АЙТБАЙҰЛЫ Талғат (5.5.1954 ж.т., Жамбыл обл. Жуалы ауд. Қошқарата а.) - жазушы. 1981 ж.
ҚазҰУ-ды бітіріп, Қазақ радиосында редактор, "Қазақстан пионері" (қазіргі "Ұлан") газетінде бөлім
меңгерушісі, жауапты хатшы, Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы "Аударма" алқасында аға
редактор, Алматы теледидарында саяси шолушы, "Халық кеңесі" газетінде бөлім меңгерушісі,
"Арай" журналында бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. Қазір "Тоғанай Т."
баспасының директоры және "Жыл - он екі ай" альманахының бас редакторы. "Нан мен тер" (1998),
"Ән әлемінің Әбиірбегі" (1998) сыр-сұхбат кітаптарының, "Жері, суы дуалы - Жуалы"
жинағының(1998. Е.Үсенбаев, М.Ахметпен бірігіп жазған) авторы. "Мың бір күн, мың бір түн"
деректі романы қазақ және орыс тілінде (аударған Н.Кенжеғұлова) қатар жарық көрді (2000).
В.Михайловтың "Ұлы жұттың жазбалары" кітабын казақ тіліне аударған (1992).