Дәрістің мақсаты:Қазақ мәдениетін қалыптастырушы «шежіре», қазақ дәстүрлі әдебі мен жақсылық, жамандық түсініктерін анықтау
Дәрістің сұрақтары:
Шежірешілдік қазақтың және оның ата тектерінің мәдениетінің маңызды көрінісі
Қазақтың дәстүрлі әдебіндегі индивидуалдық және қауымдық факторлар
Қазақ дүниетанымдағы жақсылық пен жамандық ұғымдары
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
1 сұрақ. Шежірешілдік қазақтың және оның ата тектерінің мәдениетінің маңызды көрінісі.
Жалпы алғанда, шежірешілдік қазақтың және оның ата тектерінің мәдениетінің маңызды көрінісі. Эпостық уақыт дәстүрлік уақыттың, маңызды болса да, бір бөлігі ғана. Шежірелер көшпелілердің бәрі сауатсыз еді деген штамптың жалғандығын дәлелдейді. Шежірелер бір жағынан алғанда Ислам Ренессансымен тұтасып жатса, келесі қырымен далалық ауызша тарихнаманың арнасымен қатысты. Оның ықпалымен Кіндік Азияда тарихи-шежірелік мектеп қалыптасты. Концептуалды уақыт болашақ туралы әртүрлі болжамдар жасауды өзіндік мақсат деп есептейді. Уақыттың сәттік тар шеңберінен шығып, болашаққа қарай ой жүгіртіп, оны сараптау қазақтың дәстүрлі төл мәдениетінде де кең орын алған талпыныс. Бұл туралы С. Қасқабасов былай деп жазды: «Халық жақсы өмірді армандап, «алтын дәуір»,
«қой үсіне бозторғай жұмыртқалаған заман», не болмаса елді қиыншылықтан құтқаратын бір қайраткер туралы утопиялы әңгіме, аңыз шығарды. Ол әңгіме, аңыздардың басты кейіпкерлері – өмірде болған. Бара- бара мұндай аңыздар әпсана-хиқаятқа айналады. Осыдан барып мессиандық рөл атқаратын адам, елге ырыс-дәулет беретін қоныс жайында әпсана- хикаят қалыптасады. Мұнда әпсана-хикаяттың тарихи аңыздардан айырмашылығы оның тек көркемдік дәресінде емес. Оның басты ерекшелігі сол – тарихи аңызда өткен тарихтан гөрі қиялдан, арманнан туған оқиғалар мен кейіпкерлер дәріптеледі, мұнда заман, адам, жер-су, мекен халықтың қалауы бойынша суреттеледі, олар осындай болса екен деген тұрғыда көрсетіледі».
Осындай аты аңызға айналған тұлғалардың бірі, ХV ғ. алғашқы қазақ хандары Жәнібек пен Керейдің ақылшысы болған, ақын және философ Асан қайғы атанып кеткен – Хасен Сәбитұлы. Шоқан Уәлиханов оны «көшпелі
ноғай, қазақ ұлысының философы» деп айтады. Қорқыт ата сияқты Асан қайғы үлгі тұтарлық Гүлстанды –идеалды қоғамдық құрылысты арман етті. Бұл қазақ мәдениетінің жаңа ғана қалыптаса бастаған кезі еді. Ол қазақ хандарына тым ерте қуанбаңдар, табысқа масаттанып кетпеңдер деп ескерту жасаған. Ол қазақтың болашағын ойлап, «Жерұйықты» іздейді. Жерұйық - қой үстіне боз торғай жұмыртқалайтын, ру-тайпа таласы жоқ, жұт пен қайғы-қасіретінен аулақ, шөбі шүйгін, суы сүт, топырағы май, тасы алтын , ағашы жеміс-жидекке толы құтты қоныс. Сол жерді табу үшін ол желмаяға мініп, төңіректің төрт бұрышын шарлап кетеді. Алайда, таба алмайды, қайғыланып, өмірден өтеді. М.Әуезов «халықтың нағыз ертегісі болып, тек сол қалыпта ғана ой-жадында сақталған адамдардың бірі – Асан қайғы» дейді. Әрине, Асан қайғы пессимистік тұлға емес. Оның шығармашылығынан туатын негізгі қағида: «Жерұйыққа», бақытқа жететін жолдың оңай еместігі; оған қажымас қайратты, дәйекті, ел қамын ойлаған жетеді. Асан қайғы уақыт пен кеңістіктің салыстырмалы, олардың ішкі ырғақтары және тіршілік тылсымдары туралы терең де әсерлі бейнелер келтірген.
Дәстүрлік уақытты талдағанда Асан қайғының заман мен болашақ, жақсылық пен жамандық, мұрат пен шындық, мәңгілік пен ғаріптік туралы айтқан пікірлерінің амбиваленттік сипатында болатындығын еске сақтаған жөн. Жалпы алғанда, уақыт ұғымының өзі екіұшты. Ол әрі бар, әрі жоқ. Әрі жасампаздықты, әрі өткіншілікті бейнелейді. Асан қайғы уақыт ағынына байсалды сеніммен қарайды. Оның қайғысы тіршілікті қастерлеуден туған. Асан қайғы кеңістіктен таба алмаған жер жаннаты «жерұйық» – үйлесімдік. Бұл тек Хаос пен Реттіліктің, Табиғат пен адамның арасындағы үйлесімдік емес. Ол – адамның өзінің өзімен үйлесімділігі. Бұл жағдайда заман мен адам теңесе алады.
Дәстүрлі қазақ мәдениетіндегі тұлғалық дарашылдық мұсылмандық ділдегі, әсіресе, араб-парсы әрекеттілік аймағындағы адамдық болмыс ерекшеліктерінен басқаша негіздерге сүйенеді. Кейбір белгілері бойынша оны Нара дәуіріндегі синтоистік (аруақтар мен табиғатқа табыну) дәстүрімен салыстыруға болады. Егер мұсылмандық дәстүрде адам өзінің пендешілдігінен арылып, жаратушыға жақындауы қажет деп есептеп, фәни дүниеден бақиға өтуге дайындалуы міндет болса, қазақ ақын-жыраулары осы дүниеде толыққанды өмір сүруге шақырады. Шалкиіз жыраудың Би Темірді қажылық сапарынан тоқтатуға айтқаны:
Ай, хан ием, сұраймын: Тәңірінің үйі Кебені
Ибраһим Халил Алла жасапты, Ғазырейіл – жан алмауға қасап-ты. Жығылғанды тұрғызсаң, Жылағанды жуатсаң,
Қисайғанды түзетсең, Тәңірің үйі Бәйтолла,
Сұлтан ием, қарсы алдыңда жасапты! (ХV-ХVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы / редактор Ә. Дербісалиев. – Алматы: Ғылым, 2002. – 75 б.).
Ру, қауым, тайпа, жүз – дәстүрлі көпшелілік әдептің іргетасы болғандығы даусыз. «У ішсең де, руыңмен іш» дейді халық мақалы. Қазақтың дәстүрлі рулық қоғамы туысқандық қатынастарға негізделгені де белгілі. Ш.Уалиханов атап өткендей, жүз бен жүздің, жүз ішіндегі рулардың бір бірімен арасындағы қатынас нағыз тығыз туысқандыққа сәйкес, ал рулардың өз жүзіне деген қатынасы баланың әкеге, үлкен жүздің аға руына көзқарасы жиеннің нағашысына қатынасындай. Әрине, рулық адамның классикалық көшпелілік қоғамдағы оң құндылықтары туралы жеткілікті жазылған. Алайда, бір жағдайда ескеру қажет. Қауым жеке тұлғаны, кісіні емес, алдымен тұтастықты қайталауға ұмтылады. Бұл тұлғалық енжарлықтың бір себебі де болып табылады. Қазақтың бір мақалы «Жеңім жаман болса, жағам жақсы, өзім жаман болсам, ағам жақсы» дейді. Мақалды екі түрлі түсіндіруге болады. Бірінші жағынан, арқа сүйетін тұлғаның болуы қалыптасып келе жатқан жас өркен үшін маңызды.
Қауымшылдық құндылығы тек тікелей отбасылық негіздерге сүйенуден ғана емес, сонымен бірге аталас-руластарымен бір болумен айшықталады. Шалкиіз жыраудан бір үзінді келтірейік:
Атаның ұлы жақсыға Малыңды бер де, басың қос, Бір күні болар керегі.
Бостаны бар-ды теректің, Болаты бар-ды беректің,
Тұсындағы болған нартың қорлама, Тұсындағы болған нартың қорласаң,
Табылмас-ты керектің. (ХV-ХVIII ғасырлардағы қазақ поэзиясы / редактор Ә. Дербісалиев. – Алматы: Ғылым, 2002. – 75 б.).
Қазақтың дәстүрлі әдебіндегі қауымдық арналардың басымдылығы туралы аз жазылып жүрген жоқ және оған деректерді де біршама келтіруге болады. Осы түсінік туралы біз өз назарымызды даралық пен қауымдылықтың қазақ қоғамындағы тоғысқан ұғым-бейнелеріне аудармақпыз.
Дәстүрлі рухани қазақ мәдениетінде кісі бірден дайын күйінде дүниеге келе салатын кейіпкер ретінде емес, күрделі қалыптасу сатыларынан өтетін адам түрінде бейнеленеді. Туысқандық қауымда адамдық ересектену кластары (сатылары) мәдени мазмұны мен арнаулы функциялардың субъектілері негізінде жіктеледі.
Адамның кісілік ер жетуіндегі мәдени кластарды (нәресте, бала, жігіт, жігіт ағасы, отағасы, қария) тек биологиялық немесе табиғи факторлармен түсіндіру сыңаржақтылыққа жатады.
Адамның ересектенуі мәдени үдеріске жатады және онда даралану мен қауымдасу бірге жүреді. Әрбір мәдени ғұмырлық топқа әртүрлі әлеуметтік талаптар қойылады. Зерттеушілер дәстүрлі қазақ мәдениетінде ересектену кластарының Африка және Полинезия сияқты аймақтардағыдай қатал кәсіби шектелмегенін атап өтеді. Мысалы, Шығыс Африкада жас мөлшеріне қарай
жіктелу еңбектің және жауынгерлік функцияларының қоғамдық жолмен бөлінуінің негізгі тәсілі болды: шәкірттер, кіші жауынгерлер, аға жауынгерлер, басқарушылар, ақсақалдар кеңесі. Бұл жүйеде бір топтан екінші топқа өту арнаулы сынақтар мен инициациялық рәсімдер арқылы жүргізілген. Қоғамда жеке-дара әлеуметтік-экономикалық құрылымдар пайда болған соң коллективтік жауаптылық кластарының рөлі кеміп кетті және тек тарихи, мәдени құндылық ретінде сақталады. Соңғы қағида, әсіресе, генотиптік және геронтократиялық белгілері басым дәстүрлі қазақ қоғамына сәйкес келеді. Өйткені ержету кезеңдері қазақ қоғамында кәсіби салаға тікелей әсер етеді. Жалшының баласы қанша тырысқанымен құдай белгілеген несібесінен шыға алмайды. «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесің» дейді қазақтың нақыл сөзінде. Сол себепті ержету сатылары дәстүрлі қазақ қауымында негізінен рәміздік мағынаға ие болды. Кісінің қалыптасуындағы жас мөлшерінің әсері эпос пен ақыл-жыраулар шығармаларында да көркем суреттелген. Бұл жерде мифтік сана мен эпикалық санадағы есею айырмашылықтарын ескерген жөн. Көне эпос пен батырлық ертегілерде қаһарман (мәдени кейіпкер) таңғажайып жағдайда дүниеге келеді.
Сонымен бірге дәстүрлі қазақ қоғамында шектеусіз геронтократиялық билік үстемдік етті дегенге де байыппен қарау қажет. Қазақ қауымында ақсақалдардың рөлі ерекше болды. Алайда олардың билігінде әдептік-мәдени негіздер басым еді. Ақсақал атану көп жағдайда жасқа қарамай, әлеуметтік статуспен әйгіленіп отырады. Осыны қазақтың «көп жасағанан сұрама, көп көргеннен сұра» деген мақалынан да аңғаруға болады. Оған қоса енші бөлініп бергеннен кейін қазақ қауымында «ортақ меншік» деген болған және ол «қонақ кәдесімен» қоса әлеуметтік әділеттілікті көздеген. Жесір мен жетімнің ол «бастапқы капиталы» іспеттес болған.
Қазақтың дәстүрлі әдеп мәдениетінде туысқандық құрылымдармен қатар, тікелей қандастық байланысы жоқ жеке адамдарды қауым құрамына қосуға мүмкіндік беретін «анда», «тамыр», дос сияқты статустық ұғымдар болған. Құрдастық сияқты анда да бөтен ру, алыс ұлыс, басқа жүздің адамдарын бір- бірімен жақындастырады. Тіпті кейде бөтен елдің, өзге этностың кірмелері де қазақ арасынан анда тауып ел қатарына қосылып кетеді. «Құрдас», «тамыр»,
«дос», «жолдас», “андалар” нағыз туыстардан да шынайы жақын болады. Анда адамдар сенікі-менікі демейді, бір-бірінің бетін қайырмайды. Анда тәртібі алыс руларды, елдерді бір-бірімен туыстастырып, қоғамдық құрылымның берік негізіне өз үлесін қосады. Сонымен қатар қазақ ішінде жан дос, дос, тамыр сияқты әріптес, замандас адамдардың бір-бірімен тіл табысып, көңіл жақындастырып, араласуына мүмкіндік беретін дәстүрлі институттар бар. Жалпы қоғамдық араластық процесінде олардың тигізер ықпалы зор.