Шығыршық нерві (IV)
Шығыршық нерві, n.trochlearis - IV жұп нерві. Нерв, ортаңғы мидың – орталық сұр затында орналасқан қозғалтқыш ядро жасушаларының аксондарынан түзілген. Сонымен бірге ол дорсальді бағыт алып, ортаңғы ми затынан жоғарғы ми желкені жүгеншігінің сыртына шығып, ми аяқшасын латеральді жағынан айналып өтіп, ми негізінде пайда болады, әрі қарай шығыршық нерві үңгірлі қуыстың бүйір қабырғасы ішімен өтеді. Көз қозғалтқыш нервінен жоғары және латеральді орналасып көз ұяның жоғарғы саңылауы арқылы көзұяға кіреді. Шығыршық нерв көз алмасының жоғарғы қиғаш бұлшықетін нервтендіреді.
Үшкіл нерв (V)
Үшкіл нерв, n.trigeminus, V – жұп нерві. Талшықтарының құрамы бойынша аралас нерв – қозғалтқыш және сезімтал. Қозғалтқыш талшықтары үшкіл нервтің ми көпірінде орналасқан қозғалтқыш ядросының аксондарынан құралған, ал сезімтал талшықтар
үшкілдік түйіннің псевдоуниполярлы жасушаларының орталық өсінділерінен түзілген. Үшкілдік түйін жасушаларының өсінділері үшкіл нервтің үш сезімтал ядроларында бітеді. Көпірлік ядро, үшкіл нервтің ортаңғы милық жолының ядросы, үшкіл нервтің жұлындық жолының ядросы. Үшкіл нерв ми көпірінен мишықтың ортаңғы аяқшасының шекарасынан екі түбіршекпен шығады: қозғалтқыш және сезімтал, сезімтал түбіршік, radix sensoria, үшкілдік түйіннің барлық орталық өсінділерінің жиынтығы, ал қозғалтқыш түбіршік, radix motoria едәуір жіңішкелеу, сондықтан оны үшкіл нервтің шағым бөлігі деп атайды. Үшкілдік түйіннің псевдоуниполярлы жасушаларының өсінділері үш тармақ түзеді: 1 – тармақ – көз нерві; 2 – тармақ – жоғарғы жақсүйек нерві; 3 – тармақ – төменгі жақсүйек нерві.үшкіл нервтің тармақтарының ерекшелігі олардың өне бойында вегетативтік краниалдық түйіндердің болуы. Осы түйіндердің жасушаларында басқа бассүйек нервтерінің (VІІ және ІХ- жұптар) парамсимапатикалық түйін алды дейін (преганглионарлық) талшықтар бітеді, ал вегетативтік түйіндерден басталатын түйіннен кейінгі (постганглионарлық) талшықтары үшкіл нервтің тармақтарына қосылып, солардың құрамында нервтендіретін ағзаларына (бездер) жетеді. Үшкіл нервтің әр тармағының басталатын жерінен мидың қатты қабығына менингеалдық тармақ шығады.
Көз нерві
Көз нерві, n.ophthalmicus – үшкіл нервтің І – тармағы. Ол көз жас қапшығын, торлы лабиринттің, маңдай және сына тәрізді қойнаулардың шырышты қабықтарын, жоғарғы қабықтың терісімен конъюнктивасын, кеңсірік үстін, мұрын арқасын, маңдайды нервтендіреді. Демек ол көз саңылауының жоғарғы аймақтарын нервтендіреді. Көз нерві Гассер түйінінен (үшкіл түйіннен) басталып ІІІ және ІV- жұп бассүйек нервтерімен бірге көзұяның жоғарғы саңылауы арқылы көз ұяға өтіп бірден үш тармаққа бөлінеді: мұрын – кірпіктік, көз жас және маңдай нервтері.
Мұрын – кірпіктік нерв, n.nasociliaris, көз алмасының медиальді тік және жоғарғы қиғаш бұлшықеттерінің арасында ең медиальді орналасқан нерв.
Ол келесі тармақтар береді:
Артқы және алдыңғы торлы нервтер, nn. ethmoidales posterior et anterior - торлы лабиринттер ұяшықтарының шырышты қабығына
Мұрындық тармақтар, rami nasales, мұрын қуысының шырышты қабығының алдыңғы бөліміне
Екі ұзын кірпіктік нервтер, nn.ciliares longi – склера және көз алмасының тамырлы қабығына
Шығыршық астылық нерв, n. infratrochlearis – көздің медиалді бұрышымен мұрын түбінің терісіне, көздің жоғарғы қиғаш бұлшықетінің үстімен өтеді.
Дәнекер тармақ, rami communicans – кірпікті түйінге сезімтал талшықтар әкеліп, транзитпен түйін арқылы өтіп 15-20 қысқа кірпіктік нервтерге,, nn.ciliares breves ұласады. Қысқа кірпіктік нервтер нұрлы қабықпен кірпікті бұлшықетінің сезімтал және вегетативтік нервтенуін қамтамасыз етеді
Маңдай нерві, n.frontalis, көз нервтерінің ішіндегі ең ірі тармағы, көз ұясының жоғарғы қабырғасының астымен жүреді. Ол екіге бөлінеді:
Көзұя үстілік нерв, n.supraorbitalis, көз ұя үстілік тілік арқылы шығып медиалді және латералді тармақтарға бөлінеді, маңдай терісін нервтендіреді.
Шығыршық үстілік нерв, n. supratrochlearis , жоғарғы қиғаш бұлшық ет шығыршығының үстімен өтеді, мұрын түбірінің, маңдайдың, жоғарғы және төменгі қабақтың медиалді бұрышының терісін нервтендіреді.
Көзжас нерві n.lacrimalis, көз ұяда ең латералді орналасқан нерв, ол көзжас безінің жалпы сезімтал нервтенуін қамтамасыз етеді. Көзжас нерві, құрамында көзжас безіне баратын қанаттаңдай түйінінің парасимпатикалық, постганглионарлық тармақтары бар бетсүйек нервінің дәнекер тармағын қосып алады.
Жоғарғы жақсүйектік нерв
Жоғарғы жақсүйектік нерв, nn.maxillaris, үшкіл нервтің 2 тармағы, ол жоғарғы қызыл иек пен жоғарғы тістерді, мұрынның, төменгі қабақтың, жоғарғы еріннің , ұрттың және самайдың терісін, таңдайдың, жоғарғы еріннің, мұрын қуысының, ұрттың, жоғарғы жақсүйек қойнауының шырышты қабықтарын нервтендіреді. Бассүйек ішінен дөңгелек тесік арқылы қанаттаңдай шұңқырына еніп тармақтарға бөлінеді: көзұя астылық нерв, бетсүйек нерві және қанат-таңдай түйіне-түйіндік тармақтар.
І) көзұя астылық нерв, infraorbitalis, көзұяның төменгі саңылауы арқылы көзұяға кіріп көзұя асты жүлгемен көзұя асты өзекке енеді. Осы тұста көзұя астылық нервтен, жоғарғы тістік өрім, plexus dentalis superior , түзетін нервтер шығады: жоғарғы
алдыңғы, ортаңғы және артқы ұяшықтық тармақтар, rami alveolares anteriores, medius et posteriorеs.
Осы өрімнен жоғарғы қызылиек пен жоғарғы тістерді нервтендіретін, жоғарғы қызылиектік және жоғарғы тістік нервтер басталады. Нерв көзұядан жоғарғы жақ сүйектің алдыңғы бетіне көзұя астылық тесік арқылы шығып күрек тістік шұңқыр аймағында желпініш тәрізді бірнеше тармақтарға бөлініп «кіші қаз табанын», pes anserinus minor, түзеді. Оның тармақтары (кіші қаз табанының):
Төменгі қабақ тармақтары – төменгі қабақтың терісімен конъюнктивасына;
Сыртқы мұрындық тармақтар – танаудың терісіне;
Ішкі мұрындық тармақтар – мұрын қуысының алдыңғы бөлігінің шырышты қабығына;
Жоғарғы еріндік тармақтар – жоғарғы еріннің терісімен шырышты қабығына.
ІІ. Бетсүйек нерві, n.zygomaticus, жоғарғы жақ сүйек нервінен қанаттаңдай шұңқырында басталып көзұяның төменгі саңылауы арқылы көзұяға кіреді. Осы жерде көзжас нервіне дәнекер тармақ береді. Бұл тармақтың ішінде қанаттаңдай нейроциттерінен көзжас безіне баратын парасимпатикалық постганглионарлық талшықтар бар. Одан әрі бетсүйек нерві бетсүйек-көзұялық тесік арқылы бетсүйекке кіріп екіге бөлінеді:
Бетсүйек-самайлық тармақ, аттас тесік арқылы шығып самай аймағымен көздің латеральді бұрышының терісін нервтендіреді.
Бетсүйек-беттік тармақта, аттас тесік арқылы шығып бет пен ұрт аймағының терісін нервтендіреді.
ІІІ. Түйіндік тармақтар, rami ganglionares, 2-3 түйіндік тармақтар жоғарғы жақ сүйек нервінен басталып қанаттаңдай түйініне бағыт алады. Тармақтардағы сезімтал талшықтар түйін арқылы транзитпен өтіп қанаттаңдай түйінінен шығатын тармақтар құрамына жалғасады. Бұл тармақтар келесі:
Мұрындық артқы жоғарғы медиальді және латералді тармақтар, nn.nasales posteriors mediales et laterales; сына-таңдай тесігі арқылы мұрын қуысының шырышты қабығына енеді;
Мұрын-таңдай нерві, n.nasоpalatina; басында сына таңдайлық тесік арқылы мұрын қалқасының шырышты қабығына өтеді, әрі қарай күректістік өзек арқылы қатты және жұмсақ таңдайлардың шырышты қабығына енеді;
Үлкен және кіші таңдай нервтері, n.palatinus major et nn.palatini minores, аттас өзектер арқылы қатты және жұмсақ таңдайлардың шырышты қабығына барады;
Мұрындық артқы төменгі тармақтар, rami nasales posteriores inferiores, үлкен таңдайлық өзек арқылы мұрын қуысы түбінің шырышты қабығын нервтендіреді. Қанаттаңдай түйінінің барлық тармақтарының құрамында жоғарғы жақсүйек нервінен сезімтал талшықтар, қанаттаңдай түйнінің нейрондарынан парасимпатикалық постганглионарлық (секреттік) талшықтар және жоғарғы мойын түйінінің нейрондарынан симпатикалық постганглионарлық талшықтар бар.
Төменгі жақсүйектік нерв
Төменгі жақсүйектік нерв, n.mandibuleris – үшкіл нервтің үшінші тармағы, аралас, төменгі тістер мен қызылиекті, тілдің, ұрттың, төменгі еріннің шырышты қабығын, иектің, төменгі еріннің терісін, төменгі жақсүйек асты, тіл асты сілекей бездерін, шықшыт буынын, шайнау және мойынның кейбір бұлшықеттерін, таңдаймен ортаңғы құлақты нервтендіреді. Бассүйек ішінен сопақ тесік арқылы шығып бірден тармақтарға бөлінеді:
І. Қозғалтқыш тармақтар:
шайнау нерві,n.massetericus – аттас бұлшықетке;
терең самай нерві, nn.temporalis profundi – самай бұлшықетіне,
латеральді және медиальді қанаттәрізді нервтер, nn.pterygoidei lateralis et medialis– аттас бұлшықеттерге;
таңдай пердесін керетін бұлшықет, n.musculi tensoris veli palatini–аттас бұлшықетке;
дабыл жарғағын керетін бұлшықет нерві, n.musculi tensoris tympani–аттас бұлшықетке;
ІІ. Сезімтал тармақтары:
Ұрт нерві, n.buccalis, сезімтал нерв, басында қанаттәрізді бұлшықеттер арасымен өтеді, сосын ұрт бұлшықетінің сыртына орналасып оны тесіп шығып ұрттың шырышты қабығына және езуге тармақталады;
Төменгі ұяшықтық нерв,n.alveolaris inferior, аралас, төменгі ұяшықтық нерв тармақтарының ішіндегі ең ірісі. Төменгі жақсүйектің өзегіне кірер бұрын онан жақсүйек-тіласты нерві, n.mylohyoideus, шығып аттас бұлшықетті және қос қарыншалы бұлшықеттің алдыңғы қарыншасын нервтендіреді, ал төменгі жақсүйек өзегі ішінде төменгі ұяшықтық нервтен толып жатқан тармақтар
шығады, олар бір бірімен қосылып төменгі тістік өрім (plexus dentalis inferior) түзеді.
Өрімнің тармақтары:
Төменгі тістік тармақтар, rami dentalis inferior – төменгі тістерге;
Төменгі қызыл иекті тармақтар, rami gingivalis inferior – төменгі қызыл иекке. Төменгі ұяшықтық нерв төменгі жақсүйектің өзегінен иек тесігі арқылы шығып иек нерві, n.mentalis, деп аталады. Иек нерві желпініш тәрізді көптеген иектік және төменгі еріндік тармақтарға, rami mentales et rami labiales inferiors, бөлініп иекпен төменгі еріннің
терісін нервтендіреді.
Тіл нерві, n.lingualis, төменгі жақсүйек нервінің көлемі бойынша екінші тармағы. Қызметі бойынша сезімтал нерв. Бассүйектің сыртқы негізінде тіл нервіне, құрамында сезімтал дәм сезу талшықтары мен жоғарғы сілекей бөлетін ядродан шығатын парасимпатикалық преганглионарлық талшықтары бар дабыл ішегі, chorda tympani (VІІ- жұптан) қосылады.
Тіл нерві дабыл ішегі қосылғаннан кейін қанаттәрізді бұлшықеттер арасымен, сосын төменгі жақсүйек тармағының ішкі бетімен өтеді де доға тәрізді иіліп төменгі беті жағынан тілге енеді. Тілде ол көптеген тармақтарға rami lingualis, бөлініп тілдің алдыңғы 2/3 бөлігін жалпы және дәм сезімдерімен қаматамасыз етеді. Ауыз қуысы түбі аймағында тіл нерві келесі тармақтар береді:
Тіласты тармақтар, rami sublingualеs – төменгі жақсүйекасты тіласты сілекей бездеріне, ауыз қуысы түбінің және төменгі қызыл иектің шырышты қабығына;
Тамақ (аран) қылтасының тармақтары – таңдай-тіл доғасына және таңдай бадамшасына.
Айта кету керек, тіласты тармағаның құрамындағы дабыл ішегінің парасимпатикалық преганглионарлық талшықтары ағзаға жетер жолында төменгі жақсүйекасты және тұрақсыз тіласты вегетативтік түйіндерде үзіледі. Бұл түйіндер өздері нервтендіретін сілекей бездерінің жанында орналасқан.
Құлақ самай нерві, n.auriculotemporalis, төменгі жақсүйек нервінен екі тармақпен басталады, олар ортаңғы менингиалды артерияны қоршап, сонан соң бір бірімен қосылып бір сабау түзеді. Құлақ-самай нерві төменгі жақсүйектің айдаршықтық өсіндісінің мойнының артынан орап шықшыт безін тесіп өтеді, беткей самай артериясымен қатар жүріп, сыртқы есту өтісі шеміршегінің алдында орналасады.
Құлақ самай нервінің тармақтары:
Сыртқы есту өтісінің нерві, n.meatus acustici externi, сыртқы есту жолының терісіне, шеміршегіне және шықшыт буынына;
Алдыңғы құлақ тармақтары, rami auriculares anteriores – құлақ қалқанының шеміршегіне, терісіне;
Дабыл жарғағының тармақтары, rami membranae tympani – дабыл жарғағына;
Беткей самай тармақтар, rami temporalis superficiales – самай аймағының терісіне
Құлақ түйініне дәнекер тармақтар, rami communicantes cum ganglion oticum – транзитпен құлақ түйіні арқылы өтіп шықшыт тармақтары, rami parotidei, түрінде шықшыт безіне барады.
Шықшыт тармақтарының құрамында сезімтал талшықтардан басқа парасимпатикалық постганглионарлық (секреттік) талшықтар бар. Парасимпатикалық постганглионарлық талшықтар құлақ түйініне, тіл жұтқыншақ нервінің (ІХ-жұп) төменгі сілекей бөлетін ядросының нейрондарынан шығып кіші тастық нерв құрамында жетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |