Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті м. О.ӘУезов атындағЫ Әдебиет және өнер институты



бет49/50
Дата01.04.2023
өлшемі1,97 Mb.
#78283
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   50
АБАЙТАНУШЫ Қ.МҰХАМЕДХАНҰЛЫ

Қайым (Ғабдулқайым) Мұхамедханұлы ұстазы М.О.Әуезовтің қолдауымен 1939 жылдан бастап бүкіл ғұмырын Абай мұрасын, Абай мектебін, Абай шығармаларының текстологиясын зерттеуге арнаған ғалым. Оны келесі еңбектерінен көруге болады: «Қазақ әдебиеті тарихындағы абайтану ғылымының келелі мәселелері: Абайдың әдеби мектебі, ақын шығармаларының текстологиясы, шығармаларына түсінік беру және Абайдың жаңадан табылған өлеңдері»; «Абайдың әдеби мектебі» (Семей облыстық «Екпінді» газетінің 1940 жылғы № 233-239 сандарында жарияланған), Ақылбайдың «Дағыстан», «Зұлыс», Мағауияның «Медғат-Қасым», «Еңлік-Кебек», Әубәкір мен Әріптің шығармашылық өмірлеріне арналған мақалалары. Ғалымның мерзімді баспасөз беттерінде жарық көрген әдебиеттің жалпы мәселелері, әдеби процесс пен әдебиетті танытушылар, әдебиеттер байланысы туралы ой-пікірлерді қамтитын зерттеу мақалалары: Қазақ әдебиеті тарихына арналған зерттеу мақалалары (Ш.Уәлиханов, Бұхар жырау, М.Әуезов, М.Өтемісов, Ы.Алтынсарин, С.Торайғыров, С.Дөнентаев, М.Сералин, Ы.Шөреков, Ы.Мұстамбаев, И.Қазанғапов т.б.); Жазба әдебиет пен ауыз әдебиетінің байланысы, өнер иелеріне байланысты сын-зерттеулері («Жүсіп – Зылиха» поэмасы, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры, айтыс ақындары: Орынбай, Кемпірбай, Шөже, Сәдір, Сапарғали; әншілер: Әміре, Майра т.б. туралы дерек мақалалары); Ел тарихына байланысты зерттеулері: С.Ғаббасов, А.Көшкінбаева, Б.Байғаранова, А.Ермұхаметов, У.Жәнібеков т.б.); Шет елдер әдебиеті жөніндегі ғылыми пікірлері (А.С.Пушкин, И.А.Крылов, М.Ю.Лермонтов, Ф.М.Достоевский, сондай-ақ татар әдебиеті өкілдері: Ғ.Тоқай, Қ.Насыйри, Ш.Камал т.б.). Қ.Мұхамедханұлы әзірбайжан драматургы У.Гаджибековтің «Аршын мал алан» (1941), татар жазушысы Ш.Камалдың «Қажы әпенді үйленеді» (1967) пьесаларын қазақ тіліне аударған.


Абайдың ақын шәкірттерінің қатарына әдебиетші тұңғыш рет Ақылбай Абайұлы Құнанбаев, Мағауия Абайұлы Құнанбаев, Әсет Найманбаев, Әріп Тәңірбергенов, Көкбай Жанатаевтарды, ал диссертацияға қосымшаға Халиолла Өскенбаев, Кәкітай Ысқақұлы, Мұхамеджан Майбасаров, Бейсембай Жәнібеков, Баймағамбет Мырзаханов, Мұқа Әділханов, Әубәкір, Әлмағамбет Сексенбаевтарды енгізді.
Абайдың шәкірттерін зерттеуші төмендегідей екі топқа бөле қарайды: 1. Әдеби мұрасын қалдырып, ақын дәстүрін дамытушылар; 2. Абайға шәкірт болған, бірақ артына шығармашылық мұра қалдырмағандар.
Көркем шығармалары мен әдеби мұра қалдырып, ақын дәстүрін жалғастырушылар қатарына зерттеуші Ақылбай Абайұлы Құнанбаев, Мағауия Абайұлы Құнанбаев, Әсет Найманбаев, Әріп Тәңірбергенов, Әубәкір, Көкбай Жанатаевтарды жатқызады.
Ал, Абайға шәкірт болған, бірақ артына шығармашылық мұра қалдырмаған әнші шәкірттері қатарына төмендегілерді жатқызады: Мұқа Әділханов (1857-1927), Бейсембай Жәнібеков (1858-1917), Әлмағамбет Сексенбаев (1869-1930), Мұхамеджан Майбасаров (1852-1917).
Қ.Мұхамедханұлы Абайдың бұрын белгісіз болып келген 6 өлеңін тауып, 1945 жылғы жинаққа енгізген.
1951 жылы Қайым Мұхамедханұлы «Абайдың ақын шәкірттері» атты кандидаттық диссертация қорғады. Ғылыми жетекшісі М.О.Әуезов болды.
Зерттеушінің бұл еңбектері кесірлі саясаттың құрбаны болды. Қазақ ССР Ғылым академиясы мен Қазақстан Жазушылар Одағы Президиумдарының «Қазақ әдебиетінің классигі А.Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығын ғылыми жолмен зерттеу жөніндегі айтыстың қорытындысы туралы» біріккен қаулысында ұлтшылдық сипатта жазылған деген тұжырымға келеді. Қайым Мұхамедханұлы Абай мұражай директорлығы (1947-1956) қызметінен босайды. Қазақ ССР ҒА Президиумы мәжілісінің 28-тамыз 1951 жылғы № 28 хаттамасында мұражай басшылығы (директор Қ.Мұхамедханов; ғылыми хатшы Аккерман) мұражай жұмысында маркстік көзқарастан алшақтап, ұлтшылдық-буржуазиялық концепцияны көздегендігі айтыла келіп, қызметінен босату туралы қаулы шығарады.
1951 жылы алғы сөзін М.О.Әуезов жазған Қ.Мұхамедханұлының «Абайдың шәкірттері» кітабы баспадан шықпай жатып жойылады. НКВД-нің Семей облыстық басқармасы Қ.Мұхамедхановты 1951 жылы желтоқсанның бірінде «антисоветтік ұлтшылдық қызметі» үшін тұтқынға алады.
Жоғарыда аталған кітабына «ұлтшыл ақындарды» енгізгені үшін ғалым 25 жылға сотталады. Кейін Сталин өліміне байланысты 1954 жылдың 9 желтоқсанында Қазақ ССР Жоғары Сотының Қаулысы бойынша Қ.Мұхамедхановқа қатысты 1952 жылдың 29-31 мамырындағы КСРО Жоғарғы Сотының үкімі күшін жойды, бірақ «тұтқынды» босатуға асыға қоймады. Ол тек 1955 жылы ғана түрмеден босап, еліне қайтып оралады.
Қ.Мұхамедханұлы 1958 жылы «Абай төңірегіндегі ақындар» деген тақырыпта екінші рет кандидаттық диссертация қорғайды. Осы кезде «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» (1959), «Мағауия Абайұлы Құнанбаев» (1959) атты еңбектері жарық көрді.
Семей педагогикалық институтында оқытушылығын 1952 жылы қайта жалғастырған Қ.Мұхамедханов Абай шығармаларының текстологиясы жайында ғылыми еңбек жазуға кіріседі. 1959 жылы басылып шыққан «Абай шығармаларының текстологиясы» еңбегі күні бүгін абайтанудағы сирек кітаптардың бірі болып саналады.
Текстолог аталған зерттеуінде нысанаға алған 1954 жылғы жинақ пен 1909 жылы жарық көрген жинақты, Мүрсейіт, О.Уақбаев, Р.Жандыбаевтардың қолжазбаларымен салыстырып, соңғы басылымда ақын шығармаларына енген, бұрмаланған «бөтен сөздерді» нақты деректер арқылы дәлелдейді. Негізгі мазмұны, көркемдігі астасып жатқан ақын шығармаларының әр түрлі нұсқада басылуы – оны мазмұн жағынан да, өлеңдік қисын жағынан да ойсыратып тұрғанын дәлелдейді. Қ.Мұхамедхановтың ақын шығармаларындағы текстологиялық мәселелерге арналған зерттеуі абайтанудағы күні бүгінге дейін құнын жоймаған еңбек болып табылады. Ғалым айғақты деректерімен Абай өлеңдерінің бұрмаланып берілген тұстарын, арасына енгізілген сөздерін осылай айқындап берді.
