Қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтерген үздік туынды ретінде «Абай жолы» эпопеясына жоғары бағалар берілді, түрлі сипаттағы анықтамалар айтылды.
«Абай жолы» - кең құлашты ғұмырнамалық эпопея, әрі тарихи, этнографиялық т.б. сипаты бар дәуірнамалық энциклопедиялық кітап екені атап айтылды. Дегенмен де, бұл шығарманың, ең алдымен – поэтикалық өнер туындысы, көркем сөз үлгісі екенін басты назарда ұстаған жөн деп білеміз. Өзінің басты кітабына автор өмірлік, дүниетанымдық, эстетикалық, мұраттарымен қоса, поэтикалық дарынының бүкіл шығармашылық мүмкіндігін сарқа жұмсаған. Сондықтан да бұл кітап бізге әдеби туынды ретінде, әдеби-эстетикалық ескерткіш ретінде қымбат.
Поэтикалық өнер туындысының, ажырамас көрсеткіштерінің бірі – көркем категориялар, әсіресе құбылту (троп) түрлері.
«Абай жолының» әлеміне енгенде, көркемсөз мұражайын тамашалағандай, қазақ сөзінің құбылған, түрлеген талай үлгілерін танып, ләззатқа бөленесің. Мысалы, бір ғана боран образын жазушы былайша құбылтады. «Бейне бір аш айдаһар осы өңірдегі жан иесін суық, сұмдық лебімен сорып бара ма? Бәйге жирен айғыр сол ажалға амалсыз, тоқтаусыз өзі ұмтылып, ентелеп, тартылып барады». Автор жасаған «суық боран - аш айдаһар» параллелі ұтымды шыққан, әсері күшті. Суреткер Боран стихиясын толық аша алатын образ таңдай алған. Осылайша әрі суретті, әрі қимыл-қозғалысқа толы (динамикалық живопись) көркем мәтін тудырған. Бұл жалғыз мысалдын басқа төрт томдықтың әр бетінде сөз маржандары тізіліп тұр.
Олардың ішінен біздің тоқталарымыз – көркем символдар, немесе А.Байтұрсыновша айтқанда, бернелеу. Поэтикалық бернелеу – бүкіл «тіл көренектілігі тәсілдерінің (А.Байтұрсынов) ішіндегі ассоциациялық мүмкіндігі өте жоғары, поэтикалық типтендіру дәрежесіне жете алатын аса қарымды да терең көркемдік құрал екенін символтануға арналған ғылыми зерттеулерден көруге болады. Көптеген зерттеушілер символды, әсіресе поэтикалық символды, көркем амал-тәсілдер, жалпы поэтикалық ойлаудың шыңы деп таниды.
Расында да, символ – шартты белгі немесе эмблема емес, дүниетаным тереңінен туындайтын, көптеген қасиеттерді өз бойына жинақтап тұратын синкретті әрі құпия, сондай-ақ сол құпияға жетелеп, еліктіретін сугестивті эстетикалық көркем құбылыс. Көркемөнер өзінің ең нәрлі де мәнді қасиеттерін түптің түбінде белгілі бір символ-бернеге жинақтайды. Осылайша, символ аса құпия әрі әмбебап терең ұғымға айналады.
Көркем ойлаудың шыңы, көркемдік танымның жемісі болып табылатын бейнелеуді тудыру, табиғи таза, терең мәнді символ жасау, символикалық ойлау - таланттының ғана қолынан келеді. Бұл ретте суреткерлігі де, әдеби-эстетикалық білім-білігі де кемел қаламгер М.Әуезовтың поэтикалық тәжірибесінен біз тек метафора, метонимия тәсілдерін ғана емес, аса терең де көркем символ-берне үлгілерін де табамыз.Оның көркем туындыларынан біз жеке дара деталь-символды да, шығарманы бүкіл өн бойында өріліп отыратын леймотив-символды да ұшырастырамыз. Суреткерлік шеберлігі шыңдала түскен жазушы өзінің поэтикалық тәжірибесінде құбылту (троп) түрлерін жетілдіріп, символдық дәрежеге көтере білген. Осылайша ол тіпті тұтас символдар жүйесін түзе алған. Біздіңше, М.Әуезовтің эпопеясындағы көркем бернелер тұтастай жүйе құрастыруға болады. Мысалы, суреткер өз кітабының композициясын да символдық сипатта құрғанын байқауға болады.
I том I бөлім II том II бөлім
Қайтқанда Тайғақта
Қат-қабатта Жайлауда
Жолда Ейісте
Шытырманда Оқапта
Бел-белесте Асуда
Өрде Тарауда
Қияда Билікте
деген атаулар әрі жинақтаушылық, әрі астарлы көркем мәнге ие.
«Абай аға» деген тараудан басталатын екінші томның құрылымы да «Ке жолында», «Түн-түнекте», «Құз-қияды» т.б. жалғасып отырады. Осы атауларда бас кейіпкер өмірі мен шығармашылығының түрлі белесі, ширыққан, тоқыраған, самғаған жылдары белгілі бер символдық көрініс табады. Мұндай композиттік деңгейдегі символ-бернелер – эпопеядағы бернелер жүйесінің тармағы ғана және өз алдына зерттеуді керек етеді.
Эпопеядағы символдардың ендігі бір тармағы – портрет символдар. Белгілі Құнанбай қажы портретінен басталатын кескіндемелік-психологиялық сипаттамалар да – авторлық шеберліктің бір жемісі. «Толықша біткен дөңгелек жүзінде әлі бірде-бір әжім жоқ. Кесек сұлу бітіміне бұл күнде ұзаңқырап шыққан қиық мұрты да жақсы жарасады. Селдір қара сақалы да бетінің көлемін бұзбай, сәл ұзарып барып тоқтапты.
Қазір Мәкіш барлап қараған шақта Абайдың мұрны мен бетінде азырақ жылтырап белінген майда жұмсақ бір нұр білінеді. Жаңа ғана толып жеткен жігіттіктің анық сұлу ажары. Отты саналы көздерінің ақ, қарасы айқын. Ажары таза, көздері әрі көрікті, әрі ыстық тиеді. Бір қараған кісіні қайта тартып, еріксіз қаратқандай алмазы бардай , әсерлі көз. Жіп-жіңішке боп, ұзын сызылған қап-қара қасы да жігіт жүзінің ажарын аша түскендей» (296 бет. I кіт.). Осы сипаттағы статикалық, Тоғжан портретінде динамикалық-дыбыстық суреттеулер арқылы (сырға қозғалысы, шолпы сылдыры, дауыс дірілі т.б.) жазушы кейіпкерінің жандүниесіндегі эволюциялық өзгерістерін хабарлап отырады.
«Абай жолы» - оптимистік трагедия. Эпопеяның оптимистік рухын үнемі шындай келе, ең соңында автор осы сарынды белгілі бір символдық формада түйіндейді. Бұндай символдың қызметін ағаш бейнесі, шығыс елінде қасиетті ағаш болып табылатын шынар образы атқарады. Төрт ктаптан тұратын эпопеяда бұл образды жазушы екі рет атап өтеді. Алғаш рет шынар бейнесін былайша сомдайды.
«Бұл күндерде жалаң күздің басындағы тақыр құм мен тастақты жарып, әлсіз нәзік шешек атып жас шынар пайда болған. Сондай өмір гүл ашқан. Енді бұл күнде сол шыңға шыққан жас шынар балғын тартып, жас қуатқа толыпты. Қазір оған қыс пен аяз, тіпті дауылы да қатер болудан қалған еді». (I том, 284 б.). Бұл көркем мәтіндегі шынар бейнесі ғана емес, оның әр бөлшегінің (жалаң құз, тақыр құм мен тастақ, тау дауылы т.б.) символдық астары бар екенін аңғаруға болады. Бұл образдар қатал заман мен тағдыр талқысын бернелеп тұр. Ал «балғын тартып, жас қуатқа толған шынар» арқылы Абай тұлғасының кемелденіп, толысқан сәтін меңзеп тұр. Екінші рет суреткер шынар бейнесін мынадай оқыс жағдай арқылы трагедиялық деңгейге көтереді.
«Сонау бір шақта тасты тақыр, жалтыр биік басына жалғыз шыққан, зәулім өскен алып шынар құлады. Өмірден Абай кетті» (2 том., 5986.). Абай өлімінің - қазақ елі үшін апатты жағдай екенін, орны толмас қаза екенін табиғат құбылысы арқылы бернелейді. Автор трагедиялық ситуацияны қоюлата отырып, оған оптимистік сипат дарыта біледі. Өміршең, жарқын оптимизмді оқырман бас кейіпкердің соңғы монологынан аңғарады.
Біздің баса назар аурарарымыз – осы шынар бейнесінің өзінің символдық-бернелік астары терең әрі мән-мағынасы қат-қабат образ екендігі. Х.Э.Керлоттың «Символдар сөздігінде» (М.Д.) ағаштың негізгі дәстүрі символдардың бірі екенін, әр халықта түрлі ағаш қасиетті саналатынын айта келіп, бұл символдың жалпыға ортақ мағынасын былай түсіндіреді. «В наиболее общем смысле символизм дерева обозначет жизнь космоса: его согласованность, рост, распространение, процессы зарождения и возрождения. Дерево представляет неистощимую жизнь, а потому оно эквивалентно символу бесмертия. «Абай жолындағы» шынар ағашының бернесін осы тұрғыда қарастыратын болсақ, автор бұл образ арқылы Абай өмірінің бүкіл мән-мағынасын, өміршеңдігін, оның идеялары мен шығармашылығының ғұмыры мәңгілік екенін айтқысы келгенін көреміз. Шынар ағашының ғұмыры космос ғұмырындай мәңгілік болып, әрқашан қайта туып, өркендеп табиғатпен жарасым тауып отырса, Абай ғұмыры да қазақ ұлтымен біте қайнасып, жарасып, әрқашан ұлт санасында жаңғырып, қайта туып, жарасып отыратын өлмес ғұмыр екенін жазушы осылай жалғыз ғана символмен бернелеп береді.
Жалпы біздіңше, кітаптың атауының өзі де символикалық сипатқа ие. «Телғара», «Ақын аға» т.б. айдар атаулардың ішінен автор «Абай жолы» деген атауды бекер таңдамаған. Бас кейіпкер есімі арқылы тұтас бір ұлттың зиялысының шығармашылық-әлеуметтік тұлғасын бернелесе, «жол» образы арқылы тек Абайдың ғана емес, тұтас бір ұлттың рухани ілгерілеу – өсу бағытын бернелейді. «Жол» сөзі мұнда концептуалдық мағынаға ие болып, семантикалық-символдық астары қалыңдай түскен.
Сонымен, эпопеядағы көркем мәтіндерге лингвопоэтикалық шолу жасау арқылы ондағы символ-бернелер әлемін шартты түрде болса да жүйелер болсақ түрлі сипаттағы бернелер құрылымы түзіледі.
Шитет-символ (айқындау-бернелеу),
Метафора-символ
Символ-берне (бейнелеу-бернелеу)
Символ-пейзаж,
Символ-портрет,
Символ-лейтмотив динамикалық символ, психологиялық символ тірек бернелер (опорные слова символы) символ-айдар (символ-рубрика) т.б.
Бұлардың бәрі де шығармашылық шеберлікпен өңделіп, суреткерлік сүзгіден өтіп, аса мәнді, терең ұтымды символдарға айналған, сондықтан да бұлардың әрқайсысы өз алдына бөлек семантикалық зерттеуді талап етеді және әрқашан ұлттық сипаты мен табиғаты ескерілуі тиіс.
Қазіргі қазақ прозасында саралау ол өз бейнелілігінің түп-тамырына барып қана қоймай, кері байланыста болуы мүмкін екенін мойындауға мүмкіндік береді: көркем түсініктерді жаңа бояулармен жаңартып, кең көлемді метафоралар қалыптастырып, қазір прозаның бейнелік қорын ғана емес, оның потенциалды жанрлық – стильдік арсеналын да кеңейте отырып, бейнеліліктің бастапқы архетиптері актуальданады .
Қазіргі қазақ прозасының өкілдерінің бір бағыт ұстанып, мектепке бірікпеуінің тарихи астарлы себептері де бар. ХХ ғасырдың соңы – қандай да бір қоғамдық құрылымдар жойылып, ортақ идеалдардан бас тарту заманы болды. Бірнеше адамның бір идеяны ұстануы сирек кездесетін құбылысқа айналды. Әр жазушы аласапыран дүниеден шындықтыөзі ғана іздейді, әрі соны жалғыз ақиқат деп дәлелдеуге тырысады. Жазушылар әр қайсын өз субъективті пікірін ұстанады, өз дүниетанымын өзгелерге тануға ұмтылады. Сонымен қатар, әлемдік сананың өзгеруі жаңа дүниетанымға негіз болды, жаңа кейіпкер типін жасауға, сол кейіпкер бойына өз субъективті қабылдаулары мен түсініктерін дарытуға әкеп соқты.
Н.Қожабекова қазіргі қазақ прозасындағы кейіпкерлер туралы төмендегідей пікірде. Ең басты қатынас – өз-өзімен ішкі "менімен" қатынасы. Мұндай көрініс, постмодернизмге берген анықтамаға сүйенсек, тән сипаттар М.Мағауиннің, Ә.Нүрпейісов, Т.Әбдіков, А.Алтай, Р.Мұқанова, Д.Амантай шығармалырынан байқалады. Әдебиетте қалыптасқан өз стиль, сөздік қоры бар келесі бір жазушы – Айгүл Кемелбаева. Аталмыш автордың "Мұнара" деп аталатын 2003 жылы шыққан романында постмодернистік
сипаттар бар.
Қазақ әдебиетінде бұрын арнайы зерттеле қоймаған тақырыпқа барған Р.Мұқанованың «Тұтқын» әңгімесіне қатысты. 1925 жылдың сәуірінде цюрралистердің барша жан-жүйке ауруханаларындағы бас дәрігерлерден науқастарды босатуды талап еткені ойға түседі. Өйткені олар қоғам тарапынан езгі көрушілер ақыл-иесі қалыптан тыс сырқаттардан әр адамға тән даралық бар. Р.Мұқанованың кейіпкері өзін «Ұлы» санайтын. Галлюцинациялық мезеттерге ұшырап отыратын көз алдындағы елестейтін сөзін естіп онымен барынша ақиқат күйде тілдесіп, дауласатын, сөгетін, қынжылатын бақытсыз, дімкәс суретші. Негізінен онейрикалық-«Қиял(,»Түс», «Ой», кеңістіктің өзгеше түрін қамтитын шығармада уақыт бір күннің мөлшерінен аспайды да , реалды кеңестік ауқымы суретші тұратын кедейшілікке толы жұпыны бөлмемен бітеді. Қиял арқылы кейіпкер көшеде де , шеберханада да жүреді. Онымен өзгелер де сөйлеседі. Бұл жауап береді. Кемшілігін бетке шыжғырып басады. Ышқырындағы белдік орнына таққан жіпті тартыңқылып байлайды. Тіпті қарқылдап, күледі де. Әсіресе айналасы оның бойынан ұлылық белгілерін ұлықтағандағы қуанышы зор. Автор традикомедиалық жағдайды оқиға барысында ашық араласудан тартына отырып, қара юмор тәсілімен психодиагностикалық дәлдік арқылы суреттейді. Жазушы қиялы бай. Сана ағымы ыңғайдағы Әумесер аузынан шығатын сөзден логикалық қисын да жоқ емес. Әйтсе де ырықсыздық күй абсурд ақиқатын бейтарап сынай да қалуы. Р.Мұқанова әңгімесін постмодернистік дүниетаныммен үндестіреді.
Постмодернизмді бетке алған бір топ қазақ жазушысының пайда болуы, атап айтқанда Д.Амантай, Ә.Қодар (ақын), Р.Мұқанова, Ықсан және басқалары. Қазақ әдебиетінде мифологиялық желінің дамуы мифологиялық реализмнің қалыптасуын білдірді. «Сана ағымы», «жаттану», «көп дауыстылық», тәмсілдеу, символизм, ұқсастық секілді баяндаудың модернистік формаларының қабылдануы үрдістің 20 ғасырдың соңында да әдебиетте жалғасқандығын көрсетеді.