Овидий(б.з.д. I ғ.). Публий Овидий Назон б.з.д. 43-ші ж. Сульмоне қаласында дүниеге келген. Ол Римдегі ауқатты тектен шыққан. Әкесі баласын мемлекеттік шенеунік қылуға тырысқанымен, Овидий әкесінің ол үмітін ақтамайды. Болашағы толық қамтамасыз етілген және мемлекеттік міндеттерден босатылған Овидий Римде жеңілтек өмір салтын жүргізуге кіріседі. Соншалықты зор дарынға ие бола тұра, ол өзінің поэзиясына жеңілтек бейнелер мен сарындарды жиі енгізеді. Ал, ол Августің ескіні жаңғырту, қатаң тәртіпті орнату саясатына қайшы келеді. Сондықтан Овидий өлеңдерінің Рим қоғамына теріс ықпалын көрген Август оны Рим империясының шеткі солтүстік-шығысындағы Томо (қазір қала Румынияда) қаласына жер аударуға бұйрық береді. Ақын шығармаларында өзінің Римдегі соңғы түнін, әйелімен, балаларымен қоштасуын, төгілген көз жасын, ұзақ та қауіпті теңіз жолында, бораннан аман қалғанын өте мұңды суреттермен бейнелеген. Әйеліне, достарына, Августке жазған хаттарында кешірім сұрайды. Бірақ Август те оның орнын басқан Тиберий де оның өтінішін қарамайды. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған Овидий бөтен елде өмір сүріп, он жыл шет жерде жүріп, б.з. 18-ші жылында Римнен алыс жерде дүние салады. Шығармашылығының алғашқы кезеңі тек махаббат элегиясына арналған. «Кейіпкерлер» немесе «Жолдамалар» мифологиялық кейіпкерлердің өз сүйгендеріне жолдаған 21 хатынан тұрады. Ал екінші кезеңінде өсіп келе жатқан империяны мадақтауға тырысады. «Өзгерістер» - бұл кезеңнің басты шығармасы. Бұл шығармада автор әдебиеттегі кең тараған әлеуметтік өзгерістерді, айналымдарды кеңінен қолданады. Овидий - өз шығармалары арқылы Рим әдебиетіне үлкен үлес қосқан ақын. Дарынды тұлғаның туындылары Рим әдебиетінің қарыштап дамуына септігін тигізді. Оның жоғарыда аталған шығармаларының әрқайсының өзіндік ерекшелігі, өзіндік құндылығы бар. Сенека(б.з.д. I ғ.). Луций Анней Сенека - мемлекет қайраткері әрі әйгілі Рим жазушыларының бірі болған. Сенека Римде риторикалық білім алып, оны философиялық дәріс алумен кеңейтеді. Сотион, Аттал, Фабиан Папирий Сенеканың философиялық ұстаздары болады. Платон мен Эпикурге қызығушылығы басым бола тұрса да, ол өмірінің соңына дейін стоицизмге бейімділігін жоғалтпай сақтайды. Оның әдеби мұралары философиялық шығармалар мен поэтикалық туындылардан тұрады. Бірінші топқа Тибериде зардап шеккен тарихшы Кремуций Кордтың қызы Марциге жұбаныш жолдау хаты, Гельвийдің анасы мен беделді де ерікті Клавдий Полибиге айдаудан жолдау хат. Екінші топтың мазмұнында этика мәселелері («Ашу-ыза туралы», «Өмірдің қысқалығы туралы», «Қайырымдылық туралы», «Бақытты өмір туралы», «Жанның жайлылығы туралы», «Данагөйдің шыдамдылығы туралы» т.б.), «Табиғи-ғылыми сұрақтар» мен «Луцилиге мораль тақырыбындағы хаттар» жинағы. Поэтикалық туындыларында өлтірілген император Клавдийге арналған «Асқабаққа айналу» сатирасы, эпиграммалар және «Есерленген Геркулес», «Трояндар», «Финикияндар», «Медея», «Федра», «Эдип», «Агамемнон», «Филет», «Этедегі Геркулес», «Октавия» деген 10 трагедиясы жатады. «Шарапат туралы», «Адамгершілік туралы» трактаттарында ол «білімпаз монарх» идеалын суреттейді, сонымен бірге қалың топты жақтырмайды, құл иеленуші жоғарғы таптың көңіл-күйін бейнелейді. Сенеканың барлық шығармалары (философиялық) дидактикалық, тәрбиелік мәні бар туындылар. Оның философиялық шығармаларының ерекшелігін бейнелі тілмен өрілген антитезалар, парадокстар, есте оңай сақталатын сентенциялар құрайды. «Агамемнон» трагедиясында Сенека оқиға сюжеті арқылы қарапайым өмірді дәріптейді. Қарапайым өмірге қарама-қайшы трагедиялар ретінде байлардың мастығы мен тирандардың үстемдігі суреттеледі. Қайта өрлеу дәуірінде де Сенека трагедияларының маңызы зор болды.