Бақылау толық жүйе ретінде әртүрлі компоненттерден тұрады. Бұл компоненттердің құрамына бақылаудың түрлері, әдістері және формалары жатады.
Бақылаудың түрлері оның білім процесіндегі функцияларына байланысты ажыратылады.
Педагогика ғылымы саласында білім, білік, дағдыны бақылаудың көптеген түрлері кең тараған. Мысалы, ғалым-педагогтар Ю. К. Бабанский, Н. А. Сорокин бақылауды күнделікті, оқтын-оқтын, қорытынды деген пікірлер айтады. Ал Г. И. Щукина – алдын-ала, ағымдық, тақырыптық, оқтын-оқтын, қорытынды және емтихан деген көзқарастарын білдіреді. Е. А. Дмитриев - күнделікті, тақырыптық және қорытынды, нәтижесі деген тұжырымға келген.
Профессорлар Ж. Б. Қоянбаев, Р. М. Қоянбаевтың ''Педагогика'' оқулығында ол тақырыптық, тараулар бойынша, оқтын-оқтын және қорытынды бақылау деп бөлінген.
Заманауи педагогикада бақылаудың келесі түрлері кездеседі:
алдын-ала бақылау;
ағымдық бақылау;
тақырыптық бақылау;
аралық бақылау;
қорытынды бақылау.
Алдын-ала бақылауды мұғалім оқушының бастапқы танымдық әрекетінің деңгейі туралы мәлімет алу үшін жүргізеді. Мұндай бақылаудың нәтижесі оқушыларды жаңа оқу үдерісіне бейімдеуге қолданылуы мүмкін.
Алдын -ала бақылау, әдетте оқу жылының басында, жарты жылдықта, тоқсанның басында және жаңа сабақтың алдында жүргізіледі. Алдын-ала бақылаудың негізгі мақсаты: оқытушының оқушылардың жаңа сабаққа дайындығын және жаңа ақпаратты қабылдауға дайындықтарын тексеру болып табылады. Алдын-ала бақылау жүргізу негізінде пәннің қазіргі оқытылу деңгейін, оқушылардың білімі мен оның көлемінің деңгейін анықтайды. Алынған нәтиже бойынша мұғалім тақырыпты қалай өту керектігін жоспарлайды.
Ағымдық бақылау оқыту процесінде күнделікті қолданылады және сабақ барысында оқушылардың оқу-танымдық әрекетіне басшылық жасайды. Ол ішкі және сыртқы байланысты жан-жақты жүзеге асырауға мүмкіндік туғызады, соның негізінде оқушылардың келесі оқу әрекетіне ықпал етеді.
Ағымдық бақылау мұғалімнің жалпы немесе жекелеген оқушылар жұмысына жүйелі түрде бақылау жасау көмегімен жүргізіледі. Бақылаудың бұл түрі оқушылардың сынып немесе үй тапсырмаларын өз бетінше орындауға деген ниеттері мен берілген тапсырманы орындауға деген олардың қызығушылығы және жауапкершілдік сезімін ынталандыруда үлкен маңызға ие болады.
Тақырыптық бақылау-оқу бағдарламаларындағы белгілі тақырыптар бойынша өткізіледі. Сабақтың тақырыбы және әрбір кезеңдері негізінде оқушылардың білімді, іскерлікті, дағдыны игеруі тексеріледі. Сонымен бірге, мұғалім жаңа тақырыптың кейбір басты мәселелерін өткен сабақтардағы оқу материалдарымен толықтырады, кейбір ұғымдарды, анықтамаларды, ғылыми ережелерді оқушы-лардың есіне салады.
Тақырыптық бақылау – бұл белгілі бір үлкен тақырыпты аяқтағаннан кейін жүргізілетін бақылаудың түрі болып табылады.
Тақырыптық бақылаудың функциялары төмендегідей:
барлық тақырыптың материалдарын жүйелеу және қорытындылау;
тақырыпты қайталау және алған білімін ұмытудың алдын алу үшін жүргізілетін тексеру, оны болашақта оқу пәндерінде оқытылатын бөлімдерді қабылдау үшін негіз ретінде орнықтыру.
Бұл жағдайда тексеру сұрақтары мен білімнің ерекшелігі бүкіл тақырыптан алынған білімін көрсетуіне, алдында өткен тақырыптардан алған білімімен байланыс орнатуына, пәнаралық байланыс, білімін басқа материалға алмастыру қабілеттілігіне негізделген.
Бұл бақылау түрінің ерекшелігі:
бақылаудың бұл түрінде оқушыға сабаққа дайындалуға қосымша уақыт беріледі және тапсыра алмай қалған жағдайда қайта тапсыруына, материалды толығымен қабылдауына, алдын алған бағасын түзетуіне мүмкіндік береді;
қорытынды баға қою барысында мұғалім орташа балға қарамайды, ол тек тақырып бойынша тапсырылған қорытынды бағаны ғана есептейді, ол баға оқушының алдын алған нашар бағасын жояды және бақылауды объективті етеді;
өз білімінің жоғары бағасын алуға мүмкіндік береді.
Өз білімін нақтылау және тереңдету оқушының дәлелді іс-әрекетінің негізі болып табылады, оның оқуға деген қызығушылығы мен ынтасын көрсетеді.
Жоғарғы сыныптарда тақырыптық бақылауды жүргізу үшін коллоквиумды пайдалануы мүмкін (латын тілінен аударғанда colloquium – әңгіме, сұқбатдеген мағынаны білдіреді). Оның әдісі мынадай: оқушыларға алдын ала тақырыптар және шамалы сұрақтар беріліп, кітаптар тізімі көрсетіледі. Қызығушылық білдіргендерге консультация ұйымдастырылады. Коллоквиум көбінесе практикалық сабақ алдында жүргізіледі, мысалы физика пәнінен, химия, биология, еңбек пәндерінен. Одан, ереже бойынша ешкім босатылмайды, бақылауға барлық оқушы толық қатысады. Егер кімде- кім тапсырманы орындай алмаса – мұндай оқушыны мұғалім практикалық сабаққа кіргізбеуіне толық құқысы бар: мұғалім оқушыға біліміндегі кемшіліктерді қалай түзету керектігі туралы қайта кеңес беріп, содан соң мұғалім оқушының берген кеңесінен нәтиже шығарғандығына көз жеткізу үшін білімін қайта тексереді.
Бастауыш сыныптарда тақырыптық бақылауды жүргізу үшін қорытынды бақылау жұмыстары, тестілеу жүргізілуі мүмкін. Бұдан басқа тақырыптық бақылауды жарыс түрінде, викторина түрінде де өткізеді.
Аралық бақылау – оқу материалының келесі бөлігіне көшу алдыңғы бөлікті игерумен тығыз байланысты болған жағдайда әрбір оқушының жетістігін анықтауға арналады.
Қорытынды бақылау - барлық пәндер бойынша жыл аяғында өткізіледі. Бақылау процесінде тақырыптық және тарау бойынша бақылау нәтижелері есепке алынады. Оқушылардың жыл бойында алған теориялық және тәжірибелік білімдері анықталады. Сондықтан қорытынды бақылаудың негізі емтихан және оқушылардың жылдық үлгерім бағалары болады. Емтихан мен жылдық үлгерім бағаларынан педагогикалық кеңестің шешімі бойынша қорытынды бағалар шығарылады. Бақылау әдістері арқылы оқушылар жұмысының тиімділігі мен мазмұны туралы кері байланыс қамтамасыз етіледі. Бақылау әдістеріне ауызша, жазбаша және графикалық бақылау әдістері жатады. Бұл әдістерге қарағанда бағдарламалап бақылау әдістерінің өзіндік ерекшелігі бар. Олар машинасыз және машиналы бағдарламалап бақылау әдістеріне бөлінеді.
Машинасыз бағдарламалап бақылау әдістері бойынша перфокарталар және бақылау карталарын қолданып, оқушылардың теориялық және практикалық білімдерін анықтайды. Мұғалім оқыту және білім беру мазмұны бөлімі бойынша 20-25 сұрақтар дайындап, әрбір сұраққа 4 вариантты жауаптың мазмұнын жазады. Олардың ішінен бір сұраққа ғана дұрыс жауап беріледі.
Қалған сұрақтар варианттары: дәл емес, толық емес немесе басқа тектес ұғымдарға сәйкес келеді'' (1, 269 бет).
Бақылаудың тағы бір бөлігі, кейбір жағдайда, тапсырмалар түрі деп ұғынылады (жазбаша бақылау жұмысы, тесталық жұмыс, зертханалық-тәжірибелік жұмыс, зачет, шығарма, диктант т.б.) немесе оқушылар әрекетінің түрі болып (баяндама, хабарлама, оқушы әңгімесі, мұғалім сұрағына жауап беру т.б.).
Білімді бақылау және бағалау ғылыми дәлелденген, тәжірибеде қолданылған принциптер негізінде жүргізіледі: әділдік, жан-жақтылық, жүйелік, жеке-даралық, дифференциалдық және тәрбиелік.
Әділдік, шындық (білім сапасының нақтылығы, баға өлшемі мен ережесі нормасына қатысты) - бұл субъек-тивтік факторларды болдырмауды көздейді.
Жүйелік, бірізділік - әрбір сабақ, тақырып бойынша оқушылар оқу әрекетінің басқа буындарымен байланыстыра қаралып, оқыту процесінің барлық кезең-дерінде бақылау жүргізуді көздейді: түйінді сұрақтар бойынша оқыту нәтижесін қорытындылау, тақырыптық бақылау, сабақтар бойынша балл қою т.с.с.)
Жеке-дара қатынас - әрбір оқушының ерекшелігін бағалау (оның қабілеті, бейімділігі, денсаулығы, оқу әрекеті т.б.) қарастырады.
Жан-жақтылықта - бақылау оқу бағдарламасының барлық бөлігін қамтиды, оқушылардың теориялық білімдерін, интеллектуалдық және практикалық білік пен дағдысын бақылауды қамтамасыз етеді.
Диффериенциалдық қатынас - әрбір пәннің ерекше-лігін, жекелеген бөлімдерін, сонымен бірге оқушылардың жеке-дара қасиетін ескеріп, соған сәйкес бақылаудың әртүрлі әдістері мен мұғалімнің педагогикалық әдеп сақтауын талап етеді.
Жоғарыда айтылған талаптарды орындау, ең алдымен бақылаудың сенімділігін және оқыту процесінде өздерінің алдында тұрған міндеттердің орындалуын қамтамасыз етеді. Бақылауда әр түрлі қателіктер мен сәтсіздіктердің болмауына кепілдік береді.