«Жылу энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы


-бап. Жылумен жабдықтау жүйесіне қосылу, тұтынушыларды жылу энергиясына қосуға арналған техникалық шарттар



бет9/14
Дата06.09.2023
өлшемі40,21 Kb.
#106285
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14
16-бап. Жылумен жабдықтау жүйесіне қосылу, тұтынушыларды жылу энергиясына қосуға арналған техникалық шарттар
1. Жылу беруші ұйымның жылу желілеріне жылу тұтынатын қондырғыларды немесе жылу желілерін қосуға ниет білдірген тұлғалар, сондай-ақ қосылған жылу жүктемесін ұлғайтуға ниет білдірген тұтынушылар жылу беруші ұйымнан қосылуға техникалық шарттар алады.
2. Жылу тұтынатын қондырғылары тұтынушылардың желілеріне қосылған қосалқы тұтынушылар жылу беруші немесе жылумен жабдықтаушы ұйымнан техникалық шарттар алады және тұтынушымен келіседі.
3. Жылу желілеріне қосылуға техникалық шарттарды беру және тұтынушылардың жылу тұтынатын қондырғыларын пайдалануға рұқсат беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Жылумен жабдықтауды ұйымдастыру қағидаларында айқындалады.
4. Жылу беруші ұйымдар жылу желісіне қосылуға техникалық шарттарды беруді өтеусіз негізде жүзеге асырады.
5. Жылу желісіне қосылуға техникалық шарттар алу үшін өтініш берушілер тізбесі Жылумен жабдықтауды ұйымдастыру қағидаларында белгіленген құжаттарды қоса бере отырып, еркін нысанда өтініш ұсынады.
6. Жылу желісіне қосылуға техникалық шарттар тиісті құжаттары бар өтінішті ұсынған күннен бастап күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей беріледі.
7. Жылу беруші ұйымдар осы бапта белгіленген мерзім ішінде техникалық шарттар беруге не өтініш берушіге жазбаша дәлелді бас тартуды беруге міндетті.
Өтініш беруші ұсынған құжаттар толық болмаған жағдайда жылу беруші ұйым өтініш берушіге өтініш берілген күнінен бастап үш жұмыс күнінің ішінде жазбаша дәлелді бас тартуды беруге міндетті.
8. Жылумен жабдықтаушы немесе жылу беруші ұйымның жылу желілеріне жылу тұтынатын қондырғыларды қосу жөніндегі барлық жұмысты тұтынушы өз есебінен жүргізеді.
17-бап. Тұтынушыларды жылу энергиясымен жабдықтауды шектеу және тоқтату
1. Жылумен жабдықтаушы және (немесе) жылу беруші ұйымдар тұтынушыларды жылу энергиясымен жабдықтауды (жылу энергиясын тұрмыстық қажеттілікке пайдаланатын тұтынушыларды қоспағанда):
1) жылу энергиясы үшін шартта белгіленген мерзімде төлем құжатын төлемеген;
2) жылу желісіне жаңа қуаттар мен қосалқы тұтынушылар өздігінен қосылған;
3) жылу тұтынатын жүйелерді коммерциялық есепке алу аспаптарына дейін қосқан;
4) шартта ескерілген ең жоғары сағаттық жүктемелерді және жылу энергиясын шарттық тұтыну режимдерін жылумен жабдықтаушы ұйымның келісімінсіз асырған;
5) егер тараптар келісімінде өзгеше көзделмесе, шартта көзделген конденсат көлемінің кемінде 30% қайтарылған;
6) жылу тұтынатын жүйелерге қызмет көрсету үшін тиісті білікті персонал болмаған;
7) уәкілетті органның нұсқамаларын белгіленген мерзімде орындамаған және жылумен жабдықтаушы немесе жылу беруші ұйым берген техникалық талаптарды бұзған;
8) уәкілетті орган және жылумен жабдықтаушы және (немесе) жылу беруші ұйымдардың өкілдерін жылу энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарына жібермеген;
9) тұтынушы адамдардың өміріне қауіп төндіретін аварияларды жою жөнінде жедел шаралар қабылдамаған;
10) қосалқы тұтынушылар Қағидалардың талаптарын бұзған кезде оларды ажырату бойынша жылумен жабдықтаушы ұйымның нұсқамаларын орындамаған жағдайларда толық немесе ішінара тоқтатады.
2. Жылу беруші және (немесе) жылумен жабдықтаушы ұйымдар осы баптың 1-тармағының 1), 4), 5), 6), 7), 8), 10) тармақшаларында белгіленген бұзушылықтар болған жағдайда тұтынушыға жылу энергиясымен жабдықтауды тоқтатқанға немесе шектегенге дейін кемінде бір ай бұрын жазбаша хабарлап, осы баптың 1-тармағының 2), 3), 9) тармақшаларымен – дереу жылу энергиясымен жабдықтарды толық немесе ішінара тоқтатады.
3. Жылумен жабдықтаушы және (немесе) жылу беруші ұйым жылу энергиясын тұрмыстық қажеттілікке пайдаланатын тұтынушыны жылу энергиясымен жабдықтауды:
1) соттың тиісті шешімі болған жағдайда шартта белгіленген мерзімде жылу энергиясы үшін төлем құжатын төлемеген;
2) уәкілетті органның нұсқамаларын белгіленген мерзімде орындамаған және жылумен жабдықтаушы немесе жылу беруші ұйым берген техникалық талаптарды бұзған;
3) тұтынушы адамдардың өміріне қауіп төндіретін аварияларды жою жөнінде жедел шаралар қабылдамаған жағдайларда толық немесе ішінара тоқтатады.
4. Жылумен жабдықтаушы және (немесе) жылу беруші ұйым осы баптың 3-тармағының 1), 2) тармақшаларында белгіленген бұзушылықтар болған жағдайда тұтынушыны жылу энергиясын беруді тоқтатқанға немесе шектегенге дейін кемінде бір ай бұрын жазбаша хабарлап, осы баптың 3-тармағының 3) тармақшасымен – дереу жылу энергиясымен жабдықтауды толық немесе ішінара тоқтатады.
5. Жабдықты жөндеу бойынша жоспарлы жұмыс жүргізу және жаңа тұтынушыларды қосу үшін резервтік қоректендіру болмаған жағдайда жылумен жабдықтау шартында осы мақсат үшін тұтынушыларды ажырату тәртібі көзделуге тиіс.
6. Желілік судан өз бетінше су алған, жылу тұтынатын жүйені өз бетінше қайта жабдықтаған, тұтынушы жылу тұтынатын қондырғыларды өз бетінше қосқан, тұтынушы коммерциялық есепке алу аспаптарына зақым келтірген, есепке алу торабында орнатылған пломбалар бұзылған немесе болмаған кезде жылу беруші және (немесе) жылумен жабдықтаушы ұйымдар акт жасайды және тұтынушы пайдаланған жылу энергиясының көлеміне қайта есеп айырысу жүргізіледі.
Қайта есеп айырысу ыстық су бойынша бір жылдан аспайтын кезеңге, ал жылыту жүйелері үшін жылыту кезеңінен бастап осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген оқиғалар анықталған сәтке дейін жүргізіледі.
Акт жылу беруші ұйым өкілінің және тұтынушының не оның өкілінің қолы болған жағдайда жарамды болады. Акт тұтынушы немесе оның өкілі қол қоюдан бас тартқан жағдайда, бірақ оны жылу беруші және (немесе) жылумен жабдықтаушы ұйымдардың және (немесе) кондоминиумды басқару органының құрамында кемінде үш адам болатын комиссиясы рәсімдеген жағдайда жарамды болады.
7. Жылу беруші немесе жылумен жабдықтаушы ұйым өзінің желісіндегі авариялардың алдын алу немесе жою бойынша кезек күттірмейтін шаралар қабылдау үшін тұтынушыға бір кұн бұрын міндетті түрде хабарлап, жылумен жабдықтаушы ұйым жеткізбеген жылу энергиясы үшін кейіннен қайта есеп айырысу жүргізумен жылуды тұтыну жүйесінен уақытша ажыратуға құқылы.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет