19 Рефераттың жазылуын білу. Ғылыми биотехнологиялық зерттеулер жүргізу кезінде (әсіресе тақырып бойынша жұмыстың бастапқы сатысында) сараланатын мәтінді дұрыс рефераттау дағдыларын қалыптастыру - маңызды мәнге ие болып табылады.
Реферат - бұл биотехнология саласында берілген тақырып бойынша ғылыми еңбектердің (монографиялардың, оқу құралдарының, ғылыми мақалалардың) мазмұнын жазбаша түрде қысқаша баяндайтын ғылыми-зерттеу жұмысы. Реферат көлемін әрбір нақты жағдайда оқытушының өзі анықтайды. Рефератта студент бірнеше дереккөздерде қамтылған негізгі ережелерді (идеяларды, шешімдерді, ұсыныстарды және т.б.) баяндайды, әртүрлі көзқарастарды келтіреді, олар бойынша өз пікірін негіздейді.
Таңдалған (берілген) тақырып бойынша жұмыс келесідей кезеңдерден тұрады:
дерек көздерді іздеу және оқу;
библиография жасау;
жоспарды әзірлеу;
реферат жазу.
Реферат келесідей құрылымдық бөліктерден тұрады:
титулдық парақ;
мазмұн (жоспарға сәйкес);
мәселенің даму тарихы мен оның мәні қысқаша баяндалатын кіріспе;
зерттелінетін жұмыстардың мазмұны, негізгі идеялары мен қорытындылары қисынды дәйектілікпен баяндалатын негізгі бөлім;
пайдаланылған әдебиеттер тізімі.
Рефераттағы баяндау стилі қысқа және дәл болуы тиіс. Мысалы, «Көптеген ұзақ тәжірибелер нәтижесінде авторлар келесідей тұжырым жасаған ..." деген ұзақ сөйлемді бір сөзбен «Анықталғандай...» деп қысқартып жазған абзал. Алдыңғы жұмыстарда баяндалған мәселенің жалпыға мәлім фактілері мен тарихынрефератта жазудың қажеті жоқ. Рефераттың негізгі бөлігінің мәтіні, әдетте, жұмыстың мәнінен басталады. Дайын реферат оқытушыға тексеру үшін тапсырылады. Рефератты бағалай отырып, оқытушы студенттің ғылыми - техникалық әдебиеттермен жұмыс істеу, даулы мәселелер бойынша әртүрлі көзқарастарды талдай білу, өз пікірін дәлелдеу, сілтемелерді, пайдаланылған әдебиеттер тізімін рәсімдеу дағдыларын ескереді. Егер реферат оң бағаланса, ол өткен тақырыптарды толық меңгергені бойынша сынақ тапсырды деп есептелінеді. Студент рефератты оқытушымен бірге студенттің өзіндік жұмысы қосымша сабағында қорғайды. Реферат А4 форматындағы стандартты парақтарда қолжазба немесе компьютерлік жазба түрінде рәсімделеді. Реферат тезтікпесі бар папкаға салынады және белгіленген мерзімде оқытушыға тапсырылады.
Баяндама - белгілі бір тақырыпқа ауызша хабарлама жазу. Ол семинар сабағында, ғылыми конференцияда оқуға арналған еңбек түрі. «Ғылыми зерттеулер әдістемесі» пәні бойынша студенттердің баяндамалары сынақ жұмыстары да болып саналады. Ғылыми конференцияда баяндамамен (хабарламамен) сөз сөйлеу курстық жұмыс үшін есепке алынуы мүмкін.Баяндама мәтіні реферат сияқты немесе презентация түрінде рәсімделеді және оқытушыға белгіленген мерзімде тапсырылады. Баяндаманы дайындау кезінде сөз сөйлеуге берілген уақытты ескеру қажет. Сондықтан, баяндаманы таныстырмас бұрын, алдын-ала мұқият дауыстап оқып, асықпай алдын ала дайындалу керек. Егер сіз белгіленген уақытта баяндаманы оқып үлгермесеңіз, онда баяндаманы қысқартып, қажет деп таныған бөлімдері мен қорытындыны оқып таныстыру керек. Студенттік баяндамалар, әдетте, үш бөлімнен тұрады: кіріспе, негізгі бөлім және қорытынды. Бірінші бөлімде тақырыптың өзектілігі, теориялық және практикалық құндылығы негізделеді, екінші бөлімде негізгі ғылыми ережелер, үшінші бөлімде – қорытындылар мен ұсыныстар жазылады.