Ағаш пен сүйектен оюлап тұрмыстық, музыкалық аспаптар жасау –халқымыздың ертеден келе жатқан дәстүрлі өнерлерінің бірі. Сүйектен ойып әшекейлі бұйым жасайтын шеберлерді, ағаш ұсталарын жұрт бұйым жасату үшін алыстан іздеп келетін болған. Қолөнер шеберлері ағаш бұйымдардың бетіне, аттың қамыт-сайман, ер-тұрманына, музыкалық аспаптарға сүйектен ойып өрнек салған.
Ағаштан оюлап жасалатын тұрмыстық заттың көп тараған түрі – ағаш төсек, кебеже, сандық. Халық шеберлері ағаштан түрлі ыдыстар да дайындаған. Олар астау, тостаған, сапты аяқ, ожау сияқты ыдыстар жасаған. Мұндай әшекейлі заттар қазақтың баспанасы киіз үйге ерекше сән беріп тұрған.
Осындай шеберлердің бірі – Дүйсен ағай. Ол Алматы облысының Кеген ауданында тұрады. Дүйсен ағай - жеке кәсіпкер. Оның ағаштан ұлттық бұйым жасайтын бірнеше шеберханасы бар.
Қазақтың музыка мәдениеті тарихында домбыра ел ішіне кең тараған екі, үш ішекті, шертіп ойнайтын аспабы ретінде ертеден белгілі болған. Қазақ жерлерінің әр өңірінде тұратын халық шеберлері домбыраны әртүрлі үлгіде жасаған. Домбыра жасауға қайың, қарағай, жөке, шырша, үйеңкі сияқты ағаштар пайдаланылған. Дүйсен ағай да домбыра жасау үшін осы ағаштарды пайдаланады. Ағай домбыраның шанағын бөлшек-бөлшек ағаштардан немесе сом ағаштан ойып жасайды. Шанақтың қақпағына қос ішектен дыбыс беретін тиек орнатылады. Ал ұзынша мойнына иірген ішектен екі немесе үш оралған пернелер тағылады.
Домбыра – қазақ музыка мәдениеті тарихында ел ішіне ең көп тараған аспап. Ол – қазақ халқының тарихын паш ететін музыкалық аспап. Үй ішінің біреуі домбыра шертпейтін отбасы қазақ арасында кем де кем. Сондықтанда Дүйсен ағайға келушілер саны өте көп. Олар еліміздің барлық аймағынан келеді. Олардың бірі өз отбасына арнап жасатса, енді біреулері сыйға тарту үшін әзірлетеді. Тіпті халық арасында кеңінен танылған әнші-күйшілерге арнап жасататындар да бар.
Дүйсен ағайдың отбасы - қонақжай. Келушілер ағайдың отбасының қонақжайлылығы мен шеберлігіне тәнті болады. Тапсырыс берушілер саны жылдан жылға артып келеді.
Шеберлер дәстүрі бүгінде жалғасын тауып келеді. Отандық кәсіпкерлер жасаған ұлттық бұйымдардың сапасы өте жақсы. (281сөз)
1. Мәтіндегі негізгі ойды анықтаңыз. *1 балл
А) Ұлттық бұйымдарды дәріптеу - бүгінгі ұрпақтың парызы.
B) Киіз үй ағаш шеберханасында жасалады.
C) Жеке кәсіпкерлікпен айналысу - табыс көзі.
D) Отандық өнімдердің сапасы жыл санап артып келеді.
2. Мәтінге нақтырақ тақырып таңдаңыз. *1 балл
A) Ағаштан жасалатын заттардың қолданылуы
B) Музыкалық аспаптар - халық қазынасы
C) Қолөнер шеберлерінің әшекей бұйымдарды жасауы
D) Он саусағынан өнер тамған хас шебер
3. Мәтін мазмұнын нақтылайтын қорытындыны таңдаңыз. *1 балл
A) Қонақты төрге шығару - құрмет көрсетудің белгісі.
B) Төсек, кебеже, сандық жасайтын шеберхананы Санат басқарады.
C) Дүйсен ағай - шебер әрі жеке кәсіпкер.
D) Домбыра - қазақ халқының музыкалық аспабы.
4. Мәтіндегі маңызды емес ақпаратты таңдаңыз. *1 балл
A) Домбыра - қазақтың ән-күй өнері саласындағы ең көп тараған ұлттық аспап.
B) Дүйсен ағайдың отбасы - қонақжай.
C) Ұлттық бұйымдар жасайтын шеберлердің бірі - Дүйсен ағай.
D) Ағай домбыраның шанағын тек сом ағаштан ойып жасайды.
5. Мәтіннің үшінші азатжолына дәлірек тақырыпша таңдаңыз. *1 балл
A) Ұлттық бұйымдар
B) Жеке кәсіпкерлік
C) Дүйсен ағай
D) Домбыра - ұлттық аспап
6. Мәтінге сәйкес берілген сөйлемді жалғастырыңыз: Қазақ жерлерінің әр өңірінде тұратын ... . *1 балл
A) халық шеберлері домбыраны әртүрлі үлгіде жасаған.
B) ағай домбыраның шанағын тек сом ағаштан ойып жасайды.
C) ұлттық бұйымдар жасайтын шеберлердің бірі - Дүйсен ағай.
D) Дүйсен ағайдың отбасы - қонақжай.
7. Домбыра қандай аспап? *1 балл
A) Екі ішекті ысқышы бар аспап.
B) Екі, үш ішекті, шертіп ойнайтын аспап.
C) Үрмелі музыкалық аспап.
D) Жалпы тұрқы жәшік тектес, көп ішекті шертпелі аспап.
8. Мәтіндегі басты тірек сөздер. *1 балл
A) Дүйсен ағай, домбыра, ағаш бұйымдар
B) Ұлттық бұйымдар, қонақ, қобыз, домбыра
C) Жеке кәсіпкерлік , отбасы, сыбызғы, шеберхана
D) Домбыра, сыбызғы, қобыз, сандық
9. Мәтінде жауабы бар сұрақты табыңыз. *1 балл
A) Дүйсен ағайдың жасы нешеде?
B) Қобыз қалай жасалады?
C) Ағаштан жасалатын заттардың қандай түрлері бар?
D) Мәтінде қай ақын туралы айтылған?
10. Мәтін стилін белгілеңіз. *1 балл
A) публицистикалық стиль
B) көркем әдебиет стилі
C) ғылыми стиль
D) ресми іс- қағаздар стилі