Бақылау сұрақтары:
1. Майқы би жайлы не білесің?
2. Асан Қайғы туралы баяндаңыз.
3. Жиренше шешен жайлы аңыз-әңгімелерді айтып беріңіз.
Әдебиеттер:
Г.Қосымова. Қазақ шешендік өнерінің негіздері. Білім баспасы, 2003ж.
Тіл мәдениеті. Шешендік өнер: Оқулық / Б.Қ.Қапасова.-Алматы, 2014-224б.
№7 практика тақырыбы: Майқыби, Асан қайғы, Жиренше шешендер.
Мақсаты: Майқыби, Асан қайғы, Жиренше шешендердің шешендік сөздерін оқу, стилистикалық тұрғыдан талдау жасау.
Қарастырылатын мәселелер:
Сырым Датұлы 1712-1802 жылдары өмір сүрген қазақтың батыр әрі шешен биі.
Бала би Досбол шығармашылығымен танысу.
Бөлтірік Әлменұлы – қара қылды қақ жарып сөйлейтін шешені, батыр.
Әдістемелік нұсқау Майқы би (Байқы, Байки, Байку) (ХІІ - ХІІ) – аңызға айналған тарихи тұлға, атақты би, шешен. Ол әділ билігімен, тапқыр шешендігімен бүкіл қазақ қауымының арасында атағы шыққан адам. Халық арасында: «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген ескі сөз бар. Шежірелерде Майқы би деген атпен өмір сүрген бірнеше тұлға кездеседі. Кейбір зерттеушілер оны біздің заманымыздан бұрынғы үйсін мемлекеті билеушілерінің бірі деп есептейді. Ол Майқы би Мәнұлы деген атпен біздің заманымыздан бұрынғы 178-89 жылдары өмір сүрген және аңыз бойынша би атанған тұңғыш адам.
№8 Тақырып:Сырым, Досбол, Бөлтірік шешендер
Мақсаты: Сырым, Досбол, Бөлтірік шешендердің өмірлері мен шығармашылығынан мәлімет беру.
Жоспар:
Сырым Датұлы 1712-1802 жылдары өмір сүрген қазақтың батыр әрі шешен биі.
Бала би Досбол шығармашылығымен танысу
Бөлтірік Әлменұлы – қара қылды қақ жарып сөйлейтін шешені, батыр.
Кілт сөздер: қазақтың батыры, шешен би, батырлық-ерлік, билік, сөз тапқыштығы, ел аузына, даулы әңгіме, сұлтан, хандар.
Сырым Датұлының шешендік өнері ұлтымыздың тарихында асқан батырлық-ерлік істерімен, асқақ сипатты, тапқырлық даналық, шешендік сөздерімен, әділетті билік-кесімдерімен жарқын із қалдырған заңғар тұлғалардың бірі - Сырым Датұлы.
Сырым Датұлы 1712-1802 жылдары өмір сүрген қазақтың батыр әрі шешен биі. Шыққан тегі Кіші жүздің Байбақты руынан. Байбақты ішінен Әйтімбет, одан Шолан. Шоланнан Түкіш, Дат, Есенбай, Байторы, Даттан: Адамбай, Сырым, Амантай, Жомарт, Базарбай, Барлыбай, Жандыбай, Дүйімбай, Қорлыбай, Қалдыбай, Шыбынтай деген он бір ұл тарайды. Таған ауылы Сарыой. Орал облысы, Жымпиты ауданы. Дат момын орта шаруа, есті кісі екен. Ал, анасы адуынды, бір ауылды сөзімен де, ісімен де билеген ақылды бәйбіше болыпты. Сыры жеті-сегіз жасынан ақ естілігі, сөз тапқыштығымен ел аузына ілігеді. Өсе келе сол өңірдегі билер, шешендер, сұлтан, хандарды тани жүріп, олардан шешендік тапқырлықты, ел билеу ісін үйренеді. Сол билердің кейбіріне өзі іздеп барып, бата, жөнжорық алады. Сырым шешеннің тұңғыш рет билік айтуы балайша екен. Мал өрістен қайтқан кезде, бірі атқа мінген, бірі жаяу кісіні көреді. Екеуара бір түлкі. Шекесі қызып таласқан. Содан Сырымға төрелік айтуды өтінеді.
Сырым Датұлының заманында қазақ елінің шұрайлы, нулы, сулы жерінен, құтты-жайлы қоныс-мекенінен айрылып, зар жылаған шағы еді. Патша үкіметі жазалаушы отрядтарын-яғни казак орыстарды қазақ ауылдарына жұмсап, құт-берекесін кетірді. Сонда Сырым батыр адамның сүйегі сырқырарлық сөз сөйлеп, елі мен жерін қорғауға жұртын шақырады. Сырым Датұлы 1783—1797 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістің ту ұстаушысы болады. Адамзат тарихы қанмен жазылған ғой. Қазақ ұлтының басына түскен зұлмат жылдарда, қанды қырғындарда Сырым Датұлы патшаның езгісіне, оның отарлаушылық caясатына және жергілікті жандайшаптарына, арам пиғылды хан-сұлтандарға қарсы күреседі. Ұлт-азаттық қозғалысты қолдамаған, тіпті қарсылық көрсеткен Есім ханды Сырым жер жастандырады. Осы оқиғадан кейін Алдар би: «Қарадан хан болдың, айырдан нар болдың, жоқтан бар болдың, көнеден дәурен озды, көндей қамқа тозды, атадан ұл озды, анадан қыз озды!»—деп болган істі қолдайды.
Жаяу адам мән-жайды : «Жаздай осы түлкіні көз жазбай аңдып, алғашқы қансонарда қолға түсіремін деп»- жүр едім деп түсіндіреді. Ат үстіндегісі: «Бүгін тәңертең ерте ізіне түсіп соғып алып едім» - дейді.
Мұқият тыңдаған Сырым: «Бұл түлкі еркек болса, аттылы - сенікі, ұрғаша болса, жаяу - сенікі» - деп түйін жасайды. Сөйтсе түлкі еркек екен де аттылыға бұйырады.
Сырым Үргеніштің ханына барып жүз көріс қылған. Хан Сырымның атағына сырттай қанық: “Қазақтың өзі шешен, өзі батыр кісісі”, - деп естиді екен. Хан Үргеніш шешені мен Сырымды айтыстырыпты:
Үргеніш шешені:
- Сөз анасы не?
Су анасы не?
Жол анасы не? – деп сұрайды.
Сырым батыр:
- Сөз анасы – құлақ,
Су анасы – бұлақ,
Жол анасы – тұяқ! – деп жауап береді.
Үргеніш шешені:
- Дау мұраты не?
Сауда мұраты не?
Қыз мұраты не?
Жол мұраты не? – дейді.
Сырым батыр:
- Дау мұраты – біту,
Сауда мұраты – ұту.
Қыз мұраты – кету,
Жол мұраты жету, - дейді.
Үргеніш шешені:
- Намазда жан- жағыңызға қарай береді екенсіз, оныңыз не? – деп сұрайды.
- Жан-жағыңызға сіз қарамасаңыз, менің қарағанымды қалай көрдіңіз? – дейді.
Үргеніш шешені:
- Сізді екі аяқты, бір адам баласы жеңді ме? – дейді.
Сырым батыр.
- Сырымның айтқанын тыңдамай, өз сөзін соға берген адам Сырымды күнде жеңеді, - дейді.
Бала би Досбол он екі жасында жоғарғы Өр Найманға жүз жылқы дауына бас болып барған екен. Жылқыны айдатып алдырушы Өр Найманда Ебей, Себей деген бір тума екі бай қолдарына жүздеп жігіт ұстап, шет елден мал алдырып тұратын болған.
Орта жүз Момын баласы жүз жылқы алдырып бас қосып сөйлесіп, жүрген – тұрғанды тексере келгенде Ебей, Себейдің жігіттерінің Момын ішіне келгендігі, жылқыны алып кетуші солар екендігі анықталады. Бірақ малдың артынан баруға ешкім шықпайды, Ебей, Себейдің байлығы, қолындағы жігіттерінің көптігі оның үстіне сөзге келсе, Көк шолақ деген биі теңдік бермей жіберетіндігі елге мәлім болады. Іс теріс айналғанда іздеп барушылардың ат-тондарын сыпыртып алып, жаяу қайтаратыны да бар.
Момынның сол күнгі жиын тобының бір шетінде Досбол балалармен ойнап жүр екен. Бұл сөзді естіп Досбол былай дейді:
Ай, көпшілік! Ебей, Себей бүгін малыңды алып қорқып бармадың, ертең қойныңдағы әйеліңді алады, одан дәндеп әлдилеген балаңды алады, сонда тағы бармайсыңдар ма? Бәрің бармасаң мына мен барамын, кәне, мал иелері ересіңдер ме? – дейді. Өздері бастаушы таба алмай отырған мал иелері “барамыз” деседі. Айналасы оннан аса адам жүріп кетеді.
Ебей, Себей бұлардың мал қуып жүрген Момынның адамдары екенін біліп, далаға лашық тігіп, сонда қонағасы беріп, “сөзің болса ертең сөйлерсің” деп кіргізбейді. Досбол балалық ғұрпымен киімдерін тастап, қотанда ақсүйек ойнаған балаларға қосылып ойнап жүріп Ебей, Себейдің біреуінің үйінде болып жатқан даулы әңгіме құлағына тиеді. Бала ойынды тастап жүгіріп келіп, босағадан сығаласа Найман Көкшолақ биді алдырып, семіз бағыланның етін жеп кеңесіп отыр екен. Көкшолақ:
Мына Момындардың арқа сүер басшы адамы кім екен? – дейді.
Он екі жасар бір бала, - дейді Ебей, Себей.
Жылаған баланың жұбанары бір собалақ нан ғой, сондай бір нәрсемен алдармыз,- деп Көкшолақ қарқылдап күледі. Сонда Досбол шыдай алмайды. Әуелі өзіне ишарат қылып:
Құлан тұяқ қу жебе,
Іздесең қайдан табылар.
Енді Қазаңды нұсқап:
Тымағының құлағы дардай-дардай,
Ертең маған айтар дауың әлде қандай?-
деп жүгіріп кетеді.
Көкшолақ: - Мынауың кім? Деп көңіліне күдік алып қалады.
Ертеңіне Найман жағы: “Кәне, Момын баласы, орталарыңнан бір адам шығарып, мына біздің бимен сөйлестір”, - дейді. Қарақұстың жанында отырған тұрымтайдай Досбол қыр басына барып Көкшолақтың қасына отырады. Көкшолақ би сөз бастап: “Малдарың мұнда келген жоқ, Ебей, Себей дәулетті адамдар – ұрлық қылмайды, қате келгенсіздер”, - дейді. Ақыры Досболға: “Талаптанып жаңа атқа мінген жас бала екенсің, қу қанжыға болып кетерсің, малың бізге келген жоқ, сөзіме нанғын, бірақта сенің жолыңа мына бір тайша бұқа байлатып қойдым, соны өзің ырым қыларсың”,- деп мазақтайды.
Сонда Досбол назаланып былай деген екен:
Ебей байың өзіңе,
Себей бай ың өзіңе,
Желге қияр жұмыспен,
Келіп едім кезіңе.
Сірә құлақ салмайсың,
Менің айтқан сөзіме.
Таңда мақшар болғанда
Таласармын бөзіңе.
Маған деген бұқанң
Екі мүйізіңе екі көзіңе.
Қысырыңды бермесең,
Буазыңды берерсің.
Арығыңды бермесең,
Семізіңді берерсің.
Өз еркіңмен бермесең,
Өнерімді көрерсің.
Досбол ашуланып, кетуге бет алғанда, Көкшолақ би халқына “Мына бала бізді құтқармас, малының келгенін түр-түрімен мойнына қосақ, құйрығына тіркеу қосып қайтарыңдар !” – деп Момынның малын бергізген дейді.
Бөлтірік Әлменұлы
Бөлтірік Әлменұлы (1771-1854) – заманының от ауыз орақ тілді қара қылды қақ жарып сөйлейтін шешені, батыр. Жамбыл обылсының Шу ауданында туған. Жастайынан ақындық, батырлық жолын қуып, есейген шағында ел арасындағы жер, су, еңбек, құн және жесір дауларына талай рет әділ төрелік айтқан. Бөлтіріктің шешендік сөздері оның заманы сол заман адамының ең бір маңызды да мәнді, ең көкейтесті мәселелеріне арналған. Ел арасында «Бөлтірік айтыпты» деген шешендік сөздер көп. Бөлтіріктің «Аппақ сақал қараңғы түнде айдай көрінеді», «Ұры-қары деген атақ қалыпты», «Төре баласы мен түйе ботасы», «Хан баласына бата», «Қырғыз-қазақтың байлық айтысқаны», «Құдайдың өзі оңғарар», «Даудың түбін қыз бекітеді» секілді сөздері аз сөзбен көп мағына берудің үлгісі болып табылады. Соның бірінде Бөлтірік шешен: «Арғымақ атта жал болмас, Жабы келіп жалыменен теңесер, Ақиық ерде мал болмас, Жаман келіп малыменен теңесер», - деп түйіндейді. Оның сөздері қырғыз, өзбек халықтары арасында да кездеседі. Даңқы тек қана қазақ даласына емес сыртқы елдерге де мәлім болған. Бөлтіріктің шешендік өнеріне А.Байтұрсынов, М.Көпеев, С.Сейфуллин, З.Қабдолов, т.б. ғалымдар өз еңбектерінде тоқталған. Халық ақындары К.Әзірбаевтың «Аңыздар сыры», Б.Бигелдиевтің «Балқаш» атты жинақтарында Бөлтіріктің батырлығы бейнеленген дастандар бар.
Білектің күшінде кеткеніңді
Биліктің күшімен қайтардым.
Найзаның ұшында кеткеніңді
Тілдің ұшымен қайтардым.
Қазақ халқының рухани-мәдени тарихындағы атышулы «құс көмей» шешен, «жолбарыс терісін жамылған» айтулы батыр, атақты билердің бірегейі — Бөлтірік Әлменұлы (1771—1853).
Қазақ фольклорының білгірі Мәшһүр Жүсіп Көпеев: «Құдай рахмет қылсын Бөлтірік биге! Kici болса, сондай болсын!— деп, заңғар тұлғаға керемет ықыласын аямапты.
«Бөлтірік — Ысты елінен шыққан ақын, шешен әрі батыр. Өз қатарында ешкімнен жеңілмеген. «Жеті жарғы» атанған кісі, жеті тосқауылдан сүрінбей өткен тұлпарды осылай бағалаған»— деп, сыр толғайды әнші ақын, композитор Кенен Әзірбаев.
Терең ойлы, тапқыр тілді, дауысы күндей күркіреген Бөлтірік шешенмен талай тарландар иық теңестіре алмаған, адуынды да алғыр шешеннің қасында олар жіп ece алмаған, жалындаған жүйрік оза шауып отырған.
Бөлтірік Әлменұлы — қазақтың көрнекті шешені, биі, батыры. Ел арасындағы тапқыр, ұтқыр сөздерді, тақпақ, терме, аңыз әңгімелерді жаттап, оны жастар арасында айтып, қызық думан құрған. Бөлтірік сонымен бірге мерген, саяткер, ат үстінен алдырмайтын шабандоз, батыр болған. Есейген шағында ел арасындағы жер, су, жесір дауына, жайлау, қыстау, еңбек жөніндегі талас-тартыстарға араласып, әділ де шешен төрелік айтқан. Сондықтан да халқы оны қалап, би сайлап алған. Зорлықшыл, қиянатшыл, барымташы, басбұзар, жалақор, алаяқтар Бөлтірік бидің қара қылды қақ жарған әділ билігінен беті қайтып, әшкереленіп отырған. Ондайлар Бөлтірік отырған жерден сескеніп аулақ жүрген. Бөлтірік шешен тек кана қазақтар арасында ғана емес, қырғыз, өзбектерге де белгілі, беделді шешен болған. Не бір төрелер, бектер, бай, манаптар оның өткір сөзінен, бетің бар, жүзің бар демей тіке айтатын жөн-жосықты билік-шешімінен аяғын тартқан. Бөлтірік шешен 1854 жылы дүниеден қайтқан. Оның үрім-бұтақтары Жамбыл, Шымкент, Алматы облыстарының қалалары мен далаларыңда еңбек етеді.
Бөлтіріктің бүлдіршін кезін көрген Балпық би «көзінің оты, сөзінің қуаты бар» деп, « Бабасы Төле бидің аруағы қонайын деп жүр екен» деп, біртуар дарынның жарқын болашағын болжапты, қанаттандырып қолдапты. Нағашысы тобықты Қараменде бидің сипаттауынша, «аузынан гүл төгіліп, көзінен от төгіліп тұрған жас бұлбұл Бөлтірік небір дау-шарларда, салтанатты мәслихаттарда түйдек-түйдек толғамдарды, кесек-кесек билік, нақыл, қанатты сөздерді, ақықтай жарқыраған асыл ойларды тереңнен козғап, теңіздей толқытқан.
Әділдіктің, дұрыстықтың, туралықтың жолында алмас қылыштай тілін аямай жұмсаған. Ойын бүкпесіз айқын жеткізген, сүйектен өткізген. Бірде Тезек төремен сөз жарыстырған. Ол былайша екен:
— Бөлтірік, Ысты қанша ел болады?— депті Тезек төре.
— Ысты аз болса, Дулаттан ғана аз болар. Алайда алпыс үйлі төреден аз емес қой,— депті суырылған Бөлтірік.
— Бөлтірік, менің шаңырағымның дәмі қандай екен?— депті сұрапты төре. Шынында да сары алтындай балқыған қазы-қарта, жал-жая көзді де, көңілді де сүйсіндіреді екен. Солай болса да «ақылы бай, нақылы сай», «құланнан ұшқыр, қудан жүйрік» Бөлтірік шешен:
— Төрем, Сіздің үйдің дәмінен елдің көз жасының соры татып тұр ғой!— деп, тілімен түйрепті. Бөлтіріктің біздей, удай тілінен біраз дағдарып қалған Тезек төре:
— Атымды сынап көріңізші,— дейді.
— Бұл сенің ұстаған жылқыларыңның тұқымынан емес. Құлан мойын, күлте құйрық қара көк осындай жылқылар Ыстыдағы Таздар елінікі деп, төбеден жай түсіргендей айтып салады Бөлтірік шешен. Ондағысы төренің сонау бір жылдарда сол елден бір үйір жылқы қосып алғанын кінәлау яки мойындату еді.
— Босағада жатқан тазымды сипатташы!— дейді әлгіні мойнына алмаған, төзімі бордай тозған Тезек төре.
— Тазың құмайға ұқсас жүйрік екен. Тал бойында тарыдай бір мін жоқ. Ит иесіне тартады ғой. Бірақ та көзі бір орнында тұрмайды екен. Ойнақтап, жүйткіп тұр. Әр үйден ет ұрлап жеуді дағды қылған ба деймін,— депті шыншыл шешен.
Сөзбен шарпысудан шаршаған Тезек төре:
— Япырмай, басымның мәңгіріп тұрғаны-ай!— дегенде, Бөлтірік:
— Құдай сақтай гөр, төре баласы мен түйе ботасының басы қисайса, мал болмаушы еді,— деп түйіндепті.
Сонда сөзге де, ойға да ұста қас жүйрікке таңданған Тезек төре:
— Қазақтан сендей ғажайып семсер тілді дүлдүл туа берер ме екен!— деп, қанды қақпандай сарт етіп қауып түсетін алғырлығына разы болыпты.
Сөз жоқ, Бөлтіріктің тұңғиық терең сөздері ой-мағынаға малынған. Сол сәттегі жан дүниесінің тербелістері, құйқылжыған үні, шешендік болмысы, мәнерлі қимыл-қозғалысы, жалынды лебізі қосылғанда қандай әсерлі күшке ие!
Достарыңызбен бөлісу: |