Күрт өзгеріс кезеңі (1945-1950 жылдар). 1945 жылдың 25 маусымынан бастап Корей әдебиеті мен тарихында жаңа кезең орын алады. 1945 жылы басталған азаматтық соғыс солтүстік және оңтүстік Кореяның арасындағы үлкен қақтығыстарға ұласып, ортақ корей әдебиетінің қалыптасуы күрделі мәселеге айналады.
Жарты арал екіге бөлініп, оңтүстікте Америка әскерлері, ал солтүстікте Кеңес әскерлері үстемдік етеді. Осындай қақтығыстар жалпы корей халқының рухани өміріне айтарлықтай әсер етеді. 50-ші жылдар корей тарихы мен әдебиетіндегі ауыр кезең болып табылады.
1945 ж. тамыз айында әдеби қозғалыстың сол қанаты ретінде «Әдебиет саласындағы негізгі басқарма», ал қыркүйек айында «Корей пролетариатының өнер одағы» құрылып, бұл ұйымдар желтоқсан айында «Әдебиетшілер одағына» бірігеді. Осы жылы оң қанатта «Орталық әдеби бірлестігі», 1946 ж. сәуір айында «Кореядағы Ильбо жас әдебиетшілер бірлестігі», 1947 ж. «Республикадағы барлық мәдени ұйымдардың жалпы бірлескен жиналысы» пайда болады. Осылайша, әдеби қозғалыстың сол және оң қанаттары арасында әдебиет пен өнер мәселесіне байланысты идеологиялық күрес басталады. Отарлау саясаты кезінде қолына қалам алмаған ақында өз шығармашылығын қайта бастап, поэтикалық одақтар құра бастайды. Оң және сол қанаттардың арасында белгілі бір оқырмандар тобына арналған әдебиет пен пролетарлық әдебиеттің қайсысы маңызды деген сұрақ төңірегінде таластар басталады. Кореяның екіге бөлінуінен кейін қоғамда да түлі қақтығыстар орын алады. Сонымен қатар 40 жылдары корей поэзиясында екі үлгі пайда болады. Бірі өмір мен ондағы барлық көркем дүниені жырлап, ұлттық өлеңді қайта жаңғыртқан поэзия, екіншісі 30-шы жылдардағы модернизм үлгілерін мұра еткен поэзия.
Қазіргі корей поэзиясының қайта жандану кезеңінде Пак Мок Воль, Пак Ду Чжин, Чже Чжи Хунның шығармалары ерекше көзге түседі. Олар 1946 ж. «Чонокчжиб» («Көк маралдың антологиясы») атты өлеңдер жинағын жарыққа шығарады. Әдебиетте бұрын-соңды белгісіз болған шығармалар да жариялана бастайды. И Юк Саның «Юк Са өлеңдер жинағы» мен Санг Хваның «Санг Хва өлеңдер жинағын» мысалға келтіруге болады. Сонымен қатар Пак Ин Хван, Ким Су Ен, Ким Ген Лин сынды ақындар 1949 ж. «Жаңа қала және азаматтар хоры» атты өлеңдер жинағын жарыққа шығарады.
40 жылдары корей әдебиеті дамудың жаңа сатысына өтіп, еркін өмір сүре бастайды. Азат ету кезеңіндегі әдебиетте қоғамның бөлінуі (оңтүстік және солтүстік), елде орын алған түрлі жағдайлар, өз Отаныны оралған корейлер туралы айтылады. Жазушылар елдің екіге бөліну себептерін іздеп, өз қателіктері үшін жауапкершілік алулары тиіс зиялы қауым өкілдерін айыптайды. Бұрынғы жапон саясатын жақтаған Че Ман Сик пен Тхе Чжун өздерінің қателіктерін мойындап, өкініш білдіреді.
Че пак Но Гаптың «Қырық жыл» атты романында отарлау дәуіріндегі елдің жағдайы бүге-шігесіне дейін суреттеледі. Алдағы кезде интеллигенция өкілдері мен олардың елге қайта оралу мәселелері туралы жазылған романдар жарық көре бастайды. Оған мысал ретінде Чжен Би Соктың «Отанға оралу», Ом Хын Собтың «Репартация күнделігі» мен Хо Чжунның «Әлсіз жалын» атты шығармаларын мысалға келтіруге болады.
1945 жылы 15 тамыздағы оқиға елді толық азат ете алмады, шетелдіктердің ықпалы әлі де айқын байқалатын. Елдің оңтүстік және солтүстік болып екіге бөлінуі, идеологиялық қақтығыстар жаңа әдеби қозғалыстардың дамуына кедергі болады. Ең бастысы халық екіге бөлініп, бір-бірімен қарым-қатынас жасай алмады, Оңтүстік жән Солтүстік Кореяның арасындағы хат алмасу да қатаң бақылауға алынады. Елде орын алған аталмыш жағдайлар әдебиетте де жиі қозғалатын болды. Ем Санг Собтың «Қатар жол», Ке Енг Муктың «Жұлдыздар санап» атты романдарында елдің екіге бөліну туралы айтылады.
Пак Чонг Хваның «Халық» атты романында алғаш рет азат ету жылдарына дейінгі және кейінгі Кореяның өмірі шебер суреттеледі. Ким Тонг Ли өзінің «Жол іздеу» және «Ай» атты шығармаларында уақыт өткеніне қарамастан әрқашан танымал болып қалатын жақсы әдебиеттің қажет екені туралы сөз қозғайды. Ем Санг Собтың «Өлім» атты романында отбасы мүшелерінің ауыр жағдайы мен қайғы-қасіреті баяндалады.
Хванг Сун Вонның «У әзірлейтін қарт» атты романында у жасап, сату арқылы әйелі мен жеті жасар баласын асырайтын адамның қайғылы тағдыры суреттеледі. Бір күні қарттың әйелі жоғалып кетеді де, оны таба алмаған Сонг-енггам өмірге деген құлшынысын жоғалтады. Бірақ жеті жасар баласын ойлайды. Қарттың денсаулығы нашарлап, әлсірей бастайды. Ол баласын басқа отбасына беріп, соңында өз-өзін өлітіреді. Бұл романда әйелі мен қоғамнан оқшауланған қарапайым адамның тығырыққа тірелген тағдыры туралы баяндалады.