КӨЛІККЕ МІНГЕНДЕ
Қаламызда қырандай Самғар көлік табылар.
Троллейбус пен трамвай, Автобустар тағы бар.
Автобусқа асығып, Жолды кесіп өтпеймін. Доп тепкендей асырып, Бос қалбырды теппеймін.
Жол шетіне трамвай Келе алмайды күтсең де. Болу керек тым абай Мінгенде не түскенде.
ТӘРТІП САҚТАП ЖҮРЕМІН
Үйренуден тынбаймын, Білімімді шыңдаймын.
Кішілерге қамқормын, Үлкендерді тыңдаймын.
Велосипед теппе деп, Айтпаса да, еп керек. Жүгірмеймін доп қуып Көліктерге бетпе-бет.
Көше жаққа бармаймын, Таса жерде қалмаймын. Ойнау үшін арнайы Орындарды таңдаймын.
Өзім барар бағыттың Нөмірін де білемін. Ережеге қанықпын, Артқы есіктен кіремін.
Жұрт аяғын баспаймын, Бүлдірмеймін, шашпаймын. Жолақысын «қоянша», Төлеместен қашпаймын.
Шаршап кейде жүрсем де, Орын берем үлкенге.
Қатты шулап тұрмаймын, Құрбылармен күлсем де.
Аялдама аттарын, Жаңылмастан жаттаймын. Жолда жүру тәртібін, Мен осылай сақтаймын.
Қ.Шағыр
Өзенде де, тауда да, Саябақта, аулада Тәртіп сақтап жүреді Шымыр, дені сау бала.
Тағдыр деген, шырағым, Қателікті кеше ме, Күтіп қана тұрамын, Қызыл жанса көшеде.
Зер саламын бар маңға, Сабырлымын, саспаймын. Ал сарысы жанғанда, Дайындала бастаймын.
Жабықпаймын жасықтай, Мектепке әлі жетемін.
Жасыл
жанса асықпай, Арғы бетке өтемін.
Қ.Шағыр