Абай мұрасы жөнінде табылған тың деректердің бірі – ақынның жаңадан табылған өлеңдері. Бұл өлеңдер Абай мұрасын толықтыруда, кей жақтарын тереңірек танып-білуге сүбелі мәні бар құнды деректер. Қ.Мұхамедханов тарапынан табылған 80 жол өлеңі немесе 1961 жылы шыққан Абайдың бір томдығына тыңнан тағы да алты өлең қосылуы, ақын шығармаларын толықтырып, ақын өмірінің кей жақтарын айқындауға жаңа мүмкіндік берді.
Абай өлеңдері деп ел аузында жатталып қалған өлеңдерді Қ.Мұхамедханов «Қазақстан мұғалімі» газетінде (1955, 12 мамыр) және «Әдебиет және искусство» (1956, № 9) журналында жариялап, жұртшылық талқысына ұсынады.
Кеңестік идеологияның құрбаны болған «Абайдың ақын шәкірттері» атты зерттеу тек 1993 жылы ғана «Дәуір» баспасынан төрт кітап болып шықты.
Тәуелсіздік кезінде ғана ақын шәкірттері араға 42 жыл салып оқырмандарымен қайта қауышты. «Абайдың ақын шәкірттері» атты бұл төрт кітап Абайдың өз тәрбиесінде болған, оның өсиеттерін өз аузынан естіп, тағылым алған, ұлы ұстаз ақынның алдын көрген ақын шәкірттерінің өмірі мен шығармашылық еңбектеріне арналған.
1-кітапқа Абайдың ақын балалары Ақылбай, Мағауия және Тұрағұл; 2-кітапқа Кәкітай, Көкбай, Уәйіс; 3-кітапқа Әріп, Әсет, Мұқа, Әубәкір; 4-кітапқа Тайыр Жомартбаев, Баймағамбет Айтқожаұлы, Иманбазар Қазанғапұлы, Әрхам Кәкітайұлы есімдері енді.
Жарты ғасырдан артық Абайдың ақын шәкірттерінің мұрасын зерттеген Қайым Мұхамедханов бұл зерттеуінде ақынның шәкірттері қатарын Уәйіс Шондыбаев, Тайыр Жомартбаев, Әрхам Кәкітайұлы, Иманбазар Қазанғапұлы т.б. сынды жаңа есімдерімен толықтырады.
«Абайдың ақын шәкірттері» еңбегінің ғылыми негізі ерекше: «…Ол кезде Көкбайдың, Мағауияның қай кезде, қайда оқығаны жөнінде де нақтылы тарихи мағлұмат жоқ болатын. Ақылбайдың «Зұлыс» поэмасының кейінгі табылған бір тарауын Мұхтар көре алмады. Қазір Көкбайдың бірталай шығармалары жиналып, зерттелді. Көкбай мен Мағауияның өмірбаяны жайында архивтен нақты деректер табылды. Абайдың басқа да шәкірттерінің шығармалары жиналып, өмір тарихтары туралы архив материалдары мағлұм болып отыр». Бұл пікір қазіргі абайтануға қосылған үлес болып табылады. Қ.Мұхамедханұлының зерттеуі арқасында Тұрағұл, Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Әріп бастаған ақындар «Абайдың мектебінің» өкілдері ретінде қазақ әдебиетіне қайта оралды.
«Атамұра» баспасынан 1995 жылы шыққан «Абай мұрагерлері» деп аталатын кітапқа Алаш қайраткерлерінің жолында болған, Шәкәрім бастаған Абай шәкірттері: Кәкітай, Тұрағұл, Көкбай және Абай мұрагерлері ретінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабай және Жүсіпбек Аймауытұлы кірді. Бұл М.Дулатұлының ХХ ғасырдың қазақ әдебиеті – «Абай дәуірін» бастан кешеді деген тұжырымының айғақталуы болып табылды.
1988 жылы ақталып, қазақ әдебиетіне қайта оралған Алаш әдебиеттанушылары Абай шәкірттері ретінде осылай айқындала түсті.
Алаш абайтануына кеңес кезінде тыйым салынды, бірақ Алаш абайтануының негізгі ұстанымдарын кеңес кезінде ұстазы М.О.Әуезовтің қолдауымен іске асырған Қайым Мұхамедханұлы болды. Кезінде М.О.Әуезов анықтаған Абайдың ақындық мектебі деген ұғымды Қ.Мұхамедханұлы нақтылады. Сонымен қатар Қ.Мұхамедханұлы кеңес кезінде М.Әуезовтің жетекшілігімен берілген тақырыпқа қоса Абай шығармаларының текстологиясын тиянақты зерттеген бірегей әдебиетші. Тілі мен қолы байлаулы болған М.Әуезов шәкірті Қ.Мұхамедханұлы арқылы Алаш абайтануының кеңес кезінде дамуына осылай нақты үлес қосты.
Абайтанулық зерттеулері үшін Қ.Мұхамедханұлы ұстазымен бірге қуғынға да ұшырады. 1959 жылы жойылған «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» зерттеуін Қ.Мұхамедханұлы тек тәуелсіздік кезде жалғастыруға мүмкіншілік алды. Тәуелсіздік кезеңінде ғана абайтанушы Қ.Мұхамедханұлы кеңес кезінде репрессияға ұшыраған зерттеулерін аяқтауға еркіндік алды.
Қ.Мұхамедханұлы кеңес кезіндегі «Абайдың ақындық мектебі» мен «Абай шығармаларының текстологиясы жайында» атты зерттеулері үшін репрессияға ұшыраған әдебиеттанушы ғалым. Осы зерттеулері әдебиеттанушыға тағылып, сол үшін түрмеде отырып Карлагтың зардабын шекті, бірақ одан оралғаннан кейін де басқа тақырыпқа бармай Абайдың мектебі мен әдеби айналасы, поэзиясының текстологиясын зерттеуді жалғастыра түсті. Басқалары сол кезде атақ алуға ыңғайлы тақырыптарды алып жатқан кезде ғалым о бастағы ісіне адалдық танытты.
1995 жылы жарық көрген Абай шығармаларының екі томдық жаңа басылымының дайындалуына байланысты Қ.Мұхамедханұлы Семейден Алматыға арнайы шақыртылып, осы істің басында болуы да тегін емес еді. Өзінің ұстазы – М.Әуезов берген ғылыми тақырыпты тыңғылықты іске асырған Қ.Мұхамедханұлы ғылымда үлгі боларлық тұлға болып табылуы осындайдан.
1995, (2002) жылдары қайта жарияланған Абайдың шығармаларының 2 томдығындағы ақынның өлеңдері мен поэмаларына қатысты ғылыми түсініктерді Қ.Мұхамедханұлы жазыпты. І-томдағы ғылыми түсініктер 175-287, ІІ-том 172-282 дейінгі беттерді қамтиды. Бұл ғылыми мәтіндер кітаптің жартысын алып тұр.
1995 жылы жарық көрген Абайдың екі томдық шығармалар жинағындағы ақынның өлеңдеріне қатысты түсініктерін Қ.Мұхамедханұлы жазған деген мәлімет бар [1:5]. Ал поэмаларға қатысты оның есімі түсініксіз себептермен аталмаған.
Ұсынылып отырған басылымда Қ.Мұхамедханұлының Абай өлеңдері мен поэмаларына берілген түсініктемелерінің толық нұсқасы тұңғыш рет жарияланып отыр. Салыстыру негізінде айқындалғандай Қ.Мұхамедханұлының мәтіні көп өзгеріске ұшыраған.
Қазіргі тәуелсіздік кезіндегі әдебиеттанудың негізгі мақсатының бірі – Абай текстологиясын айқындап алу болып табылады, сондықтан бүкіл ғұмырын осыған арнаған Қ.Мұхамедханұлының өз қолжазбасын сол қалпында жариялау қажетті ғылыми мәселе.
Қ.Мұхамедханұлының түсініктерінің толық нұсқасын салыстыру нәтижесінде 1-2 томға енген өлеңге қатысты түсініктемелердің ішінде академик З.Ахметовке қатыстысы да анықтала түсті. Бұлар Қ.Мұхамедханұлы түсініктемесінде жоқ мәтіндер. Стилі бойынша З.Ахметовтің Лермонтовқа қатысты зерттеуіне тиесілі. Келешекте З.Ахметовтің бұл түсініктемелерін академиктің 1995 жылғы жинаққа жазған авторлық Алғысөзімен бірге қайта шығару – қазіргі әдебиеттануға қажет екені де айқын.
Қ.Мұхамедханұлы түсініктері түпнұсқа қолжазбасымен салыстырғанда 1995 жылғы 2 томдық жинаққа толық кірмей қалған. Негізгі ғылыми мәтін сол қалпында сақталған. «Түсініктемелер жайында біраз сөз» атты Қ.Мұхамедханұлының алғысөзін сол бетінде беруді жөн санадық, себебі негізгі мәтін көп өзгеріске ұшыраған. Бұл алғысөзде Абай текстологы Қ.Мұхамедханұлының негізгі ұстанымдары айқындалған. Олар келесі: «Абай шығармаларының екі томдық толық жинағының соңғы рет 1977 жылы «Ғылым» баспасынан басылып шыққаны мәлім. Осы басылымның І-томының басында: «Қазақ әдебиетінің классигі Абай Құнанбаев шығармаларының екі томдығын баспаға дайындау үстінде бұрынғы басылымдарындағы жетістіктері мен кемшіліктер түгелдей ескеріле отырып, тыңнан текстологиялық тексерулер жүргізілді, түсіндірме сөздер толықтырылып, түзетілді. Сондай-ақ, Абай шығармаларының текстологиясы жөнінде бұрын-соңды айтылып келген орынды пікір мен ұтымды ұсыныстар қабылданды», – делінген, бірақ, бұл айтылғандар іс жүзінде орындалмаған. Орындалмағанын жинақтың «Түсініктер» бөлімінен көреміз. «Түсіндірме сөздер толықтырылып, түзетілді» десе, толықтырудың орнына, бұрынғы жинақтарда (1933, 1939, 1945) Абай өлеңдеріне берілген толық түсініктемелер мүлдем қысқартылып тасталған. Мысалы, «Кім екен деп келіп ем, түйе қуған» деген өлеңге 1933 жылғы және 1939, 1945 жылғы жинақтарда берілген түсініктемеде: өлеңнің айтылған уақытын (1855), айтылуына себеп болған уақиғаны көрсетіп, Тұрағұл Абайұлы мен Мұхтар Әуезов толық баяндап берген болса, осы берілген дүние және толық түсініктеме 1977 жылғы жинақта қабылданбаған. Оның орнына берілген түсініктемеде: «Кім екен деп келіп ем, түйе қуған». Ел аузынан алынып, 1933 жылғы жинақта тұңғыш рет жарияланған ...» (353-бет), – деген ғана өлең туралы нақтылы түсінік бере алмайтын жалаң сөздермен шектелген.
Сол сияқты 1977 жылғы жинақта: «Йузи – рәушан, көзі – гәуһәр», «Әлиф би», «Абыралыға» дейтін өлеңдерге берілген түсініктемелерде де, бұрынғы жинақтарда (1939, 1945) толық берілген түсініктемелер ескертілмеген. Әсіресе «Әлиф би» сияқты толық түсініктеме беруді қажет ететін өлең туралы: «Өлең алғаш 1933 жылғы жинаққа енген» деген хабардан басқа ештеңе де айтылмаған. Қысқасы, 1977 жылғы жинақтағы Абай өлеңдеріне берілген түсініктемелердің осы айтылғандай, үстірт, тиянақсыз екенін көреміз.
«Тыңнан текстологиялық тексерулер жүргізілді» деген мәселеге келетін болсақ, текстологиялық тексеруде сүйенген ең негізгі дерек Мүрсейіт қолжазбалары болғанын көреміз. 1977 жылғы жинақтың «Алғы сөзінде»: «Ең алдымен ... Мүрсейіт Бікейұлының үш көшірмесін (1905, 1907, 1910) негізгі дерек ретінде атаған дұрыс» (6-бет), – деп айтылған. Абай өлеңдерін көшіріп жазуда Мүрсейіт еңбегінің зор екені белгілі, бірақ, ақын өлеңдерін көшіріп жазған жалғыз Мүрсейіт қана болмағанын да естен шығармау керек».
Бұдан кейінгі түсініктің үзіндісі 1995 жылғы жинаққа енген, бірақ келесі маңыздылауы енбей қалған: «Мұхтар Әуезов былай дейді: «... жұртшылығымыз үшін бірнеше тарихтық дәл деректер, мәліметтер айтайық. Мүрсейіттің өзі жасы жағынан алғанда Абайдан 10-15 жас кіші адам болған. Өмірі Абайдың өз қасында өткен емес, Абай ағайындарының бірнеше ауылдарында кезектеп бала оқытып жүрген. Ал, Абай жинағы тек 1896 жылы ғана қағазға топталып жиналатын болған. Ол істі істеген Мүрсейіт емес, Мағауия, Ақылбай, Кәкітай, Көкбайлар. Бұлар алғашқы істі Абайдың өзінің тапсыруымен сол 1896 жылы бастайды. Сонда 1896 жылға шейін Абай өлеңдері қайда кеткен? Ондағы Абайдың қарындашпен жеке қағазға жазған өлеңдері Абай маңындағы жас ақын, өнерпаз хат таныған ақын шәкірттердің, жастардың қолды-қолына тарап кетіп отырған. Кейін 1896 жылы көшірілгенде сол тарап кеткен өлеңдері жиналған, бірақ, бәрі түгел жиналып үлгермеген» (жоғарыда аталған кітап, 281-бет)».
Осыдан кейінгі жарты бет мағлұмат 1995 жылғы жинаққа енген. Өкінішке орай Қ.Мұхамедханұлының келесі іргелі мәтіні қалып қойған. Мүрсейіт Абай шығармаларын ақын қайтыс болғаннан кейін 1905 жылдан бері көшірген деген Кәкітайдің пікірі: «Сөйтіп, Мүрсейіт Абай шығармаларын ақын қайтыс болғаннан кейін, 1905 жылдан бастап көшіріп жаза бастаған және «асыл түпнұсқадан тікелей» көшірмеген. Сондықтан Абай шығармаларындағы әртүрлі жазылып, басылып жүрген сөздердің дәлдігін анықтау үшін текстологиялық талдау жасау ісінде Мүрсейіт жазбаларын негізгі дерек деп біліп, бір ғана Мүрсейітке сүйену жеткіліксіз және біржақтылық болады.
Бірер ғана мысал келтірейік. «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да» өлеңнің алтыншы шумағының соңғы жолы 1909 жылғы жинақта:

Ала жылан, аш бақа күпілдектер,


Кісі екен деп ұлықтан ұялмай жүр, –

деп дұрыс басылған. Ал, 1977 жылғы жинақта осы өлең жолына берілген түсініктемеде: «Алтыншы шумақтың соңғы жолы Мүрсейіт қолжазбаларына сүйеніп:


Кісі екен деп үлкеннен ұялмай жүр, –

деп қалдырылды. Бұл жол 1909 жылғы жинақта:


Кісі екен деп ұлықтан ұялмай жүр, –


делініпті», – дейді (І том, 362-бет).


Сөйтіп, Мүрсейітке шексіз сенудің салдарынан, 1909 жылғы кітапта дұрыс басылған Абай сөзі, 1977 жылғы жинақта өрескел бұрмаланған. Өлеңнің ең соңғы шумағының бастапқы екі жолын оқып көрейік:

Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр,


Сұрамсақтар нәпсісін тыя алмай жүр, –

дейді ғой Абай. Бұл арада біз Мүрсейітке емес, Абайдың өзіне сүйендік.


«Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деген өлеңнің үшінші шумағының соңғы жолы 1909 жылғы жинақта (32-бет):

Биде тақпақ, мақал бар, ойлап қара, –


деп дұрыс басылған. Ал, 1977 жылғы жинақта, Абайдың «ойлап қара» деген терең мағыналы сөзі, тағы Мүрсейітке сүйеніп, өзгертіліп берілген түсініктемеде: «...үшінші шумақтың соңғы жолы Мүрсейіт қолжазбалары негізінде:


Биде тақпақ, мақал бар, байқап қара, –

деп алынды. Бұл жол 1909 жылғы жинақта:


Биде тақпақ, мақал бар, ойлап қара, –


деп басылыпты» депті (371-бет). Сөйтіп, Абайдың асыл сөзі тағы да өрескел бұрмаланған.


Абайдың дүниеге келген күнін анықтап берген де Қ.Мұхамедханұлы. Қ.Мұхамедханұлының «Ақынның дүниеге келген күні» атты мақаласы 1991 жылы жарияланған. Абайтанушы Қ.Мұхамедханұлы ақынның «қай айда, қай күні туғаны, қай жерде дүниеге келгені туралы нақты тарихтық дерек анықталып осы күнге шейін бірқалыпқа түскен жоқ, тұрақты қорытынды пікір жазылған жоқ»11 [1:69], – дейді.


Абайтанудағы тұңғыш әдеби деректер осы ретте келтірілген: «Абайдың өмір тарихы ақын қайтыс болғаннан кейін жазылып, 1905 жылы орыс тілінде Семей газетінде жарияланды. (Абай (Ибраһим) Құнанбаев (некролог), «Семипалатинский листок», 250-252). Осы мақала екінші рет 1907 жылы жарияланды. («Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела Русского географического общества». Выпуск ІІІ, 1907 г., стр. 1-8). Бұл екі мақаланы да жазған Әлихан Бөкейханов екенін, оған Абай өмірі туралы мағлұмат берген Тұрағұл, Кәкітайлар екенін де бұдан бұрын жазып, баспасөз жүзінде толық баяндағанбыз.
1908 жылы Орынборда шығатын татар газеті «Ибраһим Құнанбаев» – деп аталған мақала жариялап, Абайдың өмірі, ақындық өнері туралы жақсы мағлұмат берген («Уақыт» газеті, 338, 1908 ж., Орынбор)» [1:69-70].
Қ.Мұхамедханұлы Абай өлеңдерінің ең алғашқы таңдамалы жинағы бірінші рет Петерборда Илияс Бораганский баспаханасынан 1909 жылы жарық көргені осы ретте келтірілген. Аталған кітаптағы мағлұматқа Қ.Мұхамедханұлы ерекше мән берген: «Сол жинақтың соңында Кәкітай жазған Абайдың өмірбаяны берілген. «Абай (Ибраһим) Құнанбай ұғылының өмірі» деп аталған мақаласының басында: «23 июньде 1904 жылда туған жері Шыңғыс тауында дүниеден қайтты, атақты қазақ ақыны, Шыңғыс елінің қазағы Абай Құнанбай ұғылы. Кітапта шын аты – Ибраһим, бірақ казақ әдеті бойынша шешесінің еркелетіп қойған «Абай» атын халық атап кеткендіктен біз де Абай дейміз, – деген. Сөйтіп, Абайдың дүниеден қайтқан күні нақты белгілі, яғни ескіше 23 июнь (маусым) жаңаша – 6 июль (шілде). Ал Кәкітай Абайдың қай айда, қай күні туғанын атап айтпайды. «Абай 1845 жылы, жылан жылында туды, 1904 жылы ұлу жылында 60 жасында дүниеден қайтты» – дейді. Әлихан Бөкейханов жазған, жоғарыда аталған мақалада да Абайдың туған, дүниеден қайтқан уақыты туралы Кәкітай жазған мағлұмат берілген [1:70].
1922 жылы Қазанда және Тәшкентте басылып шыққан Абай жинағында 1909 жылы жарияланған Кәкітай жазған Абай өмірбаяны өзгеріссіз көшіріліп басылған.
Сөйтіп, Абайдың өмір тарихын алғашқы жазушылар (Әлихан, Кәкітай, Тұрағұл) ақынның қай айда, қай күні, қай жерде дүниеге келгенін атап жазбаған» [1:70].
Қ.Мұхамедхан осыны анықтап алып Абайтанушы М.Әуезов туралы келесі дерек берілген: «Абайдың 1933 жылы шыққан «Толық жинақ» деп аталатын кітабының соңында жарияланған Мұхтар Әуезовтің үлкен мақаласында да ақынның туған айы, күні, дүниеге келген жері көрсетілмеген: «Абай 1845 жылы әкесі Құнанбайдың 41 жасында Ұлжан деген бәйбішесінен туған» делінген. Мұхтар Әуезов сол 1933 жылдан бастап, өмірінің соңғы жылдарына дейін Абайға арнаған мақалаларында (тегіңде Мұхтардың Абай өмір тарихына арналған еңбегінің төрт нұсқасы (варианты) бар: 1933, 1940, 1943 және 1950 жылы жазғандары) ең соңғы монографиялық үлкен еңбегінде де Абайдың туған айын, күнін атап жазған емес» [1:70].
Қ.Мұхамедханұлының осындай мағлұматтарды анықтап алуы да ғылыми құнды дерек. Біз күні бүгін Абайдың туған күні – 10 тамыз деп келеміз. Бұл мағлұмат кімдікі? Бұл туралы да нақты мәліметті Қ.Мұхамедханұлы береді: «Бұл мағлұматты берген адам – Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов. Әрхам 1885 жылы туған. Оның әкесі Кәкітай (Ғабдулхәкім) Ысқақұлы туралы Мұхтар Әуезов Абайға арнаған зерттеу еңбегінде: «Қай ақынды болса да ең мол танытатын баспаға шығу болғандықтан, алдымен революциядан бұрын Абайды баспа жүзінде танытқан еңбекке тоқтайық. Бұл жөнінде қазақтың мәдениет тарихына, Абай мұрасына ерекше еңбек сіңірген, Абай тәрбиелеп баулыған жас жұртшылықтың көрнекті өкілі болған Кәкітай Ысқақұлының еңбегін айырықша айту керек» дейді.
Ал, Әрхам әкесі туралы: «Абай Кәкітайдың 10 жасында өзі бала ғып қолына алып, содан 24 жыл бойы қасына ұстап, тәлім-тәрбие берді», – дейді.
Әрхам өзі де жас шағынан Абайды көріп, ақынның немере балаларының біріндей болып өскен адам. Абай дүниеден қайтқан жылы (1904) Әрхам 19 жастағы жігіт болатын. Сондықтан ұлы ақын атасын өз көзімен көріп, естіген, білгені бар, одан кейін әкесі Кәкітайдан Абай туралы естіп, біліп, көңіліне тоқығаны бар Әрхам Абай жайында тарихтық құнды мағлұмат, мол дерек қалдырып кетті. Ол әкесі Кәкітай қайтыс болған жылы (1915) 30 жаста еді. 1963 жылы 78 жасында дүниеден көшті.
Әрхам «Абайдың өмір жолы» (Абайдың өмірінен естігенім, білгенім және көргенім) – деген еңбек жазып қалдырды. Оның осы қолжазбасының ішінде Абайдың өмірбаянын толықтыруға себебі тиетін мағлұмат, тарихи деректер аз емес» [1:70-71].
Әрхам Абайдың туған айы, күні, дүниеге келген жерін нақты атап берген. Ол туралы Қ.Мұхамедханұлы былай депті: «Әрхам жазбасында Абайдың туған айы, күні, дүниеге келген жері нақтылы көрсетіліп жазылған: «Құнанбай ауылы Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін, 1845 жылы ескіше 10 август күні Құнанбайдың екінші әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келді... Құнанбайдың бұдан бұрын туып, ер жетіп қалған екі ұлы болатын. Өзінің алғашқы бәйбішесі Күңкеден туған ұлының аты Құдайберді. Ұлжанның тұңғыш ұлының атын Тәңірберді қойған. Мынау үшінші ұлының атын Ибраһим деп арабшалап қояды» – дейді.
Сөйтіп, Әрхамның берген мағлұматы бойынша Абайдың дүниеге келген жері – Қасқабұлақ, қазіргі Мұхтар Әуезов атындағы совхоздың орталығы, туған күні ескіше 10 август (тамыз), жаңаша – тамыздың 23 болады» [1:71].
Кеңес кезінде түсінікті себептермен (КСЭ – Абай туған уақыт – 10 август 1945 деп жазылған) бұл деректің анықталмауы түсінікті. Қ.Мұхамедханұлы кезінде бұл дерек нақты емес деп жазған еді: «Ал, ҚСЭ-сында Абайдың туған уақыты 10 август (?) 1845 жыл деп жазылған. Мұндай шалағайлық туралы кезінде жазып, газет, журналда жариялағанбыз. Абайдың туған күнін, дүниеден қайтқан күнін зерттеп, анықтап бұрын да жазғанбыз. Онымызды елеп-ескеріп, мән берген ешкім болған жоқ. Ал қазақ календары 1975, 1976 жылдары және 1985 жылдан 1990 жылға шейін Абайдың туған күнін 8 август деп жазып, жалған мағлұмат беріп келді де, 1991 жылы календарда Абайдың туған күнін атауды мүлдем тоқтатыпты. Абай туралы жалған мағлұмат беріп, елді алаңдатқанша, үндемей қалғаны дұрыс болған. Алдағы уақытта ғылыми-тарихтық тұрғыдан зерттеліп, дәлелденген шындықты мойындай қабыл алып: Абай өмір тарихын баяндауға арналған еңбектерде кеткен олқылық-кемшіліктерді, көрнеу бұрмалаушылықтар мен қарама-қайшылықтарды батыл ашып айтып, Мұхтар Әуезов негізін салған, ұлы ақынның ғылыми өмірбаяны дұрысталып жазылуы керек. Бұл өз алдына сөз болатын күрделі мәселе.
Бүгін тек бір ғана мәселені – Абайдың дүниеге келген айын, күнін, дүниеден көшкен уақытын тағы да анықтап айтып, қайталап жазып, бұдан былай бұл мәселе жөнінде алауыздық болмаса екен дейміз» [1:71-72)].
Қ.Мұхамедханұлының бұл зерттеуі жазылғанына он жыл болды. Тәуелсіздік алғалы бері бұл мәселені анықтап алатын кез келді. Сондықтан бұл олқылықтың орнын жойып қазақтың бас ақыны Абайдың – туған күнін 23 тамыз деп нақтылауға тұжырымды пікір білдіретін кез жетті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   42   43   44   45   46   47   48   49   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет