«Қазақстан тарихы және қоғамдық пәндер» кафедрасы Күзембаева А. О. «Философия» пәнінен білім алушылардың семинар сабақтарына арналған әдістемелік нұсқау


Этика мен эстетиканың негізгі теориялары



бет20/26
Дата27.11.2023
өлшемі138,95 Kb.
#129591
түріСеминар
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   26
Этика мен эстетиканың негізгі теориялары.
Этика мен эстетика философия ғылымының бөлігі ретінде дамығандықтан әрбір тарихи дәуірдің өзіне тән этикалық және эстетикалық құндылықтары болды. Оны этикалық және эстетикалық ілімдер тарихы жан-жақты қарастырады.
Антикалық этикада гедонизм, ригоризм, эвдемонизм, стоицизм, скептицизм сияқты бағыттар пісіп жетілді.
Гедонизм сезімдік қуаныш пен рахаттануды адамгершілік тәртіптің негізгі мақсаты деп есептеді. Бұл бағыттың негізін кирендік Аристипп (435-355 б.э.д.) қалаған, Эпикур (342-271 б.э.д.) жалғастырған.
Сүйсінушілік, рахаттану сезімінен адам организмінің дамуына мүмкіндік беретін белсенділік туындайды. Көңіл көтеру мен рахаттылық сезімінің болмауы адам әрекетін тежейді, оған кері әсер етеді. Рахаттану, қанағаттану жағдайы организм үшін өте идеалды жағдайы. Адам өз іс-әрекеттерінде әр уақытта рахаттануға ұмтылуға тиіс. Нормативті этика тілімен айтсақ, рахаттану адам өмірінің негізгі мақсаты, рахатқа бөлейтін нәрсенің бәрі игілік деу – бұл этикалық ілімнің негізгі идеясы.
Бұл ілім З.Фрейдтің психикалық талдауында одан әрі дамытылды. Рахаттану принципі – ішкі жан дүние мен психикалық принциптердің негізгі табиғи реттеушісі. Олардың ең негізгілері – тән рахаты, сексуалды және жылынып, тамақ, демалумен байланысты сұраныстарды өтеу рахаты деген идеяларды З.Фрейд жан-жақты талдап, көрсеткен.
Ригоризм – парызға адалдық танытып, белгілі адамгершілік қалыптарды толық орындау қажеттігін алға тартатын этикалық бағыт. Бұл бағытты киниктер мен эпикурийліктер дамытқан. Адамның негізгі қасиеті оның еркі, тапқырлық пен зеректік іс-әрекеттің маңызды құралы, полистік моральдан бас тарту, өркениетті өмірден бас тартып, табиғи бастауға қайта оралу. Өркениет ұсынған рахаттан бас тарту үшін адам өзімен-өзі ұдайы күресіп отыруға мәжбүр.
Эвдемонизм – адам өмірінің негізгі мақсаты және барлық ұмтылыстарының түрткісі бақыт деп есептейтін этикалық бағыт. Сократ, Демокрит, Аристотель философиясында дамыған бұл этикалық методологиялық принцип адамгершіліктің басты өлшемі және адамның моральдық мінез-құлқының негізін бақытқа ұмтылыс құрайтынын негіздейді.
Стоицизм – бақытты сезімдік ұмтылыстан бас тарту, өзінің ішкі қасиеттеріне назар аударып, өзімен-өзі болу құндылығын алға тартады.
Орта ғасырлардағы этикалық ілімдер негізінен діни санамен байланысты болғандықтан күнә, жамандық пен жақсылық ұғымдарын түсіндіруге ерекше көңіл аударылды.
Күнә - діни-адамгершілік ережелеріне қайшы келетін әрекеттерді, сөздер мен ойларды білдіру үшін қолданылатын діни ұғым.
Христиандық ілімге сәйкес Адам бұл әлемге жетілген адам, Құдай ұлы ретінде келді, сондықтан да дүниеде ешқандай жамандық болмады. Адамның азғындауы жаңа адам өміріне – күнәһарлықты, күйтшілдікті және ажалды әкелді. Күнәһарлық құлдырау адамды жамандыққа әкеледі. Діни догмалар – адамға Құдай ашқан, күнәдан арылудың өзгермейтін, абсолютті және мәңгілік ережесі.
Діни моральда адамгершіліктік категориялардың бәріне «қасиеттілік» атрибуты беріліп, жақсылық пен жамандық, рақымшылдық, өмірдің мәні, мұрат, бақыт туралы түсінік діни мазмұнмен толықтырылды.
Діни моральда, бір жағынан, дінге сенушілердің жаратылыстан тыс күш – Құдайға көзқарасын айқындайтын өсиеттер жиынтығы ұсынылады. Екінші жағынан, адамдар арасындағы қатынасты реттеуге тиіс принциптер мен нормалар бар. Діни-адамгершілік нұсқаулардың о дүниедегі жағдайларға бағыттылығы адамның нақты жердегі өмірінің объективті құнын түсіреді.
Қайта Өркендеу дәуіріндегі этикалық ұстанымдар осы уақытта дамыған гуманизм мен пантеизм принциптерінің ықпалымен дамыды.
Гуманистер адам бостандығын жариялады, діни аскетизмге қарсы, адам ләззаты мен өз мұқтаждықтарын қанағаттандыру құқығы жолында күресті.
Теоцентристік және антропоцентристік дүниетанымдық ұстанымдар этикалық мәселелердің қойылу ерекшелігін анықтады. Осы дәуірде адамдар арасындағы теңдік пен сыйлаушылықты арман еткен утопиялық теориялар да пайда болды.
Н.Макиавелли қоғам Құдайдың құдіретінен емес, табиғи себептерге байланысты дамиды дей отырып, халықты басқаруға қабілетті күшті ұлттық мемлекетті құруды ұсынды. Саяси күресте ұлы мақсаттар үшін мораль заңдарын елемей, қандай да болсын құралдарды қолдануға болады деп санады.
ХҮІІ ғасырда Қайта Өркендеу дәуірінде бастау алған жаңа дүниетаным одан әрі дамып, жетіле түседі. Қоғам ақыл мен ағарту ұрандарын ұсынып, табиғатқа билік жүргізуге ұмтылады. ХҮІІІ ғасыр «ақыл мен ағартушылық ғасыры» болды, ал ХҮІІ ғасыр «данышпандар ғасыры» деп бағаланып, оған негіз, дайындық ретінде қарастырылды. Шынында да, осы уақытта алгебра мен аналитикалық геометрия жасалып, математикада интегралды есептеулер мен дифференциалды теңдеулер ашылады. Осы уақытта Галилей, Левенгук, Ньютон, Кеплер, Боиль, Паскаль шығармашылығы дамыған. Осы екі ғасырды және ХІХ ғасырды жаңа дәуір деп атау дәстүрге айналған, өйткені бұл интеллектуалдылық пен білімнің шарықтаған, ал жалаң сенімнің бағы тайған уақыт еді.
Ғалым табиғаттың негізгі түсіндірушісіне айналып, ғалам математикалық тұрғыдан реттелген материалдық құбылыс ретінде көрінді. Осы ұстаным этикалық ілімдерде де дамытылды.

12- тақырып. Қоғамдық сана феномені: түрлері, құрылымы, мәні. ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамдық санасының жаңғыруының мәні. Қазіргі ақпараттық қоғамды философиялық талдау және қазіргі заманның жаһандық талаптарын зерделеу
1. Қоғам философиялық ұғым ретінде.
2. Қоғамның типтері.
3.Ақпараттық қоғам.
Қоғам - дегеніміз басқа да барлық организмдер сияқты ғылыми техникалық прогрестің, ресурстық, потенциалдық, ақпараттық және басқадай байланыстардағы өзгерістердің әсерімен, сондай – ақ бүкіл әлемнің, геосаяси қалыптың, әсіресе көрші елдердің әсерімен дамиды.
Қоғам көпжақты, әртүрлі қатынастар жүйесі. Олар бір – бірімен тығыз байланысты, бірінен – бірі туындап отырады. Дегенмен, қоғамдық қатынастар өзінің маңызына, атқаратын рөлінен қарай бірдей немесе бір қатарда бола алмайды. Мысалы, әр адам өзінің өмірін ұйымдастыруда материалдық жағдайы мен басқа да мүмкіндіктерін есепке ала отырып, ең алдымен, қандай қажеттілікті қанағаттандыру керектігін анықтайды, әрине тіршілікті қамтамасыз ететін тамақ, тұратын баспана, киетін киім болмаса, басқа құндылықтар туралы ойлау қиын болатыны сөзсіз.
«Материалистік түсінік бойынша, тарихтағы шешуші нәрсе, сайып келгенде, тіршіліктің өзін өндіру және ұдайы өндіріп отыруы болады, - дейдіФ.Энгельс – Ал оның өзі тағы да екі түрлі болады. бір жағынан – тіршілік заттарын, ... киім – кешектерді, пәтер – үйлерді және осыған керекті құралдарды өндіру; екінші жағынан – адамның өзін өндіру тұқым жая беру түрінде болады».
Материалдық өндіріс – тарихи процестің негізі. Адамдар материалдық игіліктерді өндіру үшін белгілі бір өндірістік қатынастарды тудырады.
Адам баласы басынан әртүрлі қоғамдық өндіріс әдістерін өткізді. Олардың даму дәрежесін бейнелейтін бір ортақ көрсеткіш бар. Ол еңбек құралы. Еңбек – күрделі процесс, қозғалыс, даму. Құрал бола алатын кез келген зат еңбек құралы бола бермейді. Ол ең алдымен, адамның қажеттілігін өтеуге жарамды болып, оның тікелей қатысымен еңбектенуге қолайлы құралға айналуы керек. Ертедегі тас дәуірі – жабайы адамдар тастан жасаған балта, балға, пышақ тектес құралдарды қару еткен заман болған еді.
Еңбек құралы мен адам бір уақытта пайда болып, бірге жасап келеді.
Ғылым мен техниканың күрт өсуіне байланысты адамдардың білім деңгейі мен кәсіптік шеберлігі де арта түсуде. Енді өз ісінің шын мамандары мен шеберлерінің қолы жүрер сәті туды. Себебі, нарықтың заңы солай. Бұл үрдіс XXI ғасырда одан әрі кеңейе береді. XXI ғасырдың жалпы белгілері – жоғары технология, жаңа байланыс жүйелері, информатиканы дамыту. Осы жалпы бағыттан Қазақстанды тыс қалды деуге болмайды. Сондықтан да:
- электроника және физиканың оны қамтамасыз ететін тиісті бағыттары;
- есептеуіш техника мен математиканың оны қамтамасыз ететін салалары;
- машина жасау және оның технологиясы XXI ғасырдағы Қазақстан ғылымының жаңа салаларына жатады.
Әрине, мұндай түбегейлі өзгерістер дәуірінде адам да оған әруақытта дайын болуы қажет. Демек, ендігі жерде күнделікті күйбең тіршілікке алданып, уақыт өткізбей, ең болмаса, бір мамандқыты игеріп алудың қамына кірісу керек, меңгеріп қана қоймай, оның ұңғыл – шұңғылын жетік біліп, өз ісінің шебері болған адам ғана заман талабына сай еңбек ете алады.
Ғылыми техникалық революция қоғамға кері де әсер ете алады. Өйткені ол адам баласындағы табиғи бьастаулар мен қоршаған ортаның әдемілігін, үйлесімділігін бұзады.
Ғылыми – техникалық революцияның салдары тіл, дәстүр, мораль, адамгершілік сияқты дәстүрлі мәдениет үлгілеріне әсер етіп, әлеуметтік психологияны, отбасылық қатынастарды өзгертуде.
Саяси сала қоғамдық өмірдің күрделеніп, ондағы әлеуметтік жіктелудің тереңдеп, әлеуметтік теңсіздіктің қалыптасуы нәтижесінде пайда болды. Ол үлкен топтардың қарым – қатынасының реттелуімен тығыз байланысты, оның негізгі элементі билік орталығы болып табылатын мемлекет.
Саяси өмір қоғамның мүдделері бір – біріне қарама – қарсы әлеуметтік топтарының қалыптасуы нәтижесінде өрбіп дамыған. Қоғам күрделене түсті, әлеуметтік мүдделерді өзара мәмілеге келтіру мақсатында саясат пайда болды. Халық басқарушыларға, элитаға және бағынушыларға, бұқараға бөлінді. Саясаттың негізгі функциясы мемлекеттің көмегімен ықпалды топ пен таптың мүддесін қорғау үшін бүкіл қоғамды басқару болды.
Қоғамның саяси өмірін зерттей отырып, философия саясат субъектілерінң саяси мәдениетіне, лидерлер мен бұқараның өзара қарым – қатынасына, саясатқа қатысушылардың рухани деңгейіне ерекше көңіл аударады. Философия саяси өмірдегі субъективті бастаманың жоғары деңгейін атап көрсетеді. Ол, сонымен қатар, қоғамның қаншалықты деңгейде демократиялық, яғни саясатқа қатысушылардың мүмкіндіктері бірдей ме, бірдей емес пе деген мәселелерге көңіл қояды. Саяси өмірідің институттарына әртүрлі партиялар, қоғамдық ұйымдар мен ассоциялар жатады. Дегенмен, саясаттың негізгі құралы мемлекет болып табылады.
Саясат билікті сақтау, тұрақтау, функциясын орындап қана қоймай сонымен қатар қоғамда азаматтық келісім, ізгілік орнатуға да атсалысады.осы мақсатта іс - әрекеттің өркениетті формалары констуктивті диалог, компромисс, партнерлік кеңінен қолданылады.
Қоғам өте күрделі жүйе. Ол өзінің сан ғасырлық даму барысында адамның материалдық - өндірістік, әлеуметтік – саяси, рухани – адамгершілік салаларына енгеннен кейін сан түрлі қажеттілік тудыратын орасан мол материалдық және рухани қазыналар туғызды. Бір адамдар әсем бұйымға әуес болса, келесі біреулер театр алдында, кітап дүкенінде көбірек болғанды ұнатады. Адамның қажеттілігі қарапайым материалдық мұқтаждықтан асқақ рухани сұранысқа дейін жетеді.
Қоғамда белгілі бір әлеуметтік құрылым болады. Әлеуметтік құрылым ұғымы қоғамдық еңбек бөлінісіне, өндіріс күштерінің және өндірістік қатынастардың деңгейіне байланысты қалыптасқан қауымдардың тұтастығы мен олардың өзара тұрақты қатынастарын білдіреді. Әлеуметтік құрылым қатарына адамдардың жас шамасына, жынысына, ұлтына, кәсібіне, туған жеріне, тағы басқа да ерекшеліктеріне байланысты шоғырланған топтары жатады. Бұл осы топтардың қажеттеліктері мен қызығушылықтарының іс - әрекеті мен белсенділігінің себептерінің әлемі. Мұның өзі қоғамдық өмірге тән ерекше сипаттағы әлеуметтік кеңістікті қалыптастырады.
П.Сорокин тарихта жіктелуге, әсіресе әлеуметтік жіктеуге тап болмаған қоғамның болмағандығын, олай болмады деп ойлау миф екендігін айқын дәлелдейді. Оның ойынша, кез – келген қоғамда әлеуметтік стратификацияның үші түрі бар.
Бірінші – кәсіптік, яғни адамдар технологиялық белгі бойынша бөлінеді.
Екінші – адамдардың экономикалық жіктелуі, олардың тұрмыс деңгейі, кіріс – табыс мөлшері әртүрлі. Үшінші жіктелу – саяси стратификация деп аталады, өйткені кез келген қоғамда оны басқаратын элита және оған бағынышты бұқара өмір сүреді.
Әлеуметтік жіктелу Конституциясында барлық адамдардың теңдігі жазылған демократиялық қоғамдар да орын алған. Жіктелу отбасында, шіркеуде де, тіпті кез келген әлеуметтік топ та болуы мүмкін.
Қоғамның жікке бөлінуі табиғи және заңды құбылыс. Бұл тұрғыдан алғанда әлеуметтік біркелкілікті орнатуға бағытталған коммунистік идея ешуақытта тәжірибеде орындалмас еді.
П.Сорокин кез келген тарихи дәуірде жіктелу күштері мен қоғамдағы топтарды бір – бірімен жақындастыруға тырысқан күштердің арасында әрдайым күрес жүріп отырады деп пайымдаған. Бірінші күш – ұдайы және тұрақты жұмыс істейді, ал екіншілері - өз жұмысын келеңсіз, тіпті кейде бір сезімге берілумен жүргізеді. Мысалы, кеңес өкіметі кезінде қоғамдық меншіктік қалыптастыру жолдары белгілі бір күш қолдану арқылы іске асырылды, не болмаса селоны қаланың деңгейіне көтеру үшін адамдардың дәстүрлі өмір сүру салтының жекелеген элементтерін жою т.б.
Әлеуметтік стратификация – қоғамдағы халықтың табиғи, қалыпты жіктерге (топтарға) бөлінуі. Әртүрлі топтар арасында құқық пен артықшылықтар (привилегии), міндеттер мен жауапкершіліктер әртүрлі бағытта, сарында бөлініп отырады. Л.Сорокиннің ілімінің үлкен танымдық мүмкіндігі бар, өйткені ол қоғамды оның ішкі әртүрлігі мен көпжақтылығы тұрғысынан қарастырады. Бұл идеяның методологиялық маңызы өте жоғары, өйткені, ол қоғамды қоғамдық еңбектің дамуымен, оның көпжақты көріністерін бейнелейтін күрделі біртұтастық ретінде түсінуге жол ашады.
Қоғамдық өмірдің әлеуметтік саласын зерттеуде маркстік көзқарас та маңызды роль атқарады. Әлеуметтік саланың объективті негізі қоғамның материалдық өмірі болып табылады.
А.Айталиев «Ұлттану» тақырыбындағы көрнекті еңбегінде адамдар өздерінің жүріп өткен тарихи жолында басынан кешірген алғашқы топтар төңірегіндегі бірқатар терминдерді анықтап көрсетеді. Ол өз талдауын «нәсіл», «нәсілдік топ» ұғымын саралаудан бастаған.
Адамдардың антропологиялық жалпы белгілері бойынша топтасқан бірлестігі – нәсіл деп аталады. Нәсіл – шығу тегіне және әртүрлі тұқым қуалайтын ерекшеліктеріне байланысты бірлескен – адамдар тобы.
Ру – алғашқы қауымның экономикалық қатынасының барысында туыстық байланыстармен топтасқан адамдар бірлестігігінің түрі. Рудың экономикалық негізі жерге деген қоғамдық меншіктік қатынас.
Алғашқы қауымдық құрылыстың маңызды қауымдастың түрі – тайпа болды. Ол – белгілі бір территорияда тұратын, ортақ тілі, діні, әдет – ғұрпы бар рулар мен рулық қауымдастықтың одағы. Тайпаның ыдырауына мүліктің оқшаулану мен ақсүйектердің жіктелуі, қолбасылар рөлінің артуы себеп болды. Рулық қатынастардың товарлық қатынастармен алмасуына байланысты тайпалар халықтарға біріге бастады.
А.Айталиев халық ұғымының әдебиетте үш мағынасы бар екендігін көрсетеді. Біріншіден, белгілі бір елде қоныс теуіп, өмір сүретін адамдар тобы – халық деп аталады.
Мысалы, Қазақстан халқы, Ресей халқы. «Халық» осы мағынада территориялық, мемлекеттік ұғымды білдіреді.
Екіншіден, халық ұғымы этникалық қауымдастықты бейнелейді. Орыстар, қазақтар, еврейлер т.б. Құрамы біркелкі елдерде ұлт, мемлекет, халық ұғымдарының мазмұны біртектес.
Үшіншіден, халық деп – көп ұлтты мемлекеттің сан жағынан аз халықтың тобын атайды.
Ұлт деп жер, тіл, экономикалық қатынастар, мәдени ерекшеліктер мен психологиялық ортақтығы негізінде қалыптасқан адамдардың тарихи - әлеуметтік этникалық бірлестігін айтады.
Ұлттың бірнеше маңызды белгілері бар. Біріншіден, территорияның ортақтығы. Бірақ тек қана белгілі территория емес, сол территорияда өрбіген шаруашылық кәсібі маңызды болған. Мысалы, біздің қазақ халқының өмір салты, еңбек тәжірибесі, талғамы, мінез – құлқы, әдет – ғұрыпы көшпелі мал шаруашылығының адам өмірі мен психологиясына тигізген әсерінен туындайды.
Екіншіден, ортақ территорияға тілдің де ортақтығы қосылады. Ұлттық тіл - әдебиетте, бекіген осы ұлттың барлық өкілдеріне тән сөйлеу.
Үшіншіден, экономикалық өмірдің ортақтығы. Ол елдің әртүрлі аймағының белгілі бір кәсіпке бейімделуі мен олардың арасындағы сауда – саттық қатынасының нығаюымен тығыз байланыста болады.
Әр ұлттың өзіне тән менталитеті болады. Менталитет – қазақша, «діл» деген ұғыммен барабар. Менталитет дегеніміз – ұлттың «қоршаған әлемді белгілі бір кейіппен, қалыпта сезіну, түйсіну, түсіну және іс - әрекеттер жасау мақсатында қордаланған табиғи – тарихи дайындықтары мен ыңғайларының жүйесі» деп жазды С.Е.Нұрмұратов.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет