүкіл денеге тарайды. Сондықтан кейбір зерттеушілер өкпені химиялық жылу реттеу тетігінің негізгі органы, ал бұлшық ет бұл процесте тек қосымша қызмет атқарады деген пікір айтуда.
Сыртқы орта температурасының өзгеруіне байланысты денеде тек жылуды түзу ғана емес, оны сыртқа шығару процесі де өзгеріп отырады. Ауа температурасы төмендесе, жылудың сыртқа берілуі азаяды, ал жоғарыласа - көбейеді. Жылуды денеден сыртқа беруді күшейтіп немесе азайтып отыратын физиологиялық процестер жиынтығын физикалық жылу реттеу деп атайды.
Денеден жылу шығару процесі арнаулы физиологиялық механизмдер әрекетінің жағдайына қарай (тері тамырларының, терінің бірыңғай салалы ет талшықтарының, дененің кеңістіктегі жағдайының) өзгеріп отырады.
Жылу денеден өткізу, конвекция, радиация және булану сияқты физикалық процестердің арқасында бөлінеді.
Өткізу деп жылудың денемен жанасқан температурасы төмен заттарға берілуін айтады (мысалы, құстан ұяға).
Конвекция деп жылудың денемен жанасқан ауа ағынына берілуін айтады. Конвекция жылу өткізу процесімен тығыз байланысты. Құстың қимылы немесе ауа ағыны неғұрлым жылдам болса, соғұрлым конвекция күшейіп, жылу өткізу артады.
Радиация (сәулелену) - деп денеден жылудың инфрақызыл сәулелермен таралуын айтады. Дене температурасы жоғарылаған сайын сәулелену күшейе түседі.
Булану - сұйықтың газ тәрізді күйге ауысу процесі. Булану кезінде сұйықтан неғұрлым жылдам қозғалатын молекулалар ұшып шығатындықтан, оның ішкі энергиясы кемиді, яғни сұйық салқындайды. Булануға қажет жылу дененің бетінен босанады да, оны салқындатады.
Физикалық жылу реттеуде қанның тамырларға таралу деңгейнің өзгеруі маңызды рөл атқарады. Сыртқы орта температурасы төмендесе, дененің беткей тамырлары тарылып, ішкі ағзалар тамырлары кеңейеді де, қан ішкі ағзаларға жиналады. Бұл тері арқылы жылудың шығарылуын азайтады. Ауа температурасы жоғарылағанда тері тамырлары кеңейеді, көк бауыр мен бауырдан қан айналымға шығарылып, айналымдағы қан мөлшері көбейеді. Осыдан тері арқылы қан көп мөлшерде өтеді де, сыртқы ортаға жылу бөлу күшейеді. Жылу бөлінуде жылу изоляторы болып табылатын шел майы және қанат маңызды рөл атқарады. Физикалық жолмен жылу реттеуде дене беткейінің көлемі де рөл атқарады. Ыстықта құс қанаттарын жайып, оны мезгіл-мезгіл қағады, ал суықта ол бүрісіп, шағын аумаққа үйіседі.
Құстарда сәулелену және өткізу жолымен денеден бөлінген жылудың 67-87% шығарылады, булану жолымен 15-30%, саңғуыр арқылы 0,3% шығарылады. Құс денесінде түзілген жылудың 1,6% қабылданған азық пен суды жылытуға шығындайды.
Құс ұзақ уақыт тым ыстық не тым суық ортаға тап болса, онда жылу реттеу тетіктері дене температурасының тұрақтылығын сақтап тұра алмайды. Дене қызуының қалыптан артық жоғарылауын гипертермия, ал төмендеуін - гипотермия деп атайды. Жылы қанды жануарлар денесінің 250С-дан төмендеуі немесе 430С-дан жоғарылауы тіршілікті тоқтатады. Оның себебі, төменгі температурада ферменттік процестер күрт баяуласа, жоғары температурада белоктың коллоидтық күйі өзгереді, денатурация процесі жүреді. Құстарда бұл көрсеткіштер 45,5—47° және 23° тең.
Дене температурасын реттейтін орталық аралық мидың гипоталамус аймағында орналасқан. Гипоталамустың алдыңғы бөлімінің торшалары қан температурасының жоғарылауына реакция береді де, жылу бөлу орталығын, ал артқы бөлімінің торшалары қанның салқындауына реакция беріп, жылу түзу (өндіру) орталығын құрайды. Орталық не рефлекстік, не гуморальды жолмен қозады.
Жылу реттеуде тері рецепторлары маңызды рөл атқарады. Терінің жылылықты немесе суықтықты қабылдайтын рецепторлары қозғанда импульстер жүйке орталығына беріліп, одан әрі вегетативтік жүйкелер немесе ішкі секретция бездері арқылы зат алмасу процесінің қарқынын өзгертеді. Сонымен қатар мұндай кезде еттердің әрекеті, тамырлар арнасы өзгеріп, тынысты реттейтін орталықтың қызметі күшейеді.
Жылуды гуморальды жолмен реттеуде қан тамырларындағы немесе гипоталамустағы терморецепторларға қанның жылылық деңгейінің әсері зор болады.
Жылуды реттеу процесіне үлкен ми жарты шарларының торшалары да қатысады. Ми қыртысын сылып тастаса, жылуды реттеу процесі нашарлайды. Сыртқы орта температурасының ауытқуларына шартты рефлекстер оңай қалыптасады.
Жылу реттеу орталығы жылу түзу және оны бөлу процестеріне ішкі секреция бездері мен вегетативтік нервтер арқылы ықпал етеді. Қалқанша без, гипофиз, ұйқы безі гормондары зат алмасуды жоғарылатып, жылу түзілуге әсер етеді. Бүйрек үсті безі гормоны адреналин ұлпаларда тотығу процесін жандандырып, жылудың түзілуін арттырады да, тамырларды тарылтып, жылудың бөлінуін азайтады. Симпатикалық нерв ұлпалардағы нәрлену (трофикалық) процестерін реттейді және шеткей тамырларды тарылтып, химиялық және физикалық жылу реттеуге қатысады.
Бақылау сұрақтары. 1. Зат алмасуды зертеу үшін қандай әдістер қолданылады? 2. Организмде белоктардың маңызы қандай? 3. Азоттық теңдестік дегеніміз не және ол қандай түрлерде болады? 4. Белоктық минимум дегеніміз не? 5. Алмасатырылмайтын және алмастырылатын амин қышқылдары деген не? 6. Құнды және құнсыз белоктар деген не? 7. Бауырдың белок алмасудағы рөлі қандай және белок алмасуының қандай ақырғы өнімдерін білесіз? 8. Белок алмасуға нерв жүйесі және гормондар қалай әсер етеді? 9. Көмірсулардың организмдегі маңызы және олардың алмасуы. 10. Организмде майлардың рөлі және олардың алмасуы 11. Макро- және микроэлементтердің физиологиялық маңызы. 12. Минералды заттардың алмасуына нерв жүйесі мен гормондар қалай әсер етеді? 13. Организмде судың түзілуі және олардың реттелуі. 14. Майда және суда еритін дәрмендәрілердің физиологиялық рөлі. 15. Энергия алмасуы, тікелей және жанама колориметрия. 16. Майлар, белоктар, көмірсулардың калориялық құндылығы. 17. Организмдегі энергия түрлері. 18. Энергия алмасуға қандай факторлар әсер етеді?
19. Құстың дене температурасы қандай? 20. Тіршіліктің температуралық шегі оның құстардағы ерекшелігі. 21. Физикалық және химиялық жылу реттеу, оның мәні мен маңызы. 22. Жылу реттеудің нервті-гуморальді механизмі. 23. Құстардағы гипертермия мен гипотермияның себебі, маңызы?
Достарыңызбен бөлісу: |