Жатаған сабақтар (желі сабақ) өте әлсіз, жұмсақ. Жер бауырлап жатады. Мұртшалары
арқылы ұзарып өседі. Мұртша да желі сабақ тобына жатады. Мұртшаның желі сабаққа
қарағанда буынаралықтары ұзын және топыраққа жанасқан жерінен қосалқы тамыр
шығады (құлпынай). Желі сабақтың буынаралықтары қысқа. Топыраққа жанасқан жерінен
тамыр шықпайды (асқабақ, қияр, қауын, қарбыз).
Шырмалғыш сабақтар нәзік болғандықтан айналасындағы өсімдіктерге шырмалып
өседі (шырмауық, құлмақ), мұртшалары болмайды.
Өрмелегіш және жабысқақ сабақтар. Өрмелегіш сабақтар – мұртшасы арқылы басқа
өсімдікке жабысып, өрмелеп өседі (асбұршақ, жабайы бұршақ, жүзім және т. б.).
Бұлардың сабақтары сүйенетін өсімдікке тығыз жанаспайды. Жабысқақ сабақты
өсімдіктер ілмешегі, емізікше өсінділері, жабысқақ түктері арқылы сүйенетін өсімдігіне
тығыз жанасады. Сүйенетін өсімдіктен ажырату қиын. Мысалы, плющ, жабысқақ
қызылбояу (подмаренник цепкий) және т.б. жатады. Сабақтары жеңіл әрі жіңішке, ұзын
болғандықтан шырмалғыш, өрмелегіш сабақты, өсімдіктерді лианалар дейді.