Поэтикалық ономастика дегеніміз – көркем мәтінді зерттеудегі ономастиканың, стилистиканың, поэтиканың, мәтін лингвистикасының, семиотиканың, лексикалық семантиканың т.б. әдіс-тәсілдерін қолданылатын бағыт. Поэтикалық ономастика көркем шығармалардағы жалқы есімдердің жанрлық, стильдік, тақырыптық және идеялық заңдылықтарына сәйкес қолданылады. Көркем мәтіндегі сатиралық-юморлық аттар өзінің негізгі номинациялық (атауыштық) қызметімен қатар, аталу уәжділігі мен ерекшеліктеріне, поэтикасы мен стилистикасына сай бірқатар қызмет атқарады. Поэтикалық ономастикада жалқы есімдерді зерттеудің барлық аспектілері мен бағыттары, қазіргі ономастикадағы олардың топтастыру ұстанымдары, жанрлық ерекшеліктері мен семантикалық құрылымы, көркем мәтіндегі кейіпкер аттары ономастикалық кеңістікте мәтіндегі онимдік бірліктермен эстетикалық байланыста қарастырылады.
Сатира мен юмордағы кейіпкер аттарының семантикасы, генезисі мен қолдану ерекшеліктері, өзіндік өзгешеліктері мен сан алуандылығы т.б. негізгі белгілерімен байланысты. Олардың лингвистикалық ерекшеліктерін көркем мәтіндегі берілісімен сабақтастырмай, этнолингвистикалық табиғаты толық зерттеліп, өз шешімін таппайды. Сатира мен юмор жанрында ұшырасатын кейіпкер табиғаты, әдетте өзінің образдылығы, мәнерлілігі және ылғи ауыс мағынада қолданылатындығымен ерекшеленеді.
Сатиралық-юморлық кейіпкер аттарын мағыналық жағынан талдау, номинативтік қызметінен басқа эмоциялық-экспрессивтік қызметін көрсету, бүкіл ұлтқа тән қадір-қасиет, мінез-болмыс, ойлау жүйесі, өнері, тарихы, саясаты, қазақи қалжыңы көрініс тапқан сатиралық-юморлық аттарды ономасиологиялық өрісте этнолингвистикалық аспектіде зерттеу – жұмыстың өзектілігі болып табылады.
Қазақ лингвистикасының көшбасшылары А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, І.Кеңесбаев, А.Ысқақов сынды біртуар ғалымдарымыз адам есімдеріне байланысты біраз мәселенің басын ашып беріп кетті. Қазақ ономастикасының негізін қалаушылар Ә.Әбдірахманов, Е.Қойшыбаев, Ғ.Қоңқашпаев, Т.Жанұзақов, В.Н.Попова, Қ.Рысбергеновалардың ғылыми зерттеулерінде қазақ ономастикасына арналған кешенді, центристік тілдік талдаулар жасалды.
Ауыз әдебиетінің барлық үлгілеріндегі күлдіргі, аты ерекше аталатын фольклорлық аттар, ХХ ғасырдың бас кезіндегі әдебиеттен (Б.Майлин, Ж.Аймауытов, І.Жансүгіров, Қ.Тайшықов т.б.), М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов туындыларынан, қазақ драмалық шығармаларынан, қазіргі қазақ сатирасы мен юморлық жанрында жазылған туындылардан, «Ара» журналы (1959-2007) мен мерзімді баспасөз беттеріндегі сын-сықақ мүйісінде жарияланған аты ерекше, күлкілі, тосын қойылған сатиралық және юморлық кейіпкер аттары..
Жұмыста әдеби кейіпкерлер маңызды этномәдени тілдік бірлік ретінде ғана емес, сатиралық шығармалардың поэтикалық жүйесінде ерекше рөл атқаратын эстетикалық категория ретінде қарастырылды. Халық ауыз әдебиеті мен қазіргі қазақ әдебиеті бойынша сатиралық-юморлық кейіпкер аттары (2600-ден астам) тұңғыш рет жинақталып, сараланып, жүйеленді. Кейіпкердің аталуындағы сыртқы, ішкі факторлардан тұтас бір ұлттық болмысты көрсету іске асты.
Сатиралық-юморлық кейіпкер аттарының этномәдени ерекшеліктерін, эстетикалық қызметін зерттеу, этнолингвистикалық және қолданымдық табиғатын терең түсінуге, ономастика мен этнолингвистиканың бірқатар мәселелерін ұғынуға ықпал етеді.