Ii блок түркі қағанаты дәуіріндегі әдебиеттің өзгешелігі туралы баяндаңыз



бет106/127
Дата02.06.2022
өлшемі12,93 Mb.
#36200
1   ...   102   103   104   105   106   107   108   109   ...   127
Бұрылып соған түсті дегейсіз, – деп сол жолға түсуін субъектілік кеңістік ішіндегі ерекше бір іс-қимыл ретінде баяндауында мән бар.
Бұрылу – былай қарағанда жай ғана етістік. Бірақ дәл осы контексте ол ерекше энергия бөліп тұрғандай. Өйткені бұл жай бұрылу емес, ауқымды философиялық-ғұмырлық құбылыстың сипаты. Тіпті осы өлең жолының кеңістігінде тұрған ақын өзінің аяқасты опат болғандығын мойындай алмайды. Ол, өзінің түсіндіруі бойынша айтсақ, әлдеқандай бір ғарыштық себептермен, ғарыштық қажеттіліктерге байланысты келе жатқан бағытын өзгертуге мәжбүр болды немесе міндетті болды да, «бұрылып» кетті және «бұрынғылар түскен жүрі жолға» қарай «бұрылды». Бұл Доспамбет ойшылдың өмір туралы және өлім туралы философиялық ой-тұжырым-теориясы.
Ойдың адамдық қажеттілік екені рас, бірақ оның ғаламдық қажеттілік екені анығырақ. Жаратушы иеміз ғаламдық ойды қайда орналастыруды қарастырғанда адамның миын таңдап алып, оған шексіздікті берген ғой. Сол шексіздіктен болар, біз Доспамбет дәуірінің сөз байлықтары мен сөз қолданыстарын сол күйінше қабылдай аламыз және сол дәуір адамдарының өздерінен де тереңірек түсіне алатын сияқтымыз. Мысалы, қазіргі қолданыста «озушылар» деген сөз жоқ. Бұл қолданыс қазіргілер үшін – экзотика. Экзотика болғандықтан да біз қанша асығыс болсақ та, ол сөздің тұсынан жеделдетіп өте шыға алмаймыз. Біз оны міндетті түрде қолымызға ұстап, оған зер салып, тіпті таңданып қараймыз. Өзіміздің арғы бабаларымыздың асыл затын қолға ұстап тұрғандай сүйсінеміз. Бұл тіпті бізге сөз қолданыстың жағымды мағынадағы «төтенше оқиғасы» сияқты әсер етеді. Тілдің жаңа коммуникациясында бізге ол ескі қолданыс сияқты емес, керісінше, контекстің немесе сөздің ХХІ ғасырға бабалар ғарышынан келіп қалған жаңа құбылысындай әсерлі. Оған себеп болып тұрған – Доспамбет жырларының ішкі-сыртқы стихиясы және рухтық пәрмені. Жыраудың сөз-мұражайының мұндай көне сөз-экспонаттары ой-санамызды жаңартып, саф ауамен тыныстағандай әсер беретіні ғажап.
Адамзат – шексіз процесс, яғни, оның аяқталу нүктесінің жоқ екендігін, дамуында мәре сызығының болмайтындығын білетін сияқтымыз. Доспамбеттің сөзімен айтсақ, адамзат дегеніміз – «озушылар». Бірінен бірі озып, бір-біріне қарайлауға шамасы келмей уақыттың жалында үдере көшіп келе жатқан сол адамзаттың Доспамбеттен озып кеткеніне де 585 жыл уақыт өтіпті.
Философ Ж.П.Сартр: «Ұзақ ғасыр өмір сүрген шығарма – құпиясын тас қып құшақтап жатқан шығарма» деп жазыпты. (Ж.П.Сартр. «Что такое литература», «Поппури», Минск, 1999. С.180-181). Демек, ұзақ ғасыр ғұмыр сүрудің кілті – өзіндік құпиясының болуында ғой. Ал Ю.М.Лотман айтады: «Ақынның тiлiн бөтен тiлдi зерттегендей зерттеу керек, …өйткені поэзияның құрылымы ғылымға әлі күнге дейін түсініксіз» дейді. Біз ақынның тілін немесе ой-тұжырымдарын саралағанда, шынында да оның иірімдерінде жатқан құпияларды көргіміз келеді. Оны ашып көруге және тануға міндеттіміз де.
Танудағы мақсат не дейтін болсақ, ол сан қырлы. Биік үй саларда жертанушылар сол үйді салатын жердің топырағының тығыздығын, қаттылығын зерттеп, неше қабатты үй тұрғызуға болатындығын анықтайды емес пе?! Дәл сол сияқты, қандай да бір рухани мұраны танудағы мақсат – жекелеген осындай дара тұлғаларымыз арқылы ұлтымыздың тарихи ой тереңдігін анықтау.
«Өкінбеу» философиясы
Әдебиет дегеніміз психологиялық және тарихи материал ғана емес, ол сонымен қатар өзіндік интеллектуалдық қуат. Оны ғасырдан ғасырға аман-есен жеткізетін де сол қуат. Ал оның бұл қасиеті өзіндік тілдік және үйлесімділік математикасы арқылы мүмкін болады. Сөздердің шумақ ішінде бірін-бірі теңдестіруі шебер математикалық жолмен қиюласқанда оқырман өлеңнен сөздік ұйқас іздемейді де. Өйткені бұл жерде сөздің ұйқасы емес, ырғақтық ұйқас белсенділік алады. Ал ырғақтық ұйқасты мүмкін ететін математикалық ұйқас. Математика дегеніміз, ең қарапайым тілмен айтқанда, шым-шытырық ішкі жолдар арқылы үйлесу емес пе?
Тоғай, тоғай, тоғай су,
Тоғай қондым, өкінбен.
Толғамалы ала балта қолға алып,
Топ бастадым, өкінбен.
Доспамбеттің біз мысалға алып отырған осы өлеңінің жолдарында математикалық белсенділік арқылы дыбыстық-мазмұндық теңдеу құрылып, «өкінбен» сөзі теңдеудің шешімінің қызметінде тұр. Егер де өлеңнен «өкінбенді» алып тастап оқысақ, былай болып шығады:
Тоғай, тоғай, тоғай су,
Тоғай қондым,
Толғамалы ала балта қолға алып,
Топ бастадым.
Яғни, ешқандай сөздік ұйқас жоқ және «тоғай қонғандығының», «топ бастағандығының» бір нәтижеге алып келгендігі туралы ой-тұжырым, шешім жоқ. Олар «өкінбенге» жеткенге дейін математикалық төрт амалдың не бәрін, не ішінарасын бастан кешіру арқылы мәтіннің ішкі мазмұндық және рухтық ұйқастығын үйлестірді. Дыбыс, түр, мазмұн, логика – бәрі «өкінбенде» түйісу үшін ақынның көкірегінде екшеліп, лабиринттік жолдармен жүріп өтті. Әрине, мұның бәрі ақынның санасында қазіргі есептегіш машиналардың жылдамдығындай асқан жылдамдықпен жүзеге асырылды. Сөйтіп оның нәтижесін мөп-мөлдір етіп, төгілтіп-төгілтіп жеткізгендігіне тамсанбай қалмайсың.
Өткен өмір жолының кезең-кезеңдерін айтқанда жырау жүз жылдық ғұмыр кешкен адамдай сөйлейтіні осы тұста тағы бір көрініс береді. Бұл ақынның ғұмыр жасы мөлшерінің адам үшін қандай да бір мәнінің болмайтындығына жасаған сілтемесі тәрізді. Мәселе, жасыңда емес, сол жасыңның ішінде не тындырғандығыңда деп тұрғандай.
Адамзат өзіне ыңғайлы болу үшін уақытты сағаттап өлшеп, бір тәулікті 24 сағатқа бөліп қойған. Бірақ тағы бір «уақыт» бар, ол – әр адамның өзінің табиғи жылдамдығы. Ол сағатпен өлшенбейді. Соның бірі – «ақыл-ой» жылдамдығы. Жаратушы иеміздің уақыты адамзат кесіп қойған уақытпен өлшенбейтіні түсінікті. Оны былай пайымдауға болады: жай адамдар неше жыл ғұмыр кешсе, сонша жылды ғана жүріп өтеді. Ал аса дарынды адамдардың ой-жүйесі шапшаң қимылдайды да, олар орта жастан асқан адамдардың ақыл-ой деңгейіне тым жас кезде-ақ жетіп барады. Мұндай адамдардың бір ғұмырына бірнеше ғасыр сыйып тұрғандай әсер береді. Солай бола тұрса да, Доспамбеттің өзіне өлшеніп берілген отызға да жетпеген жасын азсынбағаны, яғни, жас кетіп бара жатқанына өкінбегендігі жай адамдардың түсінігіне қиындау.
Бүгін, соңы өкінбен,
Өкінбестей болғанмын, –
деп өз тұжырымын қайтадан тұжырым-дайды. «Өкінбестей болғандығының» себебі – уақыттың қашықтыққа «жүгіру» жылдамдығының әр адам үшін әр түрлі мөлшерде болатындығына ақынның көз жеткізгендігінде болар. Доспамбет өзінің қысқа ғұмырында бір адамның толық ғұмырында атқаруға тиістіні атқарғандығына, бұ дүниядағы өз миссиясының аяқталғандығына сілтеме жасайтындай. Ал бізге, пенде болған соң ба, әйтеуір адамның ең болмаса 70-ке жетіп, 80-нен де, мүмкін болса, 90-нан да асуы міндет сияқты көрінеді де тұрады. Сіздің басыңыздан не өткені маңызды емес, маңыздысы – сол жағдайға жауап ретінде сіздің өзіңізді қалай ұстағандығыңызда. Доспамбет осындай тұжырым жасап кетті.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   102   103   104   105   106   107   108   109   ...   127




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет