34-билет 1)Абылай ханның үш жүздің басын біріктіруі Абылай ханның үш жүздің басын біріктіруі
Абылайдың жүріп өткен әрбір сүрлеуі – тарих. Себебі оның өмір бойы жасаған барлық қамы да, тірлігі де – қазақ үшін болды.Сондықтан оның жоңғарлармен қалай соғысып, Ресеймен қарым-қатынас орнатып, Қытаймен арадағы жағдайды қалай реттегенін мына жерде судыратып жазғанның керегі шамалы секілді. Оны кез келген тарих кітабынан алуға болады. Ал оның ерлік ісін мадақтау бүгінгі ұрпақтың еншісінде. Ол жайлы қалай толғансақ та артықтық етпейді.«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарында «Елім-айлап» зар жылаған жесірлер мен жетімдердің арасында бала Абылай да болды. Бұл болашақ ханның 13 жасар кезі болса керек. Сол кездерде оның Сабалақ атанып, Төле бидің қолына барып паналап түйе бағып жүргені.Жоңғарлардың қорлығы еті мен сүйегіне өткен қазақ даласы бір тудың астына бірігіп қаншама рет жалаң қолмен жауының зеңбірекпен дүркіреген қолына қирата соққы берді. Оларды ерлікке жұмылдырған да осы кек болса керек. Осы қарқынмен қазақтың қазір аты тарихқа айналған батырлары: Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Баян, Малайсары, Тәтіқара секілді жыраулары бастаған қол жоңғарлардың иелігіне кеткен қаншама қазақтың бүгінгі жерлерін, қалаларын қайтарып алды.
2)Хандық биліктің жойылуы: Қазақстандағы хандық биліктің жойылуы - 1822 және 1824 жылдары патша укіметі Орта жүз бен Кіші жүздегі хан билігін жойды. Қазақтар өзінің мемлекеттілігінен осылайша айырылды.
Хан билігін жоюдың себептері мен алғышарттары XIX ғасырдың жиырмасыншы жылдарына қарай патша үкіметі Қазақстандағы хан билігін жоятын уақыт келіп жетті деген қорытынды жасады. Бұған салмақты негіздер де, қажетті бірқатар алғышарттар да жеткілікті деп санады. Біріншіден, қазақ хандары дала тұрғындарының басым көпшілігінің алдында өздерінің беделінен айырылып қалды. Жергілікті байырғы халық патша үкіметі тағайындаған хандарды баяғыдай дербес ел басқарушылар деп емес, көбінесе Ресей империясының кәдімгі көп шенеуніктерінің бірі ғана деп қабылдады. Оның үстіне, тап сондай дәрменсіз билеушілердің саны да көбейіп бара жатты. Патша үкіметі әр жүздің (Кіші жүз бен Орта жүздің) бұрыннан бар хандарының қатарына жаңа хандарды қосып отырды. Мәселен, 1812 жылы Кіші жүздің Жайықтың оң жақ бетіндегі қазақтарға Бөкей сұлтан өз алдына жеке хан болып шыға келсе, 1815 жылы Орта жүзде Уәли ханмен қатар және Бөкей сұлтан да хан болып тағайындалды. Екіншіден, бұл кезде патша үкіметі Кіші жүзді де, Орта жүзді де бірнеше әкімшілікке бөлшектеген еді. Мұның өзі патша үкіметінің көшпелі қазақтарды басқаруына өте қолайлы болып шықты. 1788 жылы Ертіс бойындағы қазақтардың сұлтан Сұлтанбек басқарған бір бөлігі Ертіс өзенінің оң жағында«мәңгілік көшіп-қонып жүру» құқығына ие болды. Сөйтіп Орта жүз бірі Ертістің оң жағалауы, екіншісі Ертістің сол жағалауы болып екіге жарылды. 1801жылы Жайықтың оң жағалауында Кіші жүзден бөлінген Ішкі Орда құрылғанын айттық. Оның үстіне, 1808 жылғы ашаршылық кезінде Кіші жүздің 20 мыңға жуық қазағы башқұрт кантондарының аумағына уақытша көшірілді. Бір кездегі біртұтас жүздердің арасында ендігі жерде ешқандай да еркін байланыс жасау мүмкіндігі қалмады, өйткені ондай байланыс жасауға қатаң тыйым салынды.Үшіншіден, XIX ғасырдың бас кезінде Шыңғыс ұрпағы бірқатарының патша үкіметінің әкімшілігіне белсенді қарсылық білдірген оқиғалары көбейіп кетті. Ал ақыр соңында, патша үкіметі Франциямен соғыс аяқталғаннан кейін жеткілікті әскер күші мен адам ресурстарына ие болды. Мұның өзі оның тәуелсіз қазақтардың заңды билігін — хан билігін біржолата жоюға итермеледі. Өйткені хан билігінің сақталуы патша үкіметінің өлкені шаруашылық тұрғысынан кең көлемде отарлауына кедергі келтірген еді.