Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
Ерекше бөлiм 1-тарау. Жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылық 99-бап. Адам өлтiру 1 Адам өлтiру, яғни басқа адамға құқыққа қарсы қасақана қаза келтiру - сегіз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Кiсi өлтiру: а) екi немесе одан көп адамдарды; б) осы адамның қызметтiк iс-әрекетiн жүзеге асыруына не кәсiби немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты адамды немесе оның жақындарын; в) дәрменсiз жағдайда екендiгi айыпкерге белгiлi адамды, сол сияқты адамды ұрлаумен не кепілге алумен ұштасқан; г) жүктi екендiгi айыпкерге белгiлi әйелдi; д) аса қатыгездiкпен жасалған; е) басқа адамдардың өмiрiне қауiптi тәсiлмен жасалған; ж) адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы немесе қылмыстық топ жүзеге асырған; з) пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен немесе қорқытып алушылықпен ұштасқан; и) бұзақылық ниетпен; к) басқа қылмысты жасыру немесе оны жасауды жеңiлдету мақсатымен жасалған, сол сияқты зорлауға немесе жыныстық қатынас сипатындағы күш қолдану әрекеттерiмен ұштасқан; л) әлеуметтiк, ұлттық, нәсiлдiк, дiни өшпендiлiк немесе араздық не қанды кек себебi бойынша; м) жәбiрленушiнiң мүшелерiн немесе тінiн пайдалану мақсатымен жасалған; н) бірнеше рет жасалған адам өлтіру; о) көрінеу кәмелетке толмаған баланы өлтіру; п) төтенше жағдайларда немесе жаппай тәртіпсіздік барысында жасалған, - мүлкiн тәркiлеу немесе онсыз он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға, не өмiр бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады. 100-бап. Жаңа туған сәбидi анасының өлтiруi Анасының өзiнiң жаңа туған сәбиiн туып жатқан кезiнде, сол сияқты одан кейiнгi кезеңде психикасын бұзатын жағдайда немесе есiнiң дұрыстығын жоққа шығармайтын психикасы бұзылуы жағдайында өлтiруi - төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.