Есептеу камерасы көмегімен эритроциттердің санын анықтау Торлы Горяев есептеу камерасы қалың шыныдан жасалынған. Ол жылғалармен 3 пластинкаға бөлінген, оның ортаңғы пластинкасының деңгейі шеткі екі пластинкадан 1/10 мм төмен. Егер шеткі екі пластинканың бетіне арнайы жұқа шыны қойса, олардың арасындағы ортаңғы пластинкасының үстінде тереңдігі 1/10 мм камера пайда болады. Ортаңғы пластинка үстінде көлденең тартылған жылғамен екіге бөлінген. Олардың әрқайсысының бетінде тор бар. Әрбір тор 225 үлкен шаршыдан (15х15) тұрады. Әрбір үшінші шаршы 16 кіші шаршыға бөлінген. Әр кіші шаршының әр қабырғасы 1/20 мм-ге тең, демек, оның беті 1/400 мм2-ге тең. Камераның биіктігі 1/10 мм екенін жоғарыда айттық, демек, кіші шаршының үстінде пайда болған кеңістіктің көлемі 1/4000 мм3-ге тең, яғни оның ішіндегі сұйықтық көлемі 1 мкл (микролитр).
1-сурет. Горяевтің есептеу камерасы А – үстінен қарағанда; Б – қырынан қарағанда; В – Горяев торы:
1 - кіші шаршы; 2 - үлкен шаршы.
Жұмысты орындау: Есептеу камерасын сүлгімен мұқият сүртіп, микроскоптың ең аз үлкейткіш объектив астына салып, камераның торын іздеп табады, сол тордың құрылысымен танысады.
Қан сұйылту. Құрғақ пробиркаға 4 мл 3%–тік хлорлы натрий ерітіндісінен құйып алады. Сали гемометрінің капиллярлы пипеткасымен 0,02 мл/20 мм3/ қан алады да, оны көпіртпей, ақырындап жоғарыда аталған хлорлы натрий ерітіндісіне тамызады, сөйтіп 1:200 тең сұйытынды жасалады. Оны араласытырып капилляр пипеткамен сорып алады да, Горяев камерасына құяды.
Камераны толтыру: Есептеу камерасының бетін жұқа жапқыш шынымен Ньютон шеңбері пайда болғанша ысқылап, оларды өзара жабыстырады. Резенкелі түтікті басып капиллярдан 2 тамшы сұйытылған қан шығарады да, оны мақтамен сүртіп алады. Содан соң капиллярдың ұшын жапқыш шынының шетіне жақындатып, есептеу камерасының ішіне 1 тамшы сұйытылған қан жібереді.
Эритроциттерді санау: Дайындалған есептеу камерасын микроскоптың астына қояды да, диагонал орналасқан 5 үлкен шаршыда, яғни 80 кіші шаршыда эритроциттерді санап шығарады.
Санау сол жақтағы жоғары бұрышта орналасқан шаршыдан басталады. Әрбір үлкен шаршыда қанша эритроцит бар екенін білу үшін әрбір кіші шаршыдағы эритроциттер санын санап шығу керек. Ол үшін жоғарғы қатардағы шаршының ішіндегі клеткаларды солдан оңға қарай, екінші қатардағы оңнан солға, үшінші қатардағы солдан оңға, ал ең соңғы төртінші қатардағыны оңнан солға қарай санай отырып, әр қайсысының ішіндегі және екі шетінде қанша эритроцит бар екенін анықтайды. Бір эритроцитті екі рет санамау үшін кіші шаршы ішіндегі эритроциттермен бірге оның жоғары және сол жақ шетіндегі сызықта жатқан эритроциттерді қоса санайды.