Ким Со Воль –ХХ ғ. корей халқының ең танымал ақыны. Оның өлеңдер антологиясы халық арасында кең тарап, үлкен жетістікке ие болады. Ақын өзінің көптеген өлеңдерін 25 жасына дейін жазған. Ким Со Воль 32 жасында өз-өзіне қол жұмсап, көз жұмады. Оның дүниетанымына сол дәуірдегі интеллигенция өкілдерінің ауыр жағдайға душар болып, ақындардың қоғамдық өмірден алшақтап, қысымға алынуы өз әсерін тигізбей қоймайды.
Хан Ён Ун ақын және буддалық монах болған, ол өз өмірін тәуелсіздік қозғалысына арнаған. 1920 жылдардың ортасына қарай Хан Ён Ун лирикалық өлеңдердің шектеулерінен шығып, жаңа тәсілдер іздеуге ұмтылады.
И Санг Хваның шығармашылық әлемі әртүрлі. Онда романтикалық және сентиментальды бағытта жазылған өлеңдер де, корей халқының отаршылдарға қарсы күресін суреттейтін азаматтық мазмұндағы жырлар да кездеседі.
1923 жылы Жаңа идеялық әдебиет деп аталатын әдеби бағыт пайда болады. Оның негізін қалаушы Жапонияда білім алған Ким Ги Чжин болған. Осы бағыттағы әдебиетшілер өз шығармаларында арман әлемі мен ғашықтардың сүйіспеншілік көңіл-күйін жырлаған. Ким Ги Чжиннің сөздері әдеби шеңберде үлкен маңыздылыққа ие болып, жазушылар мен ақындар өздерінің өмірлік мақсаттары, өмір мен әдебиетте алатын орныны туралы ойлана бастайды.
20-шы жылдардың соңына қарай реалистік тенденциялар басым болып, жазушылар сол кездегі халықтың шынайы өмірін суреттеуге тырысып, реализм прозада бірте-бірте маңызды орынға ие бола бастайды. Осы кезеңде қоғамдағы жеке тұлға мәселесі анағұрлым өзекті болады. Қоғам мен жеке тұлға мәселесін анық әрі дәл ашып көрсететін бірнеше шығармалар пайда болады. Әдеби шығармаларды жеке тұлға мен мемлекет төңірегіндегі мәселелерге байланысты әлеуметтік зерттеулер ретінде қарастыруға болады.
Жазушылар кедейліктің себептері мен одан құтылу жолдарын іздестіре бастайды. Бұл тақырып сол кездегі әдебиетте өзекті мәселеге айналады. Әдебиет ортақ бағытқа ие болып, әлеуметтік мәселелерді шешуге ұмтылады. Шығармаларда жұмысшылар, ұсақ саудагерлер мен еңбекшілер секілді кейіпкерлер пайда болады. Әдебиет үйсіз-күйсіз, аш-жалаңаш жүрген адамдардың жүрегінде үміт оятып, қоғамдық мәселелерді шешуде маңызды құралға айналады. Че Со Хе, Чжо Менг Хи, И Ги сынды жазушылардың шығармаларында әлеуметтік қайшылықтар суреттеледі.