6.4. Қаржылық бақылаудың әдістері
Қаржылық бақылау әр түрлі әдістермен (тәсілдермен немесе амалдармен, оны жүзеге асырудың құралдарымен) жүргізіледі. Нақтылы әдісті қолдану қаржылық бақылауды жүзеге асырушы органдар қызметі нысандарының ерекшеліктері, бақылаудың объекті мен мақсаты, бақылау іс-қимылының пайда болуының негізі сияқты бірқатар факторларға байланысты болады.
Қазіргі кезде қаржылық бақылаудың мынадай әдістері пайдаланылады: тексеріс (барлық құжаттар бойынша барлық бөлімшелердің қызметін тексеру), инспекция (кәсіпорынның қаржылық жай-күйін орнында дүркіндік тексеру), қадағалау (кәсіпорында қаржылық қаражаттардың жай-күйімен жалпы танысу), тексеру (құжаттаманы, есепке алуды және есептемені шоттық тексеру), қарап шығу, қаржы жоспарларының жобаларын, өтінімдерді, қаржылық-шаруашылықтық қызмет туралы есептерді қарау, баяндамаларды тыңдау, лауазымды адамдардың ақпараттары және басқалары. Бұл әдістердің әрқайсысы аралық міндеттерді шешуге жағдай жасайтын тым көп жекеленген әдістерге бөлінеді. Мысалы, құжаттық тексерісте құжаттарды үстеме (ыңғайласпа) тексеру, ақшалай қаражаттар мен материалдық құндылықтарды түгендеу, сандық есепке алуды қалпына келтіру, бақылау мақсатында салыстыру және басқалары.
Аталған жалпы әдістер түрлі объектілерге бақылау жүргізудің әдістемелерінде, ережелерінде нақтыланады.
Алдын ала және ағымдағы бақылауды жүзеге асырудың негізгі әдісі көзбен шолып визуалды тексеру болып табылады. Мұндай тексерулерге актілер, анықтамалар жасалынбайды. Бүкіл іс тыйым салу және тоқтату туралы жазбаша немесе ауызша жарлық, бұйрық беруге саяды.
Кейінгі қаржылық бақылау бірнеше әдіспен жүзеге асырылады. Оларға жататындары: тексеру, экономикалық талдау, тексеріс (ревизия). Тексеру шоттық немесе тақырыптық болуы мүмкін.
Есептемені шоттық тексеру − бұл бухгалтерлік есептердің, баланстардың, салықтық есеп-қисаптардың ақиқаттығын тексеру. Ол үш кезеңде жүзеге асырылады: бірінші кезеңде есептеменің әр түрлі нысандары көрсеткіштерінің келісушілігі айқындалады; екінші кезеңде жекелеген есептік көрсеткіштерді бухгалтерлік есептің тіркелімдеріндегі жазбалармен салыстыру жүзеге асырылады; үшінші кезеңде бастапқы құжаттардың мәліметтері бойынша есептік тіркелімдердің негізділігі анықталады. Мұндай дәйектілік шоттық тексерулерді бухгалтерлік есеп пен есептеменің қойылымына бақылау жасаудың өте тиімді құралы етеді және қаржылық тәртіптің бұзылуларын анықтауға және ескертуге жәрдемдеседі.
Тақырыптық тексеру – бұл бақылауға жататын объектінің шаруашылық-қаржылық жұмысының жеке жақтары мен учаскелерін зерделеу, мысалы, жалақыдан ұстап қалудың дұрыстығын тексеру; шығындарды өнімнің өзіндік құнына жатқызудың дұрыстығын тексеру және т.б.
Экономикалық талдау – бұл объектінің шаруашылық-қаржылық қызметіне баға беру; қызметтің түрлі нәтижелерін анықтау және осының негізінде экономикалық жағдайды жақсартудың жолдары мен факторларын негіздеу.
Экономикалық талдауды шаруашылық органдардың өздері де, сонымен бірге бақылаудың сыртқы органдары – банктер, қаржы, аудит фирмалары да жүргізеді.
Тексерулер мен қарап шығуды бақылау органдары шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржылық-шаруашылықтық қызметінің белгілі бір мәселелері бойынша немесе жұмыс орнында қаржылық қызметтің жеке жағымен, (учаскесімен) танысу жолымен бір мәселе (тақырып) бойынша жүргізеді. Сондықтан тексерулер негізінен тақырыптық болып келеді. Тексеру мен қарап шығудың мақсаты шаруашылық және қаржылық қызметтің жекелеген учаскесінің жай-күйін анықтау болып табылады. Камералық тексеру жергілікті орынға шықпай-ақ жүзеге асырылады және шаруашылық органның құжаттық тексеруінен бұрын болады.
Үстеме тексеру – тексеріліп отырған шаруашылық жүргізуші субъектінің әріптестерінде немесе клиенттерінде қаржылық-шаруашылықтық операциялардың нақтылы бейнелеп көрсетілуін тексеру арқылы бұл операциялардың растығын анықтау әдісі.
Қаржылық бақылаудың негізгі әдісі – тексеріс – кейінгі (келесі) бақылаудың кешенді әдісі және өткен белгілі бір кезеңдегі шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржылық-шаруашылықтық қызметінің барлық жақтары мен учаскелерін мұқият зерделеу, терең тексеру, оны неғұрлым толық қарап шығу. Тексерісті әр түрлі бақылаушы органдар, ең алдымен қаржы, сонымен бірге ведомствоға қарасты ұйымдарға қатысты мемлекеттік басқару органдары жүргізеді. Тексеріс бұл органдардың жоспары бойынша да, сондай-ақ басқа құзырлы органдар – жоғарғы, тергеу органдарының нұсқауы бойынша да жүргізілуі мүмкін.
Тексеру объекті бойынша құжаттық, нақтылы, толық жаппай, іріктемелі, ішінара тексеріс болып ажыратылады. Ұйымдық белгісі бойынша олар жоспарлы және жоспардан тыс, кешендік болуы мүмкін.
Құжаттық тексерісті жүргізген кезде есептер, қаржыландырудың жеке жоспарлары ғана емес, сондай-ақ құжаттар, әсіресе бастапқы ақшалай құжаттар (шоттар, төлем тізімдемелері, ордерлер, чектер, бағалы қағаздар) тексеріледі. Нақтылы тексеріс құжаттарды ғана емес, сонымен бірге қолда бар ақшаны, материалдык құндылықтарды да тексереді. Толық тексеріс деп белгілі бір кезеңдегі шаруашылық жүргізуші субъектілердің бүкіл қызметін тексеруді айтады.
Іріктемелі тексеріс кезінде бақылау қаржылық-шаруашылықтық қызметтің әйтеуір бір жағына (мысалы, іссапардың шығындарын, әр түрлі нысаналы шығындар мен шығыстарды тексеру) бағытталады.
Тақырыптық тексерістер бір моделдегі бірнеше кәсіпорындарда, мекемелерде немесе бірнеше министрліктер мен ведомстволарда қаржылық-шаруашылықтық қызметтің жеке мәселелері бойынша жүргізіледі. Олар сонымен бірге шаруашылық жүргізуші субъектілердің белгілі бір учаскелерінің мән-жайын тексеруге және бұл мәселе бойынша көлемді материал алуға, оны талдауға, тұжырым жасауға, жұмысты жақсарту жөнінде ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Тексерістердің тәсілдері: материалдық құндылықтарды түгендеу, кассадағы нақтылы ақшаны тексеру, тексерілетін объект қызметінің жоспарлық, нормативтік және есептік көрсеткіштерін салыстыру, құжаттық және үстеме тексерулер. Көрсетілген тәсілдер тексерістің қойылған мақсаттарына қарай қолданылады.
Әрбір тексеріс пен тексеру мұқият әзірленуі тиіс, өйткені олардың сапасы осыған байланысты болады. Бұл үшін қажетті заңдарды, қаулыларды, жарлықтарды оқып-біліп, зерделейді; бұрынғы тексеріс пен тексеру материалдарымен, анықталған бұзушылықты жоюдың нәтижелерімен танысады; ақпарат органдарының сын материалдарын, өндірістік қызметтердің ерекшеліктерін зерделейді және т.б.
Әзірлік жұмыстың негізінде тексеріс немесе тексерудің бағдарламасы, оның негізінде тексеріс пен тексерудің жұмыс жоспары жасалады. Жоспарлар тексерулер мен тексерістердің белгіленген мезгілділігін ескере отырып құрылады. Жоспарларда бақылаудың объектілері, тексерудің немесе тексерістің тақырыбы, бастау мен аяқтаудың уақыты, атқарушылардың саны мен олардың құрамы және т.б. белгіленеді. Аудиттік органдар өзінің жұмысын келісімшарттар негізінде жүргізеді.
Тексеріс немесе тексеруді жүргізудің бүкіл үдерісі бірнеше кезеңдерден тұрады: өкілеттіктерді көрсету; тексерілетін объектінің жауапты жұмыскерлерімен ұйымдық кеңес өткізу; түгендеуді жүргізу; тексерілетін объектімен, оның қызметінің технологиясымен жеке өзінің танысуы; шаруашылықтық қызметті алдын ала талдау; тікелей құжаттық тексеріс немесе тексеру; тексеріс немесе тексеру материалдарын жүйеге келтіру; акт немесе анықтама жасау; ашылған кемшіліктердің жойылуын тексеру.
Тексеріс немесе тексеруді жүргізудің нәтижелігі көбінесе жасалынған актінің сапасына байланысты болады. Тексеріс акті (анықтамасы) – бұл қаржылық-шаруашылықтық қызметте жіберілген бұзушылықтың жай тізбесі емес, бұл тексерілетін объект жұмысының сапасы, заңдылығы, мақсаты, сәйкестігі туралы дұрыс түйіндердің жинағы болып табылатын құжат. Оның негізінде ашылған бұзушылықты жою мақсатында нақтылы ұсыныстар, ұйғарымдар жасалынады, кінәлі адамдарға шара қолданылады.
Достарыңызбен бөлісу: |