Филология ғылымдарының докторы, профессор Т. С



бет135/155
Дата05.02.2023
өлшемі1,06 Mb.
#65297
түріОқулық
1   ...   131   132   133   134   135   136   137   138   ...   155
Байланысты:
1240 lem 1241 debieti O 1179 uly 1179

Кавабата Ясунари (1899-1972) неосенсуализм мектебінің көрнекті өкілі болғанымен, оның шығармашылығы Екомицу Риитидің шығармашылығына мүлдем қайшы келеді. Ол өзінің шығармашылық қызметін «Синсите» қозғалысына қатысудан бастап, осы басылым­ның екінші санында «Соғыста құрбан болғандарды еске алу суреті» («Секонсай иккэй») атты әңгімесін жарыққа шығарады. «Бунгэй дзтдай» журналы құрылғаннан кейін Екомицумен бірге неосенсуализм мектебіне қосылады.
Ясунари жастайынан ата-анасынан айрылады. Оның сол кезде басынан өткерген жағ­дай­лары жазушының шығармашылығында көрініс табады. Ол бүкіл әлемнен оқшауланып, дүние­лік әуре-сарсаңнан өзін аулақ ұстайды. Жазушының 1925 ж. «Бунгэй дзтдай» журна­лын­да жарыққа шыққан «Идзудағы биші қыз» («Идзу-но одорико») атты повесі халық ара­сында кең тарап, үлкен жетістікке ие болады. Шығармада оқиға автор жақсы көрген Идзу провинциясында орын алады. Онда жас студенттің кезбе актерлердің қатарындағы биші қызбен кездейсоқ кездесуі асқан шеберлікпен баяндалады. Кавабата өз шығармашылығының бастапқы кезеңінде «көлемі алақандай әңгімелер» («сехэн сесэцу») деп аталып кеткен қысқа әңгімелер жазумен айналысқан. Оның алғашқы еңбегі де «Сезімдер көрінісі» («Кандзе сосе­ку», 1926) атты әңгімелер жинағы болған. «Асакусадағы көңілді қыздар» («Асакуса кодан») атты повесінде автор қарапайым халықтың арасында тұратын гейшалар мен бишілердің өмірін бейнелейді. Ол 1933 ж. жарыққа шыққан «Аңдар мен құстар» («Киндзю») атты туындысында жасанды әсемдіктің әлемін қайта жаңғыртуға тырысады. Бұл повесте автордың сезімді шынайы жеткізу арқылы ерекшеленген өзінің бұрынғы шығармашылық тәсілінен бас тартқанын және оның бүкіл адамзатқа деген жек көрушілік сезімін байқауға болады.
«Қараңғылық дәуіріндегі» әдебиет. 1937 жылы шілде айында Жапония­ның Қытайға қарсы бағытталған соғысы Тынық мұхиты аймағындағы соғысқа ұласып, 1945 ж. жапон империализмінің құлдырауымен аяқталады. Соғыс жылдары жапон халқы мен әдебиеті үшін қараңғылық дәуірі болды.
«Киндай бунгаку» тобының жазушылары енгізген «қараңғылық дәуірі» ұғымы арқылы жапон қоғамындағы қайшылықтардың шиеленісе түсіп, халықтың үлкен қайғы-қасіретке ұшыраған жылдарында болған оқиғаларды жақыс жеткізуге мүмкіндік береді.
«Қараңғылық дәуірінде» жарық көрген еңбектерде тағдырдың ауыр сынағына ұшырап, рухани әлсіреген халықтың қайғы-қасіреті мен мұң-мұқтажы, ашу-ызасы суреттеледі. Осы дәуірге тән сипаттар ретінде әдебиеттің екі майданға бөлінуін атап өтуге болады. Бір май­дан­да әдебиетшілер халықтың тыныш өмірін бұзып, жандүниесін жаралап, қанды соғыс баста­ған жауыздар мен қара күштерге қарсы тұрса, екінші топ басқыншыларға сатылып, олардың қыл­мыстық әрекеттеріне демеу болады.
Қытайға қарсы басқыншылық соғысын жүргізу үшін бүкіл халықтың көмегі қажет болады. Осы мақсатпен билік басындағылар «ұлттық рухты жаңарту» саясаты арқылы идело­гия мен мәдениетті, оқу-ағарту ісін басқарып отырады. 1937 ж. қыркүйек айында бұқара­лық ақпарат құралдарын толық басқарып отыратын министр кабинетінде ақпараттық бөлім құрылады. Бұл ұйым ұлттық саясатқа қайшы келетін кітаптардың шығуына тыйым салады, тіпті кейбір жазушыларға жазуға тыйым салынып, тұтқынға алынып, түрмеге қамалған кездер де болған.Басқарудың осындай қатаң жүйесі мен қуғын-сүргінге бірінші кезекте пролетарлық әдебиетті қайта жаңғырту үшін әрекет еткен жазушылар ұшыраған. Кобаяси Такидзи жауыздықпен өлтіріліп, Курахара Корэхито, Накано Сигэхару, Кубокава Цурудзиро, Миямото Кэндзи сынды жазушылар түрмеге жабылады. Көптеген жазушылардың сәтсіз әрекеттеріне қарамастан Миямото Юрико пролетарлық әдебиеттің дамуы үшін аянбай еңбек етіп, күресін тоқтатпады. Ол Кубокава Инэкомен бірге бірнеше рет тұтқынға түссе де өз қызметін еш тоқтатпайды.
1937 жылы 27 желтоқсанда ішкі істер министрінің қарамағындағы поли­ция­лық бюроның баспа бөлімінің шенеуніктері мен журналистер арасында «достық кездесу» өтеді. Билік басындағылар алдағы уақытта Миямото Юрико, Накано Сигэхару мен Тосака Дзюннің шығармаларының басылуына тыйым салады. 1936 жылы тамыз айында «Бунгаку херон» жу­рналы өз жұмысын тоқтатады. Пролетарлық әдебиеттің таралуына үлкен үлес қосқан «Білім» баспасының басшылары тұтқынға алынады. Жапондық пролетарлық жазушы­лар Одағы таратылғаннан кейін өздерінің ұйымынан айырылған пролетарлық жазушылар «тәуелсіз жазу­шылардың клубын» да жабуға мәжбүр болады. Осылайша, пролетарлық жазушылардың басын қосатын мүмкіндіктер де жоғалады. Жалғыз болса да өз күресін жалғастыруға тырыс­қан жазушылар ақыр соңында сәтсіздікке ұшырайды.
Уақыт өте келе либералдар да қуғын-сүргінге ұшырайды. Цензура қағида­ларын бұзғаны үшін тұтқындылап, түрмеге қамалған жандардың саны арта түседі. «Бүкіл әлем бір шаңы­рақ­тың астында!», «Шығыс Азиядағы жаңа тәртіп үшін» деп ұрандатылған «қасиетті соғысқа» қар­сы шыққан жазушы­лардың барлығы «қоғам тыныштығын бұзғаны» үшін қу­ғын­ға ұшы­рай­ды. Барлық мәдениет қайраткерлері мен жазушыларға ерікті түрде соғыстың әділетті еке­нін көрсетіп, соғысқа насихат жүргізу міндеттеледі. Жазушылардың арасынан өз еріктерімен үкіметтің талаптарына мойынсұнғандар да аз болмай­ды. Осындай еріктілілер бастапқы кезде тілшілік қызмет етіп, соғыс майданы­нан репортаждар жіберіп отырады.
1937 жылы тамыз айында солтүстік Қытай мен Шанхай майданында қыз­мет ететін тіл­ші­лер Одзаки Сиро мен Хаяси Фусао «Тюокорон» журналы үшін, жазушы Есия Нобуко «Сюфу-но томо» журналы үшін еңбектер жазады. Кобаяси Хидэо мен Кисида Кунио «Бунгэй сюндзю» журналының атынан Хино Асихэйге Акутакава сыйлығын тапсыру үшін Қытайға жіберіледі.
Журналдар мен газеттер атақты мәдениет қайраткерлері мен жазушыларды соғыс майдандарына тілші ретінде жиі жібере бастайды. Репортаждық әдебиеттің кең таралуынан біріншіден кейбір жазушылардың қанды соғыста үкіметпен біріккенін, екіншіден халықтың соғыс майданында болып жатқан нақты жағдайларды білуге деген ұмтылысын көруге болады. Кейбір жазушылар соғыс майданына бару арқылы өз шығармаларына құнды материалдар жинап қайтуға үміт артады. Әскери репортаждар әдебиетіндегі шығармалардың ішінен Хино Асихэйдің «Нан және солдат» («Муги то хэйтай») атты повесі үлкен жетістікке ие болады. Бұл шығарманың жетістігі министр кабинетіндегі ақпараттық бөлімнің көптеген жазушыларды соғыс майданына жіберуіне түрткі болады. Осыдан бастап үкіметтің нұсқауы­мен көптеген жазушылар «әскери жазушылар қатарына» («пэн-бутай») қосылып, майданға аттанатын. Дәл осы уақытта «Нихон роман-ха» журналының неоромантиктері мен «Бунга­кукай» журналының сыншылары басқыншылық соғысқа қолдау көрсетіп, қылмыстық әрекеттерді ұлы ерлік ретінде суреттейді.
Қытайға қарсы соғыс басталғаннан кейін Симаки Кэнсакудың «Өмір ізденісі» атты повесі жарыққа шығады. Бұл шығармада жазушы ауыл өмірі мен шаруалардың тағдырына басты назар аударады. Осылайша «Шаруалар жайлы әдебиет» те пайда болады. 30-шы жыл­дар­дың соңына қарай ауыл өмірін суреттейтін Вада Дэннің «Топырақ» («Екудо», 1937), Ито Эйноскэнің «Үкілер» («Фукуро», 1937), «Бұлбұл» («Угуису», 1938) сынды шығармалары жарыққа шығады. «Шаруалар жайлы әдебиеттің» гүлденуіне сол кездегі шаруалардың әлеу­меттік жағдайына көңіл бөліп, ауыл шаруашылықтың дамуына бағытталған үкіметтік саясат­тың да қосқан үлесі бар.
«Жапон үкіметі халық арасындағы демократияның дамуына кедергі болатын барлық қайшылықтарды жоюы тиіс. Елде сөз, дін, ой бостандығы орнап, адам құқықтарын құрмет­теуге жағдайлар жасалады». 1945 жылы 15 тамызда Жапонияның тізе бүгуінен кейін Пот­сдам декларациясында жазылған осы ұстанымдарға сәйкес елдің мәдениетін бақылауға алған жапон әдеби қоғамы мен Ұлы Жапония баспасөз жұмыскерлерінің Отанға қызмет көрсету қоғамы сынды барлық органдар таратылады. Осы жылдың қазан айында «Қоғамдық тыныш­тықты сақтау» заңы өз күшін жояды. Демократиялық мемлекет құру мақсатында нақты мін­дет­тер алға қойылады. Әдебиет те демократиялану жолына түседі. Дегенмен фашизмнің қараңғы дәуірінде қайғы-қасіретке ұшырап, көп қиыншылық көрген халық рухани тоқы­раудан бірден айыға қоймайды.
1945 ж. бапасөз бен кітап шығару ісі айтралықтай дами бастады. Алғаш рет «Синсэй» («Жаңа өмір») журналы кейін «Синте бунгэй» («Жаңа бағыттағы әдебиет» журналы пайда бо­ла­ды. 1946 ж. «Тюокорон», «Кайдзо», «Бунгэй сюндзю», «Тэмбо» («Панорама»), «Сэкай» («Әлем»), «Нингэн» («Адам») сынды журналдар өз қызметтерін қайта бастайды.
Қайта жарық көрген журналдардың алғашқы беттерінде Танидзаки Дзюнъи­тиро, Нагаи Кафу, Масамунэ Хакуте, Сига Наоя сынды әдебиет шеберлерінің шығармалары жарық көреді.
Нагаи Кафу өзінің «Биші қыз» («Одорико» 1946), «Тағдырдың тауқыметі» («Футин» 1946) атты шығармаларын соғыс жылдары жазған. 1946 ж. Танидзаки Дзюъитироның «Қар ұшқыны» («Сасамэюки») атты алғашқы романы, Сига Наояның «Күлгін түсті ай» («Хайиро-но цуки» 1946) әңгімесі, Масамунэ Хакутенің «Соғыста бақытсыздыққа ұшырағандардың қайғысы» («Сэнсайся-но цуки») атты повесі жарыққа шығады. Нағыз әдебиетті аңсаған халық осындай шебер жазушылардың шығармаларын үлкен қуаныш­пен қарсы алады.
1945 ж. соңына қарай жаңа әдебиеттің негізі болған түрлі қозғалыс­тар пайда болады. Мұндай қозғалыстарды соғысқа қарсы шыққаны үшін түрмеге қамалған пролетарлық әде­биеттің ардагерлері басқарады. Осындай жаңа қозғалыстардың басынды Миямото Юрико, Накано Сигэхару, Токунага Сунао сынды жазушылар тұрды. 1945 ж. пролетар­лық әдебиет­тің мұрасын пайдалана отырып, демократиялық бағыттағы әдебиетті дамытуға тырысқан жазу­шы­лардың басын қосуға ұмтылған жаңа Жапонияның әдебиет қоғамы («Син-Нихон бунгакукай») құрылады.
Бұл қоғамнан басқа жаңа әдеби топ пайда болады. Соғыс жылдары «Гэндай бунгаку» журналына қызмет еткен Ара Масато, Хирано Кэн, Хонда Сюго, Сасаки Мотоити, Ямамура Сидзука, Хания Юко мен Одагири Хидэо сынды жазушылар 1946 ж. қаңтар айынан бастап «Киндай бунгаку» («Жаңа заман әдебиеті») журналын жарыққа шығарады.
1946 ж. түрлі бағыттағы жаңа шығармалар пайда бола бастайды. Осы кезден бастап жапон әдебиеті өз дамуының жаңа кезеңін бастан кешіреді. 1945 ж. «Син-Нихон бунгаку» журналының дайындық санында Миямото Юриконың «Утагоэ е окорэ» атты мақаласы жарияланады. Миямото Юрико аталмыш мақаласында өзі соғыс жылдары айта алмаған ойларын жеткізеді. Ол «Бансю жазығы» («Бансю хэйя», 1946), «Екі үй» («Футацу-но нива», 1947), «Вехи» («Дохе», 1947) атты шығармаларды дүниеге әкелген.
Миямото Юрико «Бансю жазығы» атты алғашқы повесінде өзінің мақаласында көрсе­тіл­ген шығармашылық ұстанымдарын қолданады. Бұл шығармада 1645 жылғы ұлы оқиғадан кейін елде орын алған нақты жағдайлар шебер бейнеленген. Повесте соғыстың аяқталғанына қарамастан жарық жағуға қорыққан адамдар, атом бомбасының құрбандары, оралмасқа кеткен күйеулерін күтіп, қайғы-қасіретке ұшыраған жесір әйелдер, Отанына, туған жеріне қайта оралуға асыққан корейлердің бейнесі суреттелген.
Аталған шығармада соғыс жылдарынан кейін қоғамда орын алған жағдайлар шынайы суреттелген, одан жарқын болашаққа сенім байқалады. «Бансю жазығы» мен «Футисо» туындылары 1947 ж. «Майнити» газетінің сыйлығына ие болады. «Екі үй» мен «Вехи» туын­ды­ларын «Нобуко» повесінің жалғасы ретінде қарастыруға болады. Бірақ осы повесті аяқта­май жатып жазушы қайтыс болады. «Нобуко», «Бансю жазығы», «Екі үй» мен «Вехи» атты төрт повесть кейіпкер Нобуконың рухани кемелденуі мен жапон қоғамының даму тарихы көрсетілген «Bildungsroman-ды» («жеке адамның даму жолы туралы роман, биографиялық романның түрі) құрайды. Аталмыш туындылар Миямото Юрико шығармашылығының ең үздік жемісі болып табылады.
Миямото Юрико өмірінің соңына дейін тек көркем шығармаларды жазып қана қоймай, сонымен қатар соғысқа қарсы шығып, бейбітшілікке шақырып, жапон әдебиетінің дамуына үлес қосып, публицистикалық еңбектерін де жариялайды. Жазушының соғыстан кейінгі жапон әдебиетінің дамуына қосқан үлесі ұшан теңіз. Миямото Юриконың қазасынан кейін оның әдеби мұралары жөнінде түрлі пікірлер туындайды. Жазушының шығармашылығын зерттеген әдебиетшілер Миямото Юриконың шығармашылық жолын бағалауда ортақ ұстанымға келуге ұмтылады. Оның бүкіл шығармалары он бес томдық кітап болып шығады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   131   132   133   134   135   136   137   138   ...   155




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет