Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
372-бап. Пара алу 1. Мемлекеттiк функциялар атқаруға уәкiлеттi адамның не оған теңестiрiлген адамның, немесе жауапты мемлекеттік лауазымды қызмет атқаратын адамның, не лауазымды адамның, сол сияқты шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның лауазымды адамының, өзi немесе делдал арқылы пара берушiнiң немесе оның өкiлi болған адамның пайдасына жасаған iс-әрекетi (әрекетсiздiгi) үшiн ақша, бағалы қағаздар, өзге де мүлiк, мүлiкке құқығы немесе мүлiк сипатындағы өзі немесе басқа адамдар үшін пайда түрiнде пара алуы, егер, мұндай iс-әрекет (әрекетсiздiк) мемлекеттiк функциялар атқаруға уәкiлеттi адамның не оған теңестiрiлген адамның қызметтiк өкiлеттiгiне кiретiн болса не ол қызметтiк жағдайына байланысты осындай iс-әрекетке (әрекетсiздiкке) ықпал ете алса, сол сияқты жалпы қамқоршылығы немесе қызметi бойынша немқұрайлылық танытса, - өмір бойы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға, мүлкін тәркілеп параның елу еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Елеулі мөлшерде жасалған сол әрекет, сол сияқты заңсыз iс-әрекеті (әрекетсiздiгi) үшiн пара алу - өмір бойы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға, мүлкін тәркілеп, параның алпыс еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салуға, не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттер, егер олар, - а) қорқытып алу жолымен; б) адамдар тобы алдын ала сөз байласып; в) iрi мөлшерде; г) бірнеше рет жасаса, өмір бойы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға, мүлкін тәркілеп, параның жетпіс еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салуға, не жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген әрекеттер, егер олар аса ірі мөлшерде, қылмыстық топпен жасалса, - өмір бойы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға, мүлкін тәркілеп, параның сексен еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салуға, не он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Ескерту. Егер сыйлықтың құны екi айлық есептiк көрсеткiштен аспаса, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген адамның бiрiншi рет сыйлық ретiнде мүлiк, мүлiкке немесе өзге мүлiктiк пайдаға құқық алуы бұрын жасалған заңды әрекетi (әрекетсiздiгi) үшiн алдын ала уағдаластық болмаған жағдайда маңызы аз екендiгiне байланысты қылмыс болып табылмайды және тәртiптiк немесе әкімшілік ретпен қудаланады.