Ан Су Гиль өзінің шығармашылығын «Қызыл Крест емханасының директоры» және «Қызыл орамал» деп аталатын қысқа екі оқиғаны жарыққа шығарудан бастайды. Кореяның азаттық алуынан кейін оңтүстікке көшіп келіп, «Үшінші адам» атты еңбегінде соғыс кезіндегі қала өмірін суреттейді. Шығармада соғыстан кейінгі елде орын алған әлеуметтік бей-берекетсіздік пен қоғамдық тәртіпсіздіктен туындаған түрлі қыншылықтар көрсетілген.
Ха Гын Чан өз шығармашылығын 1950 ж. бастап, «соғыстан кейінгі ақындар легіне» жататынына қарамастан өз замандастарынан мазмұны мен стилі жағынан ерекшеленіп, халық арасында жоғары бағаланған. Оның «Екі ұрпақтың азабы» атты романында екі тарихи кезең қамтылған: біріншісі – 1950 ж. 25 маусымындағы Азамат соғысы, екіншісі – Екінші дүниежүзілік соғыс. Шығарманың бас кейіпкерлері Пак Ман До ұлымен бірге соғыс зардабын тартқан адамдардың арасында өмір сүреді. Ол жапон басқыншылығы кезінде бір қолынан айырылса, ұлы Чин Су 1950 жылғы соғыста бір аяғынан айырылады. Романда тек бір отбасының қасіреті емес, бүкіл халықтың тағдыры, қоғамда орын алған әлеуметтік қайшылықтар туралы жазылады.
Сон Чанг Соб өз шығармашылығын ХХ ғ. 50 ж. бастап, өмірдің келеңсіз тұстарын бейнелеген көптеген тамаша қысқа оқиғаларды жарыққа шығару арқылы ел арасында танымал болады. Оның 1958 ж. жарыққа шыққан «Қалдық адам» шығармасында соғыстан кейінгі қоғамнан алашақтаған белгілі бір адамдардың тобы бейнеленеді. Сон Чанг Соб өзінің «Демалыс күні», «Жауынды күн» және т.б. шығармаларында адам мен оның психологиясын шебер көрсете білген. Ол 50-ші жылдары қоғамда орын алған оқиғаларды баяндап, ерекше тұлғаның бейнесін жасайды. Шетелдік ағымдар корей әдебиетіне өте баяу енеді. АҚШ-тың соғысқа қатысуы арқылы енген АҚШ әдебиеті мен мәдениеті 50-ші жылдардағы корей прозасында маңызды орынға ие болады. Сонымен қатар осы кезеңдегі әдебиетке батыс әдебиеті, оның ішінде экзистенциализм мен психологизм өз әсерін тигізеді.
Осы кезеңдегі әдебиетте адам санасының бұзылуы, жаппай тәртіпсіздікте өмір сүрудің мәнсіздігі, босқа өткен уақытқа өкініш көрсетіледі. Адам болмысы, оның мәні әдебиетте үлкен маңыздылыққа айналады. Аталмыш тақырыптар Пак Енг Дюнаның «Енчо аралының жағалауындағы су», Сонг Бенг Судың «Жеке бекініс», «Кішкентай Ким», «Сенім», Хонг Санг Вонның «Д-дейдегі казарма» атты шығармасында сөз болады. Сонымен қатар Ким Сонг Ханның «Пабидо», О Санг Вонның «Қастандық», Сон Хваның «Террорист», «Ұшқын», Со Ги Вонның «Контурлы географиялық карта», Пак Кенг Лидің «Сенімсіздік мерзімі», «№ 213 пәтер», И Хо Чольдің «Жарылыс» атты шығармаларында жеке тұлға мен қоғамның арасындағы қайшылықтар, тағдыр тәлкегіне түскен адамдардың өмірі, адам мен оның әрекеттері туралы айтылады.