II. Тақырыптың өзектілігі : Организмді оттегімен қажетті түрде қамтамасыз етуі және көмірқышқыл газын шығаруы рефлекстік және гуморальдық жолмен реттеледі. Дәрігерлер бұл механизмдерді білуі қажет, себебі осылардың әсерінен организм өзгеріп тұратын сыртқы ортаға бейімделеді. Педиатрия факультетінің студенттері жасқа байланысты тыныс алудың реттелуін және жаңа туған баланың бірінші дем алу механизмін білуі керек. Санитария - гигиеналық факультетінің студенттері жоғарғы және төмен атмосфералық қысымда, өндіріс жағдайларында тыныс алудың ерекшеліктеріне және қорғаныс тыныс рефлекстеріне көңіл аударуы қажет.
Студент білуі қажет: 1. Тыныс алудың нервтік, рефлекстік және гуморальдық реттелуі.
2. Тыныс алу орталығы, оның орналасуы, қызметі.
3. Тыныс алуды реттеудегі көмірқышқыл газының ролі.
4. Тыныс алудың өзін-өзі реттеуі.
Студент орындауы қажет: 1. Тыныс алу қозғалыстарын тіркеу.
2. Тыныс алудың тоқталу ұзақтығын анықтау.
IV. Студенттердің өздігінен дайындалуына арналған сұрақтар: 1. Тыныс алу орталығы, оның орналасуы.
2. Тыныс алу орталығының бөлімдерінің ролі.
3. Жұлын мен бас миды әр-түрлі деңгейде кескенде, тыныс алудың өзгерістері.
4. Тыныс алуды реттеудегі кезеген жүйкенің ролі.
5. Бульбарлық орталығының тонусы және оған афференттік
импульстердің әсері.
6. Геринг-Брейер рефлексі.
7. Тыныс алудың өзін-өзі реттеуі.
8. Тыныс алудың гуморальдық реттелуі.
9. Оттегі және көмірқышқыл газының тыныс алуды реттеудегі ролі.
10. Фредерик тәжірибесі.
Зертханалық жұмыстарды өткізу әдістемелері және аннотациялары
1-жұмыс. Тыныс алу қозғалыстарын жазу (пневмография) Пневмограф резеңке манжетадан, Марей капсуласынан және оларды жалғастыратын резеңке түтіктерден, үш жақты шыны түтігінен тұрады. Жұмыстың алдында пневмографтың ішіне шыны түтігі арқылы ауа енгізу керек. Манжетаны зерттеуші адамның кеудесінің тыныс алу қозғалыстары жақсы байқалған жеріне байлайды. Көкірек қуысының көлемінің өзгеруіне байланысты пневмографтағы ауа қысымы өзгереді де, бұл Марей капсуласының жарғағын тербетеді. Капсулаға бекітілген жазғыш рычаг осы тербелісті кимограф барабанына толқын тәрізді сызықтармен (пневмограмманы) жазады. Қалыпты тыныс алу қозғалысының сызығын (эйпное) жазып алғаннан соң, қалыпты жағдайда тыныс алу қозғалысы жазылады оны эйпное дейді. Содан кейін зерттелуші шамасы жеткенше дем алмауы керек (ерікті апное). Сонда оның қанында көмірқышқыл газының концентрациясы жоғарылайды (гиперкапния), ал оттегінікі – төмендейді (гипоксемия). Мұның салдарынан амалсыз тыныс алу тереңдеп, әрі жиіленеді (еріксіз гиперпное). Тыныс алу қалпына келген соң, зерттелуші бірнеше рет (8-10 рет) терең және жиі тыныс алуы керек (ерікті гиперпное). Осы кезде қанда көмірқышқыл газының деңгейі төмендейді (гипокапния), ал оттегінікі жоғарылайды да (гипероксемия), тыныс алу еріксіз түрде тоқтайды (еріксіз апное). Содан кейін тыныс алу қалпына келеді.