228
шатырына кіріп кетті. Сахабалардың бір бөлігі Әбу Бәкір Сыддықты қолдап,
қалғаны Хазіреті Омардың ойын дұрыс санап өзара дабырласып жатты.
Сәлден соң Хазіреті Расулаллаһ шатырынан шықты да досына қарап:
"Сенің шешімің Хазіреті Ибраһимдікіне ұқсайды. Ол бір кездері
Аллаһқа дұға етіп "Кімде-кім менің соңымнан ерсе, менің жамағатымнан
саналады. Қарсы келгендер де Саған мәлім, уа, Аллаһым! сен қалағаныңды
кешіресің. Сен аса кешірімшіл әрі рақымдысың", - деген.
Сенің халің Хазіреті Исаға да ұқсайды. Хазіреті Иса ұлы Аллаһ
Тағалаға "Егер сен оларды азапқа душар етсең, олар сенің құлдарың. Егер
кешірер болсаң, құдіретімен бар нәрседен биік тұратын да ғазиз, хикметіңмен
әр нәрсені орын-орнына қоятын да хаким өзіңсің" деп жалбарынған-тұғын.
Мұнан соң Омар Фаруққа бұрылып:
"Уа, Омар! Сенің ұстанғаның Хазіреті Нұхтың ұстанымы тәрізді. Ол
Аллаһқа "Уа, Раббым! Жер жүзіндегі кәпір атаулыны түп-тамырымен жой"
деп жалынған. Осы кейпің Хазіреті Мұсаға да келеді. Мұса пайғамбар Ұлы
жаратушыға қол жайып:
"Сен олардың мал-мүлкін қырып жойып, жүректерін қайғыдан
арылтпа, өйткені олар азаптанбайынша иманға келмейді" деген еді".
Осылай деді де пайғамбарлар сұлтаны Хазіреті Әбу Бәкірдің ойына
келіскендігін білдірді. Қолға түскен мүшріктердің әрқайсысынан төрт мың
дирхәм підия салығын алып, еркіне қоя беруді жөн санады. Ең маңыздысы,
підия беруге шамасы келмейтін, бірақ сауатты тұтқындар әнсардан он балаға
оқу-жазу үйретуге міндеттелді. Зәйд ибн Сабит осылайша сауаттанғандардың
бірі. Мәдинада сауаттылар қатары артты. Бұл да Алланың сүйікті елшісі мен
оның серіктерінің ақылды тоқтамының нәтижесі еді.
Достарыңызбен бөлісу: