Дегенмен ол әл-Фараби сияқты ғылым-білім іздеп қиырға кетпей-ақ, Махамбет, Амангелді сияқты қолына найза ұстап, жауға шаппай-ақ, Рақымжан Қошқарбаев сияқты Рейхстагқа ту тікпей-ақ, өзінің парасатты поэзиясымен-ақ еліне адал қызмет ете білді. Сол себепті ақын: Саған уақыт сәл қиындық жолдаса – қағаберіс қалмаспын мен, енді аса!.. Бірақ мені кешірме сен, өмірде өлең қылар өз ерлігім болмаса!.. – дейді, яғни уақыт пен кеңістік белгілері тығыз бірлікте көрініс табады. Жарасқан Әбдірашевтің: Аға түгіл, тыңдамай бала да ақыр, Орнағандай басына заманақыр. Бүгінінен безінген қайран ақын, Болашаққа адымдап бара жатыр – деген поэма жолдарын эпиграф етіп алып, «Ақын кетіп барады…» деген мақала жазған ғалым Бақытжан Майтанов: «Туған жер, халқы мен ана тіліне деген шынайы, мөлдір көңілді ақын «Дала, сенің ұлыңмын» атты арнайы кітабында ойы, сыры өзектес жырлар арқылы сарқылмай өрнектеді.Мұнда сол дәуірдің әсері де жоқ емес . Бірақ Ж.Әбдірашев уақыттың жұқалтаң талабын күмәнсіз талант жүрек алауымен жеке өміріндегі мағыналы күйге бұра біледі» деп жазғанындай, Жарасқан Әбдірашев – «Ұлы даланың» сан тарау тарихын терең түсініп, оның алдындағы перзенттік парызын үлкен жауапкершілікпен сезіне білген асқақ үнді ақын. 42. М.Сәрсекенің «Қаныш Сәтбаев» романындағы ғалымның қазақ ғылымын қалыптастырудағы іс- әрекеттерін нақты дәлелдермен талдап жазыңыз.