3)Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған көтеріліс: Нұрмұхамедұлы Жанқожа (1774–1860) – батыр, Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы. Қазіргі Қызылорда облысының Қазалы ауданында туған. 19-шы ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауын қоныстанған қазақтарға өз үстемдігін жүргізе бастаған Хиуа, Қоқан хандықтары 1830–1840 жылдары жергілікті халыққа өктемдігін одан әрі күшейтті. Хиуа хандығы Жаңадария, Қуаңдария, Қызылқұмнан өтіп, Қосқорған, Арал теңіздеріне дейінгі аралықтағы Сыр бойындағы қазақтарға шапқыншылықтар жасап, малын барымталап, әйел, бала-шағаларын тұтқынға алып кетіп отырды. Қоқандықтар шекара бекітіп, әкімшілік құрып, 1817 жылдан бастап салына бастаған бекіністерінен әркез жасақтар шығарып, бейбіт елді шауып, алым-салық жинап тұрды. Осындай зорлық-зомбылықтан жапа шеккен қазақтар, жастайынан әділдігімен, батырлығымен елге танымал болған Жанқожаның төңірегіне топтасады. Жанқожа 17 жасында Кіші жүз құрамындағы Әлімұлы тайпасының жергілікті рулары сайлап алған Қылышбай ханның Хиуа бекінісіне жасаған жорығы кезінде жасаққа елеусіз еріп барып, ешкімге дес бермей тұрған қарақалпақ батыры Тықыны жекпе-жекте өлтіреді. Осы жорықта әділетсіздігі үшін Қылышбай ханның өзіне де қол жұмсайды. Көтерілістің бас кезінде Жанқожаның 1500-ден аса сарбазы болса, 1857 жылы қаңтарда олардың саны 5000-ға жетеді. Жағдай Орынбор генерал-губернаторы В. Перовскийді қатты алаңдатты. Ол генерал-майор Фитингофт бастаған 300 атты казак, 320 жаяу әскер, 1 зеңбірек, т. б. қаруларымен қоса сұлтан Елікей Қасымов бастаған бірнеше жүз қазақ жасағы бар жазалау отрядын аттандырады. Екі жақ Арықбалықтың тұсында кездесіп, бірнеше дүркін шайқас болады. Бақайшағына дейін қаруланған жазалаушы отрядқа көтерілісшілер қарсы тұра алмай, шегінуге мәжбүр болады. Екі күн бойы ізіне түскен жазалаушы отрядтың көзіне көрінбей, көтерілісшілер Қызылқұмға ойысып кетеді. Жазалаушы отряд жолда кездескен қазақ ауылдарын шауып, тонаушылыққа ұшыратады. Фитингофт бастаған жазалаушы отряд ақпан-наурыз айларында көтерілісші халыққа қарсы тағы бірнеше рет жорыққа шығып, қазақ ауылдарына адам айтқысыз жауыздықтар жасайды. 1856–1857 жылдары қазақтардан тартып алынып есептелмей, талан-таражға түскенді қоспағанда, 79567 сомның малы сатылады. Көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейін Жанқожа сатқындық жасаған рубасылары мен елағаларына ренжіп, Дауқара жаққа, одан Бұхар хандығы жеріндегі Ерлер тауына жалғыз кетіп қалады. Екі жылдан соң қайта оралып, Қызылқұмда жалғыз отырған Жанқожаны Елікей Қасымов бастаған казак отряды өлтіріп кетеді.