Тыныстың минуттық көлемі (ТМК) деп - бір минутта өкпе арқылы өтетін ауа көлемін айтады. ТМК екі әдіспен анықтауға болады.
А) Дуглас қабымен спирометр аркылы;
Б) спирограмма арқылы.
А) Дуглас қабымен құрғақ спирометр арқылы анықтау. Қажетті құрал-жабдықтар:Дуглас қабы, құрғақ спирометр.
Жұмысты орындау. Зерттелуші үш минут бойы мундштук арқылы Дуглас қабына дем шығарып, оны жинайды. Содан соң қапты құрғақ спирометрге жалғастырады. Қаптағы ауа спирометр арқылы сыртқа шығарылады. Қапты қатты қысып, ондағы ауаны түгел шығару қажет. Ауа өткен соң, спирометр оның көлемін көрсетеді. Тыныстың минуттық көлемін білу үшін спирометр көрсеткен ауаның мөлшерін үшке бөледі.
Б) Тыныстың минуттық көлемін спирограмма арқылы анықтау. Спирографты пайдаланып, спирограмманы жазады. Қалыпты тыныс ауасының мөлшерін спирограмма арқылы тауып, оны бір минуттағы тыныстың жиілігіне көбейтеді. Ересек адам 1 минуттағы тыныстың жиілігі 16-20 ретке тең. Жаңа туған балада тыныс алу жиілігі 30 рет/мин және одан да жоғары.
Тыныстың минуттық көлемі =500 х 18 = 9000мл = 9 л/мин.
Қалыпты жағдайда ТМК= 6-9л.
7-жұмыс. Пневмотахометрия Пневмотахометрия – дем алғанда және дем шығарғанда пайда болатын ауаның жылдамдығы арқылы дем алу және дем шығару күшін анықтау әдісі.
Пневмотахометр өлшегіш блоктан және қабылдағыштан тұрады. Қабылдағыш ретінде ішінде диафрагмасы бар металл түтігі пайдаланылады. Үрлеген ауа түтік арқылы өткенде диафрагманың екі жағындағы ауаның қысымы әр түрлі болады. Бұл қысымның айырмасын өлшегіш блоктағы манометр көрсетеді. Ол мөлшер ауаның жылдамдығын, яғни дем алу немесе дем шығару күшін көрсетеді.
Дем алу немесе дем шығарудың күшін бөлек анықтау үшін аспаптың алдыңғы бетіндегі тұтқаны өзіне сәйкес белгісіне (дем алу, дем шығару) қою қажет. Екі түрлі қабылдағыш түтіктер пайдаланады: тынысы тарылған адамдар және балалар үшін диафрагмасы 10 мм, дені сау адамдар үшін – 20 мм. Егер диафрагмасы 10 мм-лік түтікті пайдаланса, аспаптың сыртқы өлшемдерін, ал 20 мм-лікте ішкі өлшемдерін санайды.
Жұмысты орындау: Тәжірибедегі адам орындыққа отырып, мундштукті ауызына алады. Тұтқаны “дем алу” белгісіне қойып, ауызымен мүмкіндігінше терең дем алады. Шкаладағы тіл дем алудың күшін көрсетеді (л/с). Тұтқаны “дем шығару” белгісіне қойып, дем шығарудың күшін табады.
Сау адамда дем шығарудың күші орта есеппен ерлерде секундына 5-8 л-ге тең болса, әйелдерде секундына 4-6 л-ге тең. Дем алу күші дем шығару күшінен сәл кемдеу болады.
Бронхтардың ауаны өткізу қабілеті өзгерсе немесе өкпенің созылмалы ауруы пайда болса, дем шығару күші төмендейді.