Әдістемелік нұсқаулық. 1.Ақшолақов Т. Шығарманың көркем компоненттерін оқыту. – Алматы: Мектеп, 1968, 120 б.
2.Әбілқасымова А.Е., Омарова Р.С. Мұғалімдердің танымдық ізденімпаздығын қалыптастыру негіздері. – Алматы, 2003. 144 б.
3.Әміреев Қ. Әдебиетті оқытудағы тарихилық принцип. – Алматы: Мектеп, 1984, 62 б.
4.Бітібаева Қ. Әдебиетті оқыту әдістемесі. – Алматы: Рауан, 1997.-242 б.
5.Байсақалова Ұ.Әдебиет сабағында творчестволық жұмыстың түрлері. – Алматы,1984.
6.Көшімбаев Ә. Қазақ әдебиетін оқыту методикасы. – Алматы: 1969.-242 б.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ ҚОРҚЫТ АТА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА УНИВЕРСИТЕТІ ГУМАНИТАРЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ИНСТИТУТЫ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ЖӘНЕ ЖУРНАЛИСТИКА КАФЕДРАСЫ
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ ПӘНІ БОЙЫНША Пәнді игеруге арналған әдістемелік нұсқау
Қызылорда, 2020 ПӘННІҢ ОҚЫТЫЛУЫ БОЙЫНША ӘДІСТЕМЕЛІК ҰСЫНЫСТАР Лекция. Жоғары мектептің бүкіл тарихи кезеңдерінде – дүниеге келуінен бастап, бүгінгі күнге дейін лекция оқытуды ұйымдастырудың жетекші формасы болып табылады. Студенттің оқу пәнімен алғашқы таныстығы содан басталады, ол жастарды лайықты мамандық пен ғылымға жетелейді, ғылыми білімдердің негізін қалайды.
Жоғары оқу орындарындағы лекция – оқытудың дидактикалық циклінің басты буыны. «Лекция» сөзінің негізінде латынша «lektio» оқу деген сөзі жатыр. Лекция Ертедегі Грецияда пайда болған және ертедегі Римде және орта ғасырларда әрі қарай дамыған.
Жоғары оқу орындарындағы лекция – дәріскердің дәрісханамен шығармашылық қатынасы, осындай қатынастардың тиімділігі, танымдық және эмоциялық тұрғыдан алғанда, студенттердің осындай мәтінді оқығанына қарағанда, өте жоғары саналады. Лекцияларда тыңдаушыларға қайталанбас, күшті әсер қалдыратын, айрықша, тек өзіне ғана тән сипаттар бар. Сонымен қатар, лекция білім негіздерінің сараланған түрін және оқу материалына бағыт алуда өте үнемді тәсіл екендігін атап өтуіміз керек.
Егер лекция ойлау қызметінің белсенділігін арттырған жағдайда, онда оқылатын жаңа оқу материалын студенттер жақсы меңгереді. Сондықтан лекцияда ең басты нәрсе – тыңдаушылардың ынта-ықыласын арттыру, олардың ойының дәріскер ойына ерісіп отыруы.
Студенттерге жалпы әсер етудің арқасында оқу материалын жеткізудің лекциялық тәсілі, әзірге, дәріскердің өзінің ықпалы мен дәрісханамен байланысы арқасында ешқандай басқа әдістермен ауыстырылмайды. Студенттердің танымдық қызметін ұйымдастырудың бұл жетекші түрінің барлық әлуеттік мүмкіндіктерін лекцияда толық мүмкіндігімен пайдалану, оларды ғылыми ойлау жүйесіне және дәріскердің ғылыми мектебіне тарту – оқытушыға байланысты.
Лекция төмендегі дидактикалық міндеттерді орындайтын сабақтың негізгі формасы:
- оқытудың міндеттерін белгілеу және негіздеу;
- жаңа білімді игеру үшін ақпарат алу;
- санаткерлік білігі мен дағдысын қалыптастыру;
- теориялық талдауға қызығушылығын қалыптастыру;
- оқытылатын пәнді басқа пәндермен үйлестіру.
Лекцияны даярлау және оқу: әдістемелік аспект. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарында лекция қанағаттандыруға тиісті жалпы талаптар қалыптасқан: сабақ берудің идеялық бағыттылығын қамтамасыз ету; ғылымилық және ақпараттық, яғни студенттерге қазіргі ғылыми деңгейде ашылатын белгілі бір ғылыми ақпаратты жеткізу; дәлелділік және қисындылық, құжаттар мен ғылыми дәлелдемелердің айқын бұлтартпас мысалдарының, фактілерінің және негіздемелерінің болуы; мазмұндау түрінің эмоциональдығы; тыңдаушылардың ойлау белсенділігін арттыру; ретімен қаралатын мәселелердің нақты құрылымы мен шешу логикасы; әдістемелік өңдеу – басты ойлар мен жағдайларды әр түрлі әдіспен қайталау; түсінікті тілмен оны мазмұндау, жаңадан енгізілген барлық терминдер мен атауларды түсіндіру; мүмкіндігінше дидактикалық есіту-көру материалдарын пайдалану.
Лекциялар бір-бірінен баяндалатын материалдың мазмұны мен сипатына байланысты ерекшеленуі мүмкін. Дегенмен, әрқашан да кейбір жалпы әдістемелік жағдайларды ұстану пайдалы болады. Ең алдымен, бұл – тыңдаушыларға лекцияның жоспарын хабарлау, кейіннен мұны міндетті түрде қатаң қадағалап отыру. Жоспарға, негізінен, лекцияның негізгі түйінді мәселелерінің атаулары енгізіледі, бұл кейіннен емтихан билеттерін жасауда пайдалануы мүмкін.
Лекциялардың негізгі міндеттеріне қарай төмендегі түрлерге бөлуге болады:
Кіріспе, мотивациялық, даярланған, кіріктірілген, бағдар беру, шолу.
Лекцияның дидактикалық элементтерін бөліп көрсетейік:
1) лекция материалдарын баяндау әдістері;
2) студенттердің бұрынғы білімдерінің жиынтығы;
3) лекция материалдарының мазмұны мен құрылымы;
4) студенттердің жаңадан алған білімдерін бақылау;
5) оқу әдебиеттері және оқытудың техникалық құралдары (ОТҚ).
Жоғары оқу орындарында оқылатын лекциялардың кей түріне ерекше талаптар қойылады. Мысалы, кіріспе лекциялар студенттерді курстың мақсатымен, міндетімен, мамандар оқитын оқу пәндері жүйесіндегі оның ролімен және орнымен таныстыру сипатында, курсқа қысқаша шолу түрінде болуға тиіс. Дәріскер ондай лекцияларда оқылатын ғылымның мәні мен әдістерін анықтап қана қоймайды, сонымен қатар ғылыми мәселелер қояды, болжамдар ұсынады, ғылым дамуының болашағын және практикаға қолданылуын көрсетеді. Кіріспе лекцияларда теориялық материалдардың қоғамдық практикамен, студенттердің жеке тәжірибесімен және олардың болашақ жұмыстарының практикасымен байланыстырудың, ғылым тарихындағы атауларын, оның өрлеу және тежелген кезеңдерін айтудың, олардың басқа аралас ғылымдармен байланысын көрсетудің маңызы зор.
Кіріспе лекцияда курспен жұмыс істеудің жалпы әдістерін әңгімелеу, курсқа ұсынылған оқулықтар мен оқу құралдарының сипаттамасын беру, қажетті әдебиеттер тізімімен таныстыру, емтихан талаптары мен басқа да курсты толықтыратын оқу түрлері туралы әңгімелеу пайдалы болады. Осындай кіріспе студенттердің курстың жалпы мазмұны мен құралымын пайымдауына көмектеседі, оларды лекциямен және арнайы әдебиеттермен жұмыс істеуге бағыттайды, курспен жұмыс істеу әдістерімен таныстырады.
Тараудың немесе бүкіл курстың соңында шолу жасау-қайталау (біріктірілген) лекциялары, қосалқы материалдар мен жекелеген мәселелерді қоса алғанда, сол курстың ғылыми-ұғымдық негізін құрайтын, барлық теориялық қағидалардың негізгі мазмұнын алуға тиіс.
Шолу жасау лекциясы – сол оқылған лекция курсының негізгі жағдайларының қысқаша конспектісі емес, білімді анағұрлым жоғары деңгейде жүйелеу. Жүйе түрінде мұқият әзірленген материал есте жақсы сақталатынын және жүйеден тыс берілген фактілер жиынтығына қайталаудан гөрі негізгі тақырыпты жаңа жағдайлармен сабақтастыруға мүмкіндік жасайтынын оқыту психологиясы көрсетіп отыр. Шолу жасау лекцияларында емтихан билеттеріне енгізілген күрделі, өте қиын сұрақтарды нақтылап қарау және бөліп көрсету пайдалы.
Жоғары оқу орындарында дәріскерлердің басты міндеті – тыңдаған лекцияның негізгі мазмұнын тез қалпына келтіруге көмектесетін, алынған ақпаратты қысқаша жазбаша түрге айналдыру және материалды тыңдау, түсіну, пайымдауды жинақтайтын, белсенді процесті негізі етіп алған студенттердің лекциядағы жұмыстарын тиімді ұйымдастыру.
Кейбір дәстүрлік емес лекциялардың қысқаша сипаттамаларын келтірейік.
Проблемалық лекция шынайы өмірдің қарама-қайшылықтарын оларды теориялық тұжырымдамалар негізінде бейнелеу арқылы моделдейді. Осындай лекциялардың мақсаты – студенттердің өз бетінше білім алуы.
Визуализациялық лекцияның өзінің негізгі мазмұны бейне түрінде беріледі (суреттер, графиктер, сызбалар және т.б.). ол пайымдаудың белсенділігін арттыру және әр түрлі белгілік жүйенің көмегімен ақпаратты қайта кодтаудың тәсілі болып табылады.
Кеңес беру лекциясы өзінің мазмұнын дәрісхана сұранысы бойынша анықтайды. Мұндай лекция тыңдаушылардың ынтасын және дәріскердің шеберлік қабілетін толықтай пайдалануға мүмкіндік жасайды.
Әдейі шатастыру лекциясы алдын-ала жоспарланған қателіктер арқылы ақпаратқа талдау жасау, бағдарлау және оны бағалау дағдысын қалыптастырады.
Ойын сәттері қолданылатын лекциялар онда оқушылар мәселелерді өздері қалыптастырып, оны өздері шешуге тырысады.
Бұл негізінде проблемалық принциптері жатқан біріккен лекциялардың жүзеге асыруға шығармашалық тұрғыдан келуге мүмкіндік жасайтын кейбір түрлері ғана. Психологиялық көзқарас тұрғысынан алғанда оқыту ісінің мәні мынады: лекция түріндегі ұйымдастыру нысанының көмегі мен оқу процесін оқытушы есту арналары – құлақ-ми арқылы және ақпарат қабылдаудың тиімдірек арналары – көру, яғни көз-ми арқылы қабылдайтындай етіп беріледі. Сондықтан лекцияны тек тыңдап қана қоймай, дәріскердің ізінше тақтадағы формулалардың, суреттердің сызбасын жүргізу керек. Лекцияның басты кемшілігі – мұнда әрбір оқушының қабылдау қабілетін ескеруге мүмкіндік болмайды, қабылдау жеке адамға ғана қатысты, сондай-ақ көп жағдайда кері байланыс та болмайды, соның негізінде оқытушы әрбір студенттің оқу материалын меңгеру деңгейіне қорытынды жасайды. Бұл кемшіліктер оқытудың практикалық түрлерінде жойылады.
Лекцияның сапасын бағалау. Көп жағдайларда лекцияның сапасын бағалау қажеттігі туындайды. Бағалау үшін арнайы бөлінген сұрақтар оқытушының өз лекциясын жетілдіру мақсатында да оған баға беруге де, жекелеген жағдайларда себептерді анықтау үшін де көмектеседі, ашық лекцияларды, оқыту әдістерін және дәріскердің шебеолігін талқылау жоспары да пайдалы. Т.А.Ильина дайындалып жатқан немесе оқылған лекцияларды бағалауға негіз болатын негізгі факторларды бөліп көрсетті.
Лекция оқу әдістемесі. Лекцияның анық жүйесі және мазмұндау логикасы, жоспардың болуы, оған қатал бағыну, жоспардан ауытқу және т.б. Тақырыпқа байланысты әдебиеттерді айту – лекцияның басында, оның барысында немесе соңында; негізгі және қосымша немесе тек негізгі әдебиет беріледі; ұсынылған әдебиетті таңдаудың дұрыстығын бағалау және т.б. Барлық жаңа терминдердің және ұғымдардың ұғымдылығы мен түсініктілігі. Дәлелділігі мен қисындылығы. Негізгі ойлар мен түйіндерді бөліп көрсету. Пысықтау тәсілдерін пайдалану – қайталау, түсінігін тексеруге сұрақтар қою, игеру және т.б., лекцияның соңында әр мәселені қарап болған соң, қорытындысын шығару және т.б. Көрнекі құралдарды, оқытудың техникалық құралдарын (ОТҚ) пайдалану.
Дәріскердің тірек материалдарды пайдалануы және т.б.
Студенттердің жұмысына басшылық жасау. Лекцияны жазуға қойылатын талап және оның орындалуына бақылау жасау. Студенттерді лекцияны жазу әдістеріне үйрету, оқыту, оларға бұл салада көмек көрсету – оқу екпінін өзгерту, жазуға, бөліп көрсетуге жататын материалды жазу, екпінмен айту, графиктер сызу үшін сәл кідіріс жасау және т.б. Лекция конспектілерін қарау – лекция кезінде, соңынан, семинарлық немесе практикалық сабақтарда. Ынта-ықыласты қолдау тәсілдерін пайдалану – риторикалық сұрақтар, әзілдер, көрші облыстарға саяхаттар, ескертпелер. Дәріскерге сұрақ қоюға рұқсат сұрау – лекция барысында, лекциядан кейін, жазбаша түрде, ауызша және т.б.
Дәріскерлік қабілеттер. Пәнді білу. Идеялық сенімділік. Сезімталдық, дауыс, дыбыс ырғағы (дикция). Сөздің анықтығы, дұрыстығы. Сыртқы келбеті. Тыңдаушылар алдында өзін ұстай білу. Тыңдаушыларды көре және сезе білу, онымен байланыс орнату.
Лекцияның нәтижелері. Лекцияның ақпараттық құндылығы. Тәрбиелік әсер. Дидактикалық мақсаттарға жету.