Дәріс тақырыбы: Тіл білімі және оның зерттеу нысаны (объектісі)


Сөз таптарының шығуы мен дамуы



бет67/72
Дата10.10.2022
өлшемі205,02 Kb.
#42209
түріҚұрамы
1   ...   64   65   66   67   68   69   70   71   72
Байланысты:
лекция ТБК 1 семестр

Сөз таптарының шығуы мен дамуы.
Бірсыпыра зерттеушілер сөз таптарының шығуын мүшелерімен байланыстырады. Мысалы, акад. И.И Мещанинов өзінің «Сөйлем мүшелері мен сөз таптары» (М., 1945) деген кітабында былай деп жазды: «Сөйлемде зат есім - бастауыш немесе толықтауыш, сын есім - анықтауыш, үстеулер – пысықтауыш, етістіктер - баяндауыш ретінде жұмсалады. Олай болса, сөз таптары сөйлем мүшелері болу арқылы бөлініп шықты», - дейді.
Бұл пікір онша дәл емес. Мүмкін кейбір сөз таптары (мысалы, үстеу) солай жасалынса, жасалған шығар. Бірақ барлық сөз табы сөйлем мүшелерінен бөлініп шықты деу әр уақыт дұрыс бола бермейді. Мәселен, зат есім, сын есім, етістік дегендер өз алдына жеке-жеке жасалуы немесе бірінен-бірі бөлініп шығуы әбден мүмкін.
Ескерте кететін нәрсе: бұл құбылыс бірден бола салған жоқ. Ол тарихи даму барысында біртіндеп жасалып қалыптасты. Аталған ойды тіл білімінің әйгілі білгірлері А.А.Потебня мен В.М.Жирмунскийлер де айтқан болатын.
Мәселен А.А.Потебня: «Сын есімдер зат есімдерден бөлініп шықты. Зат есімнен сын есімнің бөлініп шығуы дегеніміз зат есімнің (анықтауыш) мүше ретінде қолданылуы деп жазды, өзінің 1899 жылы шыққан» «Из записок по русской грамматике» деген еңбегінде (ІІ бөлім, 86-6.).
Көне дәуірде зат есімдер мен сын есімдердің жігі ажырамаған. Мысалы, жас, көк сөздерінің әрі зат есім (жас келсе іске, ертең көкке шығалық), әрі сын есім (жас бала көк шөп) болуы сол көне құбылыстың ізі екендігін көрсетеді. Тілімізде әрі зат есім, әрі сын есім болатын сөздер (ыстық, жарық, салқын, суық) ғана емес, әрі зат есім, етістік болатын сөздер де бар. Мысалы: көш (көш келе жатыр, бүрсігүні жайлауға көш) той, тоң, ық, т.б. Кейде тіпті бір сөздің өзі үш түрлі сөз табына жатуы мүмкін. Мысалы: ауыру - зат есім (ескі ауру), ауыру - сын есім (ауру жүрек) ауыру - етістік (ішінің ауыруы жанына қатты батты). Бұлар - лексикалық омонимдер. Бұлардың зат есім сыңары - зат есімдерше, сын есім сыңары - сын есімдерше, етістік сыңары - етістіктерше түрленеді, олардың әрқайсысына тән категориялармен сипатталады.
Бұл нені көрсетеді?
Бұл - зат есімдер мен сын есімдердің, етістіктердің, үстеулердің дамуы барысында біртіндеп жігі ажырап, дербес лексика-грамматикалық категориялар ретінде қалыптасқандығын көрсетеді. Яғни сөздер қолданылу ыңғайына, атқаратын қызметіне, мағынасына қарай сараланады, топтасады. Осылайша дамудың барысында сөз таптары жасалады.
Сөз таптарының бірден пайда болмай, тілдің тарихи даму барысында біртіндеп жасалатындығын үстеулердің сөз табы ретінде қалыптасуынан да көрінеді. Мысалы: қазақ тілінде босқа, зорға, бірге (барыс сеп.); кейде, қапыда, бірде (жатыс сеп.) жүресінен, кенеттен(шығыс сеп.); жайымен, ретімен (көмектес сеп.); орыс тілінде: вечером, порой, издавна, вплотную т.б. Бұлар - үстеулер. Олардың түбірлері - зат есімдер (қапы, жайы, реті), сын есімдер (бос, зор), сан есімдер (бір), есімдіктер (кей). Бұл есім сөздерге септік жалғаулары жалғанып, пысықтауыш қызметінде жұмсалу барысында үстеулерге айналған. Көрсетілген үстеулердің құрамындағы жалғаулары сол сөздердің айрылмайтын бөлшегіне айналып, көнеленіп кеткен. Оларды сөздердің түбірінен бөліп алып қарастыруға болмайды. Олар түбірге сіңісіп кеткен. Сөйтіп, сөз лексикаланып, пысықтауыштық қызмет атқарып, басқа сөз табына айналған.
Яғни есімдерден үстеу сөздер жасалыну үшін үш түрлі шарт керек екен. Олар:
1) есім сөздерге септік жалғауларының біреуі жалғанып, оның әбден орнығып калыптасуы және көнеленуі;
2) олардың мағына жағынан әуелгі төркіндерінен алшақтауы; 
3) пысықтауыш қызметінде жұмсалынуы.
Қазақ тілінде көсемше формалы етістіктердің пысықтауыш қызметінде үнемі жұмсала келіп, әбден қалыптасуынан және ондай формалардың көнеленуінен жасалған үстеулер де бар. Мысалы: аздап, аз-аздап, қайыра, жағалай, таласа-тармаса, т.б. Бұлардың көсемшелерге тек форма жағынан ғана ұқсастығы бар. Әйтпесе олар - үстеулер.
Олардың үстеу екендіктерін мыналардан көруге болады:
1) бұларға тікелей жіктік жалғаулары жалғанбайды;
2) олар сөйлемде баяндауыш болып қызмет атқармайды;
3) бұл сөздерде етістіктерге тән шақтық, жақтық т.б. қасиеттер жоқ;
4) бұлар сөйлемде тек пысықтауыш болып қызмет атқарады;
5) бұларға етістіктерге жалғанатын болымсыздық жұрнағы (-ма, -ме) қосылмайды.
Қазақ тіліндегі сүзеген, тебеген, қабаған, жатаған тәрізді сөздер формасы жағынан - есімшелер. Бірақ бұлар тілдік табиғаты жағынан - сын есімдер. Өйткені олар ұдайы анықтауыш қызметінде жұмсала келіп, өздерінің есімшелік мағыналарынан айырылып калған да, сын есімдерге айналып кеткен.
Сөз таптарының бір-біріне ауысуы сөздің лексикалық мағынасының өзгеруімен тығыз байланысты. Лексикалық мағынада өзгеріс болмай тұрып, бір сөз табының басқа бір сөз табына ауысуы мүмкін емес. Мәселен, жоғарыда айтылғандайауыру деген тұйық етістік семантикалық жақтан дами келіп, бұл күнде сын есім мағынасында да (ауру адам), зат есімі мағынасында да (ауруды емдеу) қолданыла береді. Қазір зат есімдер болып қалыптасып кеткен егеу, көсеубояу, жабу деген сөздер де тұйық етістіктердің заттануынан жасалғандар. Бұл сөздер, сонымен бірге, етістік қалпын да сақтап қалған. Сондай-ақ, батыр, ер, қарт деген сын есімдер субстантивтеніп, зат есім түріңде де қолданыла береді.
Сөйтіп, сөз таптары бір-біріне ауысып жатады. Ол ауысу сөздердің лексикалық мағыналары мен грамматикалық мағыналарының өзгеруі нәтижесінде іске асады. Бір сөз табының екінші бір сөз табына ауысуына қарай ғылымда олардың атаулары да әртүрлі болып келеді. Мысалы, басқа бір сөз табы зат есімге ауысса, оны субстантивтену (больной, ученый, трое), сын есімге ауысса - адьективтену (қашаған, сүзеген), есімдікке ауысса - прономиналдану (біреу келіп кетті), үстеуге ауысса - адвербиалдану (күнде, кешке, босқа, лажсыздан, қайта, жата-жастана), шылауға ауысса - конъюнктену (күн ашық, әрі ыстық), етістікке ауысса – вербалдану (Махамбет – ақын, Махамбет - батыр) деп атайды.
Шылаулар да бір кездері жеке-дара қолданылатын дербес мағыналы атауыш сөздер, олардың кейбіреулері мағыналары солғындап, дербестігінен айырылып, көмекші сөздерге айналуы нәтижесінде бірте-бірте қалыптасты, сөйтіп, жеке категория болды. Мысалы: шейін (шек+ін), сияқты (сиық+ты), бойы (бой+ы), жөнінде (жөн+ін+де), шамалы (шама+лы) деген септеулік шылаулар есімдермен тектес, ал дейін (де+й+ін), қарай (қара+й) тәрізді септеулік шылаулар етістіктермен тектес.
Қорыта келгенде, сөз таптары бірден емес, тілдің тарихи дамуы барысында біртіндеп сараланды, дамыды. Олардың әрқайсысы өзіндік жалпы категориялды мағынаға ие болады, морфологиялық жағынан тұлғаланады. Сөз тудырушы және сөз түрлендіруші арнайы формаларға ие болып, сөйлемде белгілі бір синтаксистік қызмет атқаруға икемделеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   64   65   66   67   68   69   70   71   72




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет