Сөзжасамдық единицалар. Сөзжасамдық ұя. Синтетикалық сөзжасам қазақ тілінің сөздік қорын байытуда өте үлкен қызмет атқарады. Сондықтан да тілдің сөздік қорында негізгі түбір сөздерден туынды түбір сөздер әлдеқайда көп. Тіліміздің сөздік қорынан туынды түбір сөздердің кең орын алатынын сөзжасамдық ұялар анық дәлелдейді. Өйткені әр сөзжасамдық ұя бір негізгі түбір сөзден қанша туынды түбір сөз жасалғанын анық, ашық көрсетеді. Мысал, бір ғана бу деген негізгі түбірден жасалған сөзжасамдық ұяда 44 туынды түбір бар. Сол сияқты тілдегі әр сөзжасамдық ұяға бір негізгі түбір сөз тіркес болып, ал оның әрқайсысынан талай туыннды түбірлер жасалғаны тілдегі туынды түбір сөздердің тілдің сөздік құрамынан басым орын алатынына толық дәлел бола алады. Олай болса, тіліміздің сөздік қорын байытуда ерекше орын алатын туынды түбірлердің жасалуына қандай негізгі сөздер өзек, тірек болғанын, негізгі түбір сөздердің туынды түбір сөз жасаудағы құндылығын анықтау, олардан туынды түбір сөздің өрбу жолын көрсету өте маңызды. Оы мәселенің ғылыми негізін анықтауда сөзжасамдық ұяны зерттеу өте қажет. Сөзжасамдық ұя бір сөздің негізінде туынды түбір сөздердің жасалуынның барлық жолын, тетігін ашып береді. Қазақ тіліндегі сөзжасамдық ұя мәселесін зерттеу 1989 жылғы жарияланған «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты монографиялық еңбектен басталады.
Сөзжасамдық тізбек. Сөзжасамдық ұяның мүшелерінің негізгілерінің бірі - сөзжасамдық тізбек. Сөзжасамдық ұя орыс тіл білімінде зерттеле бастағаннан бері оның құрамында сөзжасамдық тізбек те зерттеле басаталды. Орыс тіл білімінде сөзжасамдық ұя мәселесі 20-30 жылдан бері өнімді зерттеліп келді. Онда сөзжасамдық тізбектің анықтамасы берілді, сөзжасамдық ұя, оның құрылымы мен мағынасы, сөзжасамдық ұяның мүшелері толық зерттеліп, теориялық негізі қаланды. Сөзжасамдық ұя бойынша үлкен сөздік те жарияланды. Қазақ тіл білімінде сөзжасамдық тізбек мәселесі тұғыш рет ілгеріде аталған «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» атты монографияда көтерілді, сөзжасамдық тізбек термині ғылыми айналымға алғаш сонда түсті. Бір түбірден тараған, біріне-бірі негіз болатын негізді сөздердің тобы сөзжасамдық тізбек деп аталады. Сөзжасамдық тізбектің қайсысын алсақ та, оның құрамындағы туынды түбірлер бір түп негіз сөзден бастау алады. Олай болса, тізбек атаулы түп негіз сөзден өрбиді, яғни сөзжасамдық тізбектің құрамында міндетті түрде түп негіз сөз болуы шарт. Түп негіз сөзсіз сөзжасамдық тізбек болмайды, түп негіз сөз сөзжасамдық тізбектің негізгі мүшесі.