Морфологиялық принцип пен иероглиф принципі. Морфологиялық принцип бойынша жазу сөздердің айтылуына емес, түбір тұлғасын сақтауға негізделеді. Көптеген тілдерде сөздерге сөз тудырушы аффикстер мен сөз түрлендіруші аффикстер жалғанғанда, екі сөз бірігіп немесе өз ара тіркесіп айтылғанда, сөздер мен сөз тіркестерінің айтылуы өзгеріп, әр түрлі дыбыстық өзгерістерге ұшырайды. Морфологиялық принцип дыбыстлудағы бұл рекшеліктерді ескермей , сөз құрамындағы сыңарлардың жеке тұрғандағы қалпын сақтап жазуды басшылыққа алады. Мысалы, басшы (башшы емес), ұшсын (ұшшын емес), сәнқой (сәңқой емес), көрінбеді (көрімбеді емес), қазанғап (қазаңғап емес), әркім (әргім емес).
Орыс тілінде айтылуда вадавоз, атрез, одзыв, хаждение түрінде дыбысталатын сөздер жазуда морфологиялық принципті гаяныш етудің негізінде водовоз, отрез, отзыв, хождение түрінде жазылады.
Иероглиф немесе символ принципі біркелкі дыбысталатын сөздерді , яғни омонимдерді жазуда бір-бірінен ажырату үшін қолданылады. Мысалы, орыс тілінде “музыкалы би кеші” деген мағынаны білдіретін бал деген сөз бен “оқушылардың білім дәрежесіне қарай қойылатын цифрлы баға” деген мағынаны білдіретін балл сөзі жазуда біреуінде жалғыз л әрпі , екіншісінде қосарлы лл әрпі қолданылу арқылы ажыратылады. Орыс тілінде “науқан” деген мағынаны білдіретін кампания деген сөзден “бірлестік, серіктестік” компания деген сөз жазуда иероглиф принципі бойынша ажыратылып жазылады. Қазақ тілінде “ жай, күй, жағдай” деген мағынаны білдіретін хал сөзі мен “денедегі кішірек қоңырқай таңба, белгі” деген мағынаны білдіретін қал сөзінің осылайша жазылуы иероглиф принципі мысал бола алады. Бұл принциптің сөздерді бір-бірінен ажыратушы қызметі ескеріліп, ол кейде дифференциальды принцип деп те аталады.
Жазу және оның даму кезеңдері. Жазудың тарихына қатысты шетелдік тіл білімінде біраз еңбектер аз емес. Атап өтсек, В.А.Истриннің «Возникновение и развитие письма» (Москва, 1965), «Развитие письма» (Москва, 1961); Д.Дирингердің «Алфавит» (Москва, 1963), И.Фридрихтің «История письма» (Москва, 1979),; И.Е.Гельбтің «Опыт изучения письма» (Москва, 1982) сынды еңбектер.
Жоғарыда аталып өткен еңбектерге сүйене отырып, жазудың даму тарихын эволюциясын тануға тырысайық. Қазақ тіліндегі еңбектерде сирек кездесетіндіктен әдістанымдық негіз ретінде жазу тарихына шолу жасаудың қажеттілігі бар деп білеміз.
Қоғамдағы адамның мәні өз ойын сыртқа шығару қабілеті мен өзгелермен қарым-қатынас жасай алу қабілеті арқылы ерекшеленеді. Біріншісі, жеке-дара қасиеті болса, екіншісі, әлеуметтік қасиет. Адам өз сезімін ән айту, өлең шығару, сурет салу, мүсін жасау сияқты қоғамдық шартты құбылыстар арқылы білдіреді. Тарихқа көз жүгіртсек адам қоғамсыз өмір сүре алмағын. Сондықтан қоғам болып бірлесіп қабылданған бейнелер арқылы өз ойын, сезімін сыртқа шығарудың жолдары көбейе түсті.
Жазу сурет өнерінен бөлініп шықты. Ол қоғамдық ортақ келісімнен шыққан жасанды қарым-қатынас құралы болды. Айнала қоршаған ортадан көрген-білгенін, бастан кешкен оқиғаларын, сезіміне әсер еткен заттар мен құбылыстарды тұрмыс құралдарына қашап, кертіп салды (towrite – «жазу», көнескандинавиялық rita – «керту», «тырнау» деген мағына береді).
Алғашқыда адам тек өз басындағы ой, сезімді табиғат құралдарына белгілеп, сыртқа шығарды. Уақыт өте келе бұл туындыларды өзгелер де қарап, оқиға, құбылыстарды түсініп, қабылдай алатын болды. Жазудың қоғамдық сипаты сол дәуірлерден ақындала түскен. Бұның басты себебі, өз ойын сыртқа көркемдеп жеткізе білетін әрі қолынан сурет салу келетін қасиет адамдар санаулы болды да, ол «құдай жіберген» адам түсінігінде қабылданды. Бұл пиктографиялық жазу түрі еді. Тек бұл жазу түрін зерттеушілер жазу тарихынан гөрі өнер, магия тарихына апарады. Д. Дрингердің айтуы бойынша: «Полеолит дәуіріндегі суреттер біреуге бірдеме хабарлау мақсатынан тумаған сияқты, олар тек өз сезімдерін сыртқа шығару үшін ғана керек болды». Адамзат сөйлеуінің сатыларына сәйкес жазу типтері пайда болады. Ауызша тілдің сөйлем мүшелеріне бөлінбей, синкретті қолдану себебінен ең алғашқы жазулар сурет, идеограмма, логограмма болған. Сөздің дыбыстық элементтерге бөлінгенінен бастап дербес жазу шықты.
Адамзат өркениетінің ғұмыры жазу кезеңдерінің ғұмырынің өлшегіші. Жазудың пайда болуы, оның типтерінің, түрлерінің пайда болуы өндірістің, экономиканың дамуы мен қоғамдық, экономикалық қатынастардың жетілуіне қатысты болды. Дыбыс жазудың шығуы, біріншіден, адамзат санасының жетілуіне байланысты болса, екіншіден, жазудың қоғамдық қажеттіліктерді орындай алуында байланысты болды. Сөздің буынға, буынның дауысты және дауыссыз дыбыстарға бөлінуін байқау адамзат санасының өте жоғары дәрежесін қажет етті.
Ғалымдар жазу түрлері мен типтері туралы әртүрлі пікір айтады. И.Е. Гельб, Л.В. Зиндер сурет жазуын жазу емес, логографиялық жазудың алдындағы саты деп нақтылайды. Бұған Египет пен Грецияда жазу мен суреттің бір болуы, шумер логограммаларына қарағанда египет логограммаларында бейнелі-символикалық таңбалардың көп болуы да себеп болды.
И.Е. Гельб «жазу» ұғымына фонографиялық жазуды сәйкестендіреді. Оның топтастыруынша, фонографиялық жазу сөз бен буын жазуын, (шумер, египет, хэтт, қытай), буын жазуын (финикий, жапон) және әріп жазуын (грек, арамей, латын) қамтыды.
В.А. Истрин фразограммамен бірге алғашқы жазу типіне пиктографиялық жазуды жатқызып, одан кейін логограмма, морфеграмма, силлабограмма, фонограмма бірліктері жазу типтеріне сәйкес келеді дейді.
Америка үндістері, Қиыр солтүстік халықтарында, ертедегі Египет, Месопотамия, Финики, Крит, Испания, Оңтүстік Франция, Шумер, Қытай жерлерінде, Ацтек, Гватемалла, Пасха аралдарында алғашқы сурет жазу түрлері пайда болды. Қазақстан жерінде Алматы облысы Таңбалы сай (б.э.д. 7 ғасыр), Талдықорған облысы, Ақсу, Қапал жерінен, Дауылбай тауынан, Теректі сайы, Алакөл, Талас ойпатынан, Қарағанды облысы, Қаратаудан, Семей, Дегрес, Балқаш, Ұлытаудан табылды